"Баланы ертегі арқылы тез түзеуге болады": Алуа Есболатқызы
"Баланы ертегі арқылы тез түзеуге болады": Алуа Есболатқызы
12 күн бұрын 1530

Баланың бойындағы проблемаларды терапия ертегілері арқылы қалай емдеуге болады? Балаға ерте жастан дін туралы білім беру қаншалықты дұрыс? Осы және тағыда басқа сұрақтарға жауапты Baribar.kz сайты балалар психологы және жазушысы Алуа Есболатқызынан білуге тырысқан.

– Алуа, жуырда “Алтын сақа” баспасынан “Ерекше ертегілер” атты кітабыңыз жарық көрді. Құттықтаймыз! Бұл кітап қалай жазылды?

– Бұған дейін балабақшада психолог болып жұмыс істедім, осы қызметім барысында әртүрлі баланы қабылдадым, сөйлестім. Әр баланың проблемасына қатысты ертегі жаза бастағаным да сол кез. Жазып жүріп баланың ертегі арқылы тез түзелетінін байқадым. Осыдан соң бұл жұмысты жалғастырдым. Кейін бұл тек өзім істеген балабақшадағы бүлдіршіндерге емес, басқа балаларға да пайдалы болсын деген үмітпен жазыла бастады.

– “Ерекше ертегілерде” баланың жаңа жерге үйренуі, ашуын басқаруы, қорқыныштарын жеңуі, жақсы тамақтануы, қалауының тез орындалмауы сияқты мәселелер айтылады. Мұны балаға қандай мысалдармен түсіндіруге тырыстыңыз?

– Көп жағдайда бала тамақ ішпей немесе жылап жатса, ата-ана бірден қорқытқысы келіп тұраады. Мысалы, тамақ ішпейтін балаға “Мынаны ішіп-жемесең, өспей қаласың” дейді немесе жылайтын балаға “Жылама. Қазір бабай әкетеді” деп айтылуы мүмкін. Өкіншке қарай, мұндай қорқыту бала тәрбиесінде жақсы нәтиже бермейді. Ол қорыққаннан тамақ ішеді немесе бір істі орындайтын шығар, бірақ осының салдарынан психологиялық травма алып жатады. Мұның соңы баланың бойындағы басқа проблемаларға да себеп болуы ғажап емес. Мысалы, кекештеніп сөйлеуі, ернін, саусақ терісін тістей беруі мүмкін. Сол себепті балаға тікелей емес, басқалай жеткізуге болады. Мұны басқа балалардың мысалы арқылы түсіндіру нәтиже береді. “Мынадай кейіпкер дәл сен сияқты ештеңе ішпейтін көрінеді, ол кейін мұның денсаулыққа пайдасын біліп, тамақтанатын болыпты” деп түсіндірудің жолы бар және бұған бала құлақ асады. Кейде бала ата-ананың тура айтқан жай сөзін де тыңдамай, одан сайын ерегісуі мүмкін. Осы себепті мұндай өзекті мәселелерді “Ерекше ертегілер” кітабында қамтуға тырыстым.

Алуа ЕсболатқызыАлуа Есболатқызы. Фото жеке архивінен

– Қазіргі балалардың бойында қандай проблема көбірек кездеседі?

– Қазір ата-ана балаға тым көп гиперопека жасайды. Гиперопека – балаға шамадан тыс күтім, қамқорлық көрсету. Ата-анада “Былай жасасам, балаға зиян болмай ма екен?” деген уайым көп. Олар балаға ұрыспаса да, бұл нәрсе бәрібір ішінде тұрады. Күйзелісте жүреді. Ал ересектердің бойындағы стресс балаға да әсер етеді.

Екінші мәселе – балаға тым шектен тыс ерік беру. Психолог ретінде баланың ережеге бағынуын, оны құрметтеуін құптаймын. Ереженің не екенін білмейтін бала тым ашушаң, агрессив болып кетеді. Балаға тым ерік беріп, оның айтқанын жасай беру де дұрыс емес. Менің қабылдауымда ашуын басқара алмайтын балалар да болады. Мұндай балада қорқыныш та көп болады. “Бұлай істей берсем, соңында не болуы мүмкін” деп ойлайды.

Сосын кейбір ата-ана тым қатал, талапшыл. Мұны да құптамаймын. Өйткені мұндай нәрседен бала қорқып қалуы мүмкін.

– Бүгінгінің баласына қандай кітаптар керек?

– Балаларға дұрыс құндылықты ұғындыратын кітаптар керек. Өйткені қазіргі уақытта бала гаджетте тым көп отырады, теледидар көреді, интернет те шексіз. Сондықтан ата-ана балаға жыныстық тәрбие, отбасы, дін құндылығы жағын түсіндіретіндей білім беруі керек. Өзінде де мұндай білім болуға тиіс. Мұны ата-ана балаға әртүрлі канал арқылы бере алады. Мысалы, терапия ертегісі арқылы. Авторды дұрыс таңдау да маңызды. Ата-ана әуелі шығарманы өзі оқып алғаны жөн. “Бұл біздің отбасымыздың құндылығына сәйкес келе ме?” деген сұраққа жауап табуы қажет. Содан кейін ғана кітапты сатып алуы керек.

– “Әлидің бастан кешкендері” кітабының басты кейіпкері – Әли. Ол Рамазан айын күтіп жүрген әке-шешесімен бірге ораза ұстаймын дейді. Бұл кітапта сонымен бірге балаға Алла тағала, Құран, садақа беру, адамдардың бір-біріне құрмет көрсетуі жөнінде де әңгімелер бар. Әлі мектепке де бармайтын балаға мұның бәрін қарапайым тілмен қалай түсіндірдіңіз? Ойын баласына мұндай тақырып тым ауыр емес пе?

– Кітапты жазарда балалардың “Рамазан айында қандай іс-әрекеттер жасалады?” деген сұрағынан олардың тілінде жауап беруді мақсат еттім. Бұл тақырыпты өз балама қалай әңгімелесем, кітапта дәл солай түсіндірдім.

Менің ойымша, ойын баласына мұндай тақырып ауыр емес. Неге? Өйткені балаға қазір қарапайым тілмен айтып бермесек, кейін мүлдем түсінбей қалуы мүмкін. Ненің не екені жастайынан санасына сіңбесе, кейін дін бойынша да қате білімге кезігуі ықтимал.

– Шығармаларыңызды оқырман қалай қабылдап жатыр? Автор ретінде олармен байланысты қалай орнатасыз?

– Кітаптарымның таныстырылымын бір рет офлайн жасадық. Өзім көбіне оқырмандарыммен Instagram-дағы парақшамда сөйлесіп тұрамын. “Әлидің бастан кешкендері” кітабы бірден жазылып, оқырманға жеткен жоқ. Рамазан айында Telegram-каналыма күн сайын әңгімелер жариялап отырдым. Кейін мұны кітап етіп басып шығардық. Сол кездің өзінде жағымды көп пікір оқыдым. Кітап басылып шыққаннан кейін де жақсы, жылы лебіздер естіп жатырмын. Әлі күнге дейін солай.

Алуа ЕсболатқызыАлуа Есболатқызы қызымен бірге. Фото жеке архивінен

– Кітаптарыңыз қалай сатылып жатыр? Балаларға арнап кітап жазуды табысты жұмыс деуге келе ме?

– Кітаптар өте жақсы сатылып жатыр деп ойлаймын. Себебі Kitap al дүкені сөресіндегі кітаптардың әр келген сайын сатылып кететінін байқаймын. Кейін дүкен қызметкерлері қоймадан әкеліп, сөреге қояды.

Балаларға арнап кітап жазу табысты жұмыс деп айта алмаймын. Оның үстіне, ата-аналар да баласына кітап алуды қалыпты нәрсеге, әдетке айналдыра алмай келеді. Мұны әлеуметтік жұмыс деуге келеді.

– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз! 

0 пікір