Қонақ үйімізге жүктерімізді кіргізгеннен кейін бірден қолсозым жердегі шалқып жатқан айдын көлге аттандық. Келе сала жүре шешінгендері суға бірден сүңгіп жатыр. Алакөлде алғаш рет өзімнің семіздігіме ұялдым. Суға шомылу үшін шешінуге тура келді. Туыс інімнің - Дәуреннің жолдастары шетінен сыптай тартылған сымбатты, олардың жанында өзімді қораш сезініп, қатты ыңғайсыздандым. Туыс ініме еріп осында келгеніме алғаш рет өкіндім. Дәуреннің жолдастары жасы үлкен әрі сәл жүрсем ырсылдап қалатын менен шеттейтіндей көрініп, адамның қоры сезіндім. Іштен тынып, көзім жәудіріп жүруші еді. Елдің бәрі суға шомылып мәре-сәре болып жатқанда тек мен ғана су ортасында барып, иығымды қусырып, қушиып, мөлиіп, жалғызсырап тұрушы едім. Бәрі мені аяса екен, жаны ашып маған, ерекше құрмет көрсетсе екен, деп тұратынмын. Күтіп, сарылып тұратынмын. Қимылсыз, қатып қалған жансыз мүсін секілді. Тек Дәурен алыстау жерден қол бұлғап, жанына шақыратын...
Артық салмақтан адамның әрқалай семіретінін көз көрді. Бірыңғай бітік май болып біткені де көрім екен ғой. Теп-тегіс. Ал кейбіреуінің желкесінің майы буылтық-буылтық болып, енді біреулердің денесі жуылған көрпе секілді іртік-іртік болып, адам қарауға жиренеді. Дереу қаптап жүрген сырт көзден қысылмай көл жағасында отыра қалып Құдайға дұға еттім:
- Иә, Рабби, уа, Раббым, сені артық салмақтан құтқаршы. Арық етші мені,- деп. Менің дұғам дұға емес еді шын мәнінде, менікі өзегімді жарып шыққан зар еді құдайға тіке атылған. Басымды төмен салбыратып, екі қолымды көкке жайып, қанша отырғанымды білмеймін, кенет, артымнан әлдені күбірлеген үн келді. Көз қиығыммен қарап едім, туыс інім де дұға етіп отыр екен. Бірақ, ол менің не тілеп отырғанымды білмейді. Мен қол жайған соң ол да қосылып, бірге дұға еткені ме? – Тозағыңнан сақта, деп күбірлегенін құлағым шалып қалды. Сосын бетін сипап, орнынан тұрып кетті.
Оны дұға етуге не итермеледі? Ол да сәл тола бастаған. Менің ойымды оқып қойғандай қуыстандым. Қас қарая күні бойы судан шықпаған біз қалжырап қайттық. Келе кешкі асымызды ішер-ішпестен мұрттай ұшып, ұйқыға кеттік. Қанша шаршап жастыққа бас қойсам да таң атпай тұрып алатын әдетімнен осы жолы да жаңылмадым. Қонақүйдегі бөлмемнен шығып, шылым тұтатпақ болып, Дәурен аялдаған бөлмеге еріксіз назарым ауды. Терезесі жап-жарық. Флюрицентті шамның жарығындай көз қарықтырады. Ішімнен секем алып, дереу барып, есігін қақтым. Көп кұттірген жоқ, есік шалқасынан ашылды. Көзімді көлегейледім. Жарық ұрған жанарымды сығырайтып едім, сол жарық әлемде көктен түскендей көрікті жігіт күлімсіреп тұр екен. Дәурен басқа адамға айналған – сыптай тартылып, сымбатты жігіт болып алдымнан шықты. Менің дұғам қабыл болмағаны ма? Кеудемде жалын бұрқ етті. Адамды алалағандай Құдайдың әділетсіздігіне налыдым.
Көзіме бұрқ етіп жас келді. Күйініш, өзекті өртеген өкініш, қызғаныш, күйініш, бәрі мені алып соғып, аһ ұрып, бетімді басып, жалт бұрылып, шашым жалбырап, көлге қарай зымырадым-ай. Жардан секіріп, суға кетіп өлмекші болып. Менің ниетімді аңғарып қалған, шошып кеткен Дәурен де артымнан құстай ұшып, жұлдыздай ағып жетті. Шашым жалбырап енді секіруге оқталғанда ту сыртымнан әулетті қол қапсыра құшақтап, тырп еткізбеді.
- Алмат аға... – деді даусы дірілдеп. – Алмат, біз сізді жақсы көреміз, - деді құлағымның түбінен сыбырлап. – Қайтайықшы...
- Иә, қайтсақ, қайтайық, - дедім үнім солғын шығып. - Құдай әділетсіз емес, бір сыры бар мұнда, - деді сосын күрсініп. Бұл кезде таң атып, судың беті елең-алаңнан қарауытып, төбесінен қап-қара болып төнген бұлттан көз қарықтыра найзағай жарқылдап, көлдің бетінде жал-жал толқын тұра бастап еді.