Ұлық имам Әбу Ханифа
Ұлық имам Әбу Ханифа
8 жыл бұрын 19339
Абдусамат Қасым

Дін қайраткері Имам Ағзам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сәбит (р.а.) Ирактың Куфа қаласында Умәуи халифаты тұсында (699 жылы) дүниеге келген. Азан шақырып қойылған аты - Нұғман болғанымен, халық оны Әбу Ханифа немесе Имам Ағзам деп атайтын. Өйткені, Ислам әдебі бойынша үлкен ғалым адамдардың аттары аталмайды. Олар - хазірет, ұстаз сияқты құрметті сөздермен аталады. «Әбу Ханифа» (Ханифаның әкесі) оның шын есімі емес, өйткені, оның Ханифа атты перзенті болмаған (Имам Ағзамның Хаммад есімді жалғыз ұлы болған. Хаммадтан екі ұл қалады, біреуінің есімі – Омар, ал екіншісі – Исмаил).

 

1500-ге жуық сахаба қоныс тепкен Куфа қаласы

Ислам діні тарих сахнасына көтерілгеннен кейін Куфа Ислам нұрына малынып, онда өнер, ғылым мен мәдениет дами түсті. Куфа қаласы Хазіреті Омардың халифалығы кезінде Абдулла бин Масғұд сынды ғұлама сахабалардың қоныс тепкен жері. Абдулла бин Масғұд Куфада Хазірет Осман халифалығының соңғы кезеңіне дейін өмір сүреді. Осы уақыт аралығында ғалым Абдулла бин Масғұд сахабаның мектебінен көптеген ислами құқық мамандары мен діннің өзге де саласында жетістіктерге жеткен шәкірттер тәрбиеленіп шықты. Бұл қалада фиқһ ғылымын меңгерген ғалымдардың көптігіне таң қалған Әзірет Әли (р.а.): «Мына қаланың аузы-мұрны ілім мен фиқһқа толы екен», – деген. Осы төңіректегі орныққан фиқһ мектебінің түпкі негізін қалаушы сол ғұлама сахаба Абдулла ибн Масғұд десек қателеспеспіз. Әзіреті Әли басшылық тізгінді қолына алғаннан кейін осы қалаға қоныстанады. Әлимен бірге көптеген сахабалар келеді. Деректерге қарағанда, тек Куфа қаласының өзінде 1500-ге жуық сахаба болған екен.

Әбу Ханифа да осындай  ортада  дүниеге  келіп, онда өнегелі өмірі басталды. Ол жастайынан Құран, хадис,  араб  тілі  мен  әдебиетіне көңіл қойып, азды-көпті  дәріс  алды.  Әкесі саудагер болатын. Олардың жеке дүкендері болды. Онда олар жібек мата саудасымен айналысатын. Әбу Ханифа  әуелде  мешітке  тек  күнделікті  бес  уақыт намаз оқу үшін ғана барып тұрды. Ол  сол  дәуірдің  атақты  ғалымы  Шағбидің (р.а.) нұсқауымен барлық  уақыты  мен  күш-жігерін  ғылым-білімге жұмсайды. Ол кезде Әбу Ханифа жиырма екіде ғана еді.

 

Әбу Ханифаның ұстаздары

Ол  жылдары  Куфадағы  оқу-ағарту  істеріне Хаммад ибн Сүлеймен (р.а.) жетекшілік ететін. Әбу Ханифа  хадис  пен  фиқһ  ілімін  сол  заманның  ең атақты  ғалымдары  –  Шағби  және  Хаммад  сияқты ғұламалардан үйренді. Куфада хадис ұстаздары, араб тілі  мен  әдебиеті  мамандары,  шариғат  ғалымдары жеткілікті болатын.

Әбу  Ханифа  ұстазы  Хаммадтың  (р.а.)  қолында жүйелі  түрде  18  жыл  оқыған. 

Хаммад ибн Сүлеймен куфалық табиғиндердің бірі еді. Ол хадис ғылымында «сиқа (сенімді)» деген атағы бар. Имам Ағзам ол кісіден екі мыңға жуық хадис үйреніп, өзгелерге жеткізген. 

Бұдан да басқа кейбір ұстаздарының аты-жөнін бере кетелік: Ибрахим ибн Зәйд ән-Нәхаъи; Әл-Харис ибн Абдуррахман; Рабиға ибн Абдуррахман әл-Мәдәни; Сәлим ибн Абдулла ибн Омар ибн әл-Хаттаб; Суфуан әс-Сәуридің әкесі Саъид ибн Мәсруқ  т.б.

Абдулла деген бір кісі Әбу ханифадан:

- Ұлы ғұламалардың қайсысын кездестірдің? - деп сұрайды. Әбу Ханифа:

- Қасымды (Сахаба Абдулла ибн Мәсъудтің шөбересі), Сәлимді, Тауысты, Ъикриманы, Мәкхулді, Абдулла ибн Динарды, Хасан әл-Бәсриды, Ъамр ибн Динарды, Әбу Зубәйрді, Ъатаны, Қатаданы, Ибрахим ән-Нәхәъиді, әш-Шаъбиді, Нәфиъді және т.б., – деп жауап берген екен.

 

Әбу Ханифа көрген сахабалар

Әбу Ханифа сахаба Әнәс ибн Мәлик (қ.ж. хижри 93), сахаба Абдулла  ибн Ауфә (қ.ж. хижри 87), сахаба Уә’ил ибн әл-Әсфәъ (қ.ж. хижри 85), сахаба Сәһл ибн Саъид (қ.ж. хижри 88), сахаба Әбу Туфайл Ъамир ибн Уә’илә (қ.ж. хижри 102), сахаба әс-Сәиб ибн Хәллад ибн Суейд (қ.ж. хижри 99), сахаба әс-Сәиб ибн Язид (қ.ж. хижри 94), сахаба Махмуд ибн Рабиъ (қ.ж. хижри 99) сынды сахабалармен кездескен.

Сахабаны көрген адам “табиғин» деп аталады. Сондықтан Әбу Ханифа табиғин болып есептеледі. Дегенмен, «табиғин» сөзінің анықтамасы жөнінде екі түрлі көзқарас бар. Біріншісі:  «Табиғин  –  сахабаның  көзін  көрген адам», – делінсе, екіншісі: «Табиғин – сахабаны көріп, одан білім үйренген адам», – деген пікірді алға тартады.

Көрген сахабалардан хадис естіп, оны риуаят еткендігі де деректерде кездеседі.

 

Әбу Ханифаның хадистегі орны

Әбу Ханифаның кезінде Куфа қаласында атағы әлемге әйгілі хадисші ғұламалар өмір сүретін. Атап айтсақ: Ибн Ъуяйнә; Суфян әс-Сәури; Хафс ибн Ғайяс; әл-Аъмәш; Ибн Мүбәрак т.б. Әбу Ханифа осындай беделді хадисшілердің жеткізген хадистерін бойына жинаған кісі. 

Ұлық Имамның шәкірті Имам Юсуфтың айтуына қарағанда Әбу Ханифа он алты жасында әкесімен бірге Исламның бес парызының бірі - қажылықты өтеуге аттанады. Пайғамбарымыздың мешітін зиярат етіп, Медине қаласына да барады. Сонда айналасына адамдар топталып алған бір қарт кісіні көзі шалған кішкентай Нұғман әкесінен әлгі қарт кісінің кім екендігін сұрайды. Әкесі: «Бұл Алла елшісін көрген сахаба. Аты-жөні Абдулла ибн Жүз’ү әз-Зүбәйди», - деп жауап береді. Әбу Ханифа: «Оның несі бар?», - деп тағы сұрайды. Әкесі: «Онда Пайғамбарымыздан естіп-білген хадистер бар», - дейді. Әбу Ханифа жанына апаруын әкесінен өтінеді. Әкесі кідірместен айтқанын істеді: топты жара әлгі сахабаға жақындатты. Әбу ханифа әлгі сахабадан мынадай хадис естіп көкейге тоқиды:«Кімде-кім Алланың дінінде ғалым болса (фақиһ) Алла оның қайғы-мұңын жойып, күтпеген жерден несібесін беріп қояды».

Ибн Наср әл-Әнсари «Әбу Ханифаның: «Менде хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздан жеткен сандық-сандық хадистер бар»,–деген сөзін жеткізсе, Хасан ибн Зияд: «Әбу Ханифа төрт мың хадис риуаят еткен: екі мыңын - ұстазы Хаммадтан,  қалғандарын  басқа  ұстаздарынан  үйренген.  Оның айтқан сөздері мен істеген амалдары хадис шәріпке сәйкес болатын»,–дейді.

Имам Ағзам Әбу Ханифа төрт мыңға жуық табиғиннен хадис үйренген кісі. Шәйхул Исләм ибн Хажәр әл-Хәйтәми әл-Мәкки атты ғұлама бұл жайында былай дейді: «Ол төрт мыңға жуық ғұлама табиғиндерден хадис алды. Сол себепті, Әз-Зәхәби сынды кісілер өз еңбектерінде Оның есімін сенімді хадисшілермен қатар қойған. Имам Ағзам хадиске аз көңіл бөледі деп жүргендерге келер болсақ, олар не Оны танымайды немесе Оған деген қызғаныштары басым.....».

Беделді Хадисші Суфян ибн Ъуяйнә: «Мені Хадис ғылымына бағыттаған және мені хадис маманы еткен Әбу Ханифа еді», - дей келе, Әбу Ханифаның хадис ғылымындағы көш басшылығын да тілге тиек етеді. Бұл сөздің иесі Суфян ибн Ъуяйнә өзі хадис ғылымының маманы, заманындағы беделді ғұлама еді. Ол жайында Имам Шәфи: «Мәлик және Суфян болмағанда, Хижаздан ғылым жоғалатын еді», - деген.

Сондай-ақ, Хадис ғылымында ұстаз атанған, оның хадистерін Ахмед ибн Ханбәл, Бухари, Муслим, Әбу Дәуід сынды беделді хадис иелері өз еңбектеріне енгізген хадисші Әбу Зәкәрия Яхя ибн Муъиннен бір кісі:

- Әбу Ханифадан Суфян әс-Сәури хадис риуаят еткен бе? – деп сұрайды. Әбу Зәкәрия:

- Иә, Әбу Ханифа фиқта да, хадисте де өте сенімді кісі еді», - деп жауап берген екен.

Әбу Зәкәрия тағы бір сөзінде: «Әбу Ханифа хадисте өте сенімді кісі. Оны әлсіз деп айтқан ешкімді көрмедім», - деген.

Шуъба ибн Хаджәж да Ол жайында: «Ол ой-өрісі кең, жаттау қабілеті күшті кісі еді», - деді.

Суфян әс-Сәури: «Біз Әбу Ханифаның алдында, құдды сұңқардың алдында тұрған шымсық іспетті сезінетінбіз», - дей келе Ұлы Имамның түпсіз терең хадис іліміне ие екендігін білдірген.

Яхя ибн Саъид деген тағы бір хадис ғылымының маманы: «Біз Әбу Ханифаның айтқандарынан жақсысын естімедік. Біз оның көптеген сөздерін көкейімізге түйдік», - десе, Мусъир ибн Кәддәм атты тағы бір хадисші: «Мен оның пікірін сенімді болғаны үшін қабыл еттім. Егер одан да сенімді кісі табылса, соған барар едім», - дей келе Имамның сөздерінің бәрі хадиспен ұштасқандығын айтып өткен.

Ибн Әдәм деген хадис білгірі де (бұл кісінің жеткізген хадистерін Имам Бұхари өзінің хадис жинағына алған) Имам Ағзам жайында: «Ол өзінің өлкесіндегі барлық хадистерді бойына жинақтаған кісі...» деген.

Әбу Зәкәрия Яхя ибн Муъин: «Мен Уәкиъден асып түсетін ешкімді көрмеген едім. Бірақ Ол пәтуа бергенде Әбу Ханифаның тұжырымдарын арқау ететін. Және Әбу Ханифадан көптеген хадис естіген», - дей келе Әбу Суфян Уәкиъ ибн Жәррах сынды өз заманының беделді хадис білгірі де Әбу Ханифаның пәтауларына сүйенетін екен.

Әбу Ханифаның ұстаздарына деген құрметі

Имам Ағзам Әбу Ханифа бір сөзінде: «Ұстазым Хаммад ибн Сүләймәнның үйі менің үйімнен жеті көше ұзақтықта орналасқан. Бұған қарамастан ешқашан ұстазымның үйіне қарай аяғымды созған емеспін», - дей отырып, ұстазға деген құрметтің үздік үлгісін көрсете білген.

Әбу Ханифа былай дейді: «Ұстазым Хаммад қайтыс болғаннан бері, әр намазымда әке-шешеммен бірге оған да дұға етемін. Алладан оның күнәлары болса, кешіруін тілеймін...»

Тәлімгер Әбу Ханифа

Хаммад  ибн  Сүлеймен  (р.а.)  дүние  салғаннан соң,  оның  ісі  баласы  Исмаилға  тиді.  Жұрт оның  бойынан  әкесінің  ілімі  мен  асыл  бейнесін көргісі  келді.  Өкінішке  орай,  Исмаил халық көңілінен  шыға  алмады.  Сол  себепті  ұстазының оқу-ағартушылық  істерін  әрі  қарай  жандандырып, дамытуды  шәкірті  Әбу  Ханифа  мойнына  алды. Халықтың қалағаны да сол болатын. Ол кезде оның жасы қырықта еді. 

Әбу  Ханифаның  есімі  мен  білімі  кеңінен тарай  бастайды.  Оған  жер-жерлерден  білім  алу мақсатымен мыңдаған талабалар келіп жатты. Оның дәрісханасы  Куфадағы  ең  үлкен,  әрі  берекелі  білім ошағына айналды. Шәкірттердің ғылыми сұхбаттары мен  қуанышты  үндері  мешіт  сыртынан  да  естіліп тұратын. Әбу  Ханифа  ақылды,  өткір,  парасатты  кемел  ой иесі еді. Осы ерекшеліктерімен ол тез арада өз дәуірінің ең  ұлы  ғалымдарының  біріне  айналды.  Ол–  ислам фиқһының  үлкен  мүжтаһид  ғалымы  болды.  Әбу  Юсуф  (р.а.)  ұстазын:  «Бет  пішіні  және дене бітімі жөнінен ол әдемі еді. Сөзге өте шешен, дәлел  келтіруге  өте  ұста,  тілі  жұмсақ  болатын. Дәрісіне қатысқан кез-келген адам оның ілім үйрету әдісінен ләззат алатын. Ол шәкірттерінің шариғат мәселелерін  терең  түсінетін  ғалым  болуларына көп  көңіл  бөлді.  Оларға  жұмсаған  күш-қайраты соншалық, ол кісіден дәріс алған кез-келген адамның әйгілі ғалым болуы оңай еді»,–деп еске алады.

Әбу Ханифаның шәкірттеріне көрсеткен көмегі

Имам Ағзам өзінің шәкірттерінің арасында жағдайы нашар жандар болса, оларға ақшалай көмек беріп, дәрісті үзбеуін қамтамасыз ететін. Бұл жайында Әбу Юсуф былай дейді: «Мен тұрмысымның нашарлығына қарамастан хадис ғылымы мен фиқһ ғылымын оқып жүрдім. Бір күні әкем маған: «Ұлым, сен өзіңді Әбу Ханифамен салыстырма! Ол «не ішем, не жеймін» демейді. Ал сен наныңды тауып, күн көруің керексің», – деді. Мен әкемнің айтқанына қарсы келмедім. Бір күні дәрістерінде көрінбей жүрген мені Ұстазым іздеп тауып алды. Мен дәрісіне келуге уәде бердім. Дәрісіне қайта барған күні ұстазым маған жүз дирхам (күміс ақша) берді де: «Сен ілім мәжілісіне үнемі келіп тұр. Мына ақша бітісімен маған білдір», – деді. Көп кешікпей тағы да жүз дирхам берді»

Имам Ағзамның тақуалығы

Имам Ағзам түні бойы ғибадат етіп, күндіз ораза тұтатын,  тілін  жалған  сөзден  сақтап,  тәнін  пәк ұстайтын,  жағымсыз  іс-әрекет  пен  ойын-сауықтан аулақ  жүретін,  Алла  тағаланың  разылығын  табуды өзіне парыз санайтын.

Ол  тақуа,  білімді  және  парасаттылығынан  да харам  істерге  жоламайтын,  күмәнді  нәрсеге  де  қол сұқпайтын өте сақ адам болатын. Сондықтан, оның уағызы  әрбір  тыңдаушы  жүрегіне  жететін. 

Әбу Жағфар ар-Рази (р.а.): «Мен Әбу Ханифадан артық ғалым әрі тақуа адамды кезіктірмедім»,– десе, Жағфар ибн Раийғ (р.а.): «Мен Әбу Ханифамен бес жыл бірге тұрдым. Одан аз сөзді жанды көрмедім. Ал одан бір-ақ нәрсе жайлы сұраса, ол ашылып, сел тәрізді ағылар еді»,–деп еске алады. Ал,  Йазид  (р.а.):  «Тақуалық  пен  ақыл-парасаттылықта  Әбу  Ханифаға  (р.а)  тең  келетін адамды  көрмедім»,–десе,  Әбу  Асим  Нубәйл  (р.а.): «Әбу Ханифа (р.а.) намазды қадалып көп оқығандығы үшін,  көпшілік  оны  «қазық»  деп  атап  кеткен»,  - дейді.

Яхья  әл–Қатъан  (р.а.):  «Әбу  Ханифаның  (р.а.) жүзіне  қарап,  Алланың  шынайы  пендесі  екенін байқадым»,–десе,  Абдулла  ибн  Мүбарак  (р.а.) Суфъян  Сауриға  (р.а.):  «Ей,  Әбу  Абдулла,  Әбу Ханифаның  ғайбат  айтуына  қандай  іс  тосқауыл болды екен, бір рет те ғайбат айтқанын көрмедім»,–деді. Сонда  Суфъян  (р.а.):  «Әбу  Ханифа  (р.а.)  дана кісі, өзінің жақсы амалдарын жоятын іс-әрекетті ешқашан жасамайтын»,–деген екен.

Әбу Ханифаның анасына деген мейірімі

Әбу Ханифаға бірнеше мәрте қазылық қызметі ұсынылғанда ол олардан бас тартады. Бас тартқан сайын басшылық тарапынан жазаға ұшырады. Соның бірінде басшылық оған дүре соғуға әмір етеді. Ол сонда көзіне еріксіз жас алады. Бірақ соққының ауырлығынан емес, үйінде баласының тағдырына уайым жеп отырған анасының халін елестетіп жылайды екен. Ол: «Жаныма соққының ауырлығы емес, анамның қайығырып қалғаны қатты батты» - деген екен.

Әбу Ханифаның кезінде  Омар ибн Зәрр (қ.ж. хижри 180) деген уағызшы кісі болған. Әбу Ханифа анасын кейде әлгі кісінің уағызына апарып тұратын болған. Бір күні анасы бір мәселенің үкімін білгісі келіп, баласы Әбу Ханифаны уағызшы Омар ибн Зәррдан сұрап кел деп жібереді. Әбу Ханифа үлкен ғұлама бола тұра анасының сөзін жерге тастамай айтқан кісіге барады да оған:

- Анам мынадай мәселенің үкімін білгісі келеді. Содан мені сізге жіберді, - деп айтады. Омар таң қалып:

- Сіз ғұлама бола тұра, оның үкімін менен сұрап тұрсыз ба? - дейді. Әбу Ханифа:

- Иә, анамның қалауы солай! – деді.  Сонда Омар:

- Хош. Бірақ оның жауабы қандай еді? Жауабын қалай берейін?, - деп сұрағанда Имам Ағзам мәселенің үкімін баяндап беріп, артынша анасына қайта оралып жаңағы үкімді Омардың атынан айтып береді.

Әбу Ханифаның ұлына деген қамқорлығы

Әбу Ханифа  ұлы Хаммадты да (ұстазы Хаммадпен аттас)  өзіне ұқсатып тәрбиелейді.  Оның немерелері де атасының ұстанымдарын ту ететін. Деректерге қарағанда Әбу Ханифаның ұлы Хаммад өскеннен кейін өте ғалым әрі тақуа жан болған. Ол тақуалығымен елге танымал еді.

Әбу Ханифа ұлының оқуына қатты мән беретін. Білікті ұстаздар жалдап, баласын оқытатын. Немересі Исмайылдың айтуына қарағанда, Әбу Ханифа ұлы Хаммадтың сапалы білім алуы үшін 500 дирхам күміс ақшаға мұғалім жалдайтын болған.

Әбу Ханифаның ғылыми дәрежесі

Ия,  ол  жайлы  пікір  білдірген  замандастары мен  оны  өзіне  ұстаз  санаған  немесе  ғалым,  білімге қол  созғандардың  барлығы  да  Әбу  Ханифаның  өз заманының озық ғалымы болғандығын мойындайды.

Бір күні Әбу Ханифа Аббаси империясының екінші патшасы әл-Мансурға кірсе, оның қасында көмекшісі Иса ибн Муса отыр екен. Иса әл-Мансурға қарап: «Қазіргі кезде дүниедегі ең білгір ғұлама осы», - деп Әбу Ханифаның ғылымын мойындаған екен.

Атақты хадисші ғалым Мәкки ибн Ибрахим (бұл кісіден келген хадистерді Имам Бухари өз кітабына енгізген) Әбу Ханифа жайында: «Әбу Ханифа өз заманының ең білгірі», - деген.

Имам Ағзамның имандылығы мен тақуалығы, білімділігі мен парасаттылығы туралы Имам  Шафиғи  (р.а.):  «Адамдар  фиқһ  ғылымында Әбу Ханифаға қарыздар. Кімде-кім Әбу Ханифаның кітаптарын  оқымаса,  ғылымға  бойламағаны  және фиқһ ғалымы болмағаны»,–дейді.

Бір күні Имам Шәфи  жас кезінде, өзінің алғашқы ұстаздарының бірі Имам Мәликтен:

-          Сіз Әбу Ханифаны көрдіңіз бе? Онымен пікір алмасу мүмкіндігі туды ма? – деп сұрайды. Сонда Имам Мәлик:

-          Иә, кездестірдім, пікір алмастым. Сондағы түйгенім: Егер Әбу ханифа қара тастан қаланған дуалды алтын десе, сол сөзіне дәлел келтіріп берер еді! – дей келе Әбу Ханифаның дәлел-дәйексіз ешқандай пәтуә айтпайтындығына ишара еткен.  

Әбу Ханифаның шәкірттері

Әбу Ханифа – Ис­лам ғы­лым­да­рын же­тік меңгерген көрнекті тұлға. Оның қы­рық мың­нан ас­там шә­кір­ті бол­ған, солардың төрт мың­ынан ас­та­мы мүж­тә­һид (үкім шы­ға­ру­шы) дә­ре­же­сі­не жет­кен. Әрі осы ға­сыр­ға дейін сол жол­ды ұс­та­нып ке­ле жат­қандардың арасынан мүж­тә­һид­тердің де шыққанын айта кету керек.

Әбу  Ханифаның  жолын  жалғастырып,  фиқһ мәселелерін  толықтырған  әрі  дамытқан  шәкірттері:  Имам Зуфар ибн Һузайл(727–774), Имам Әбу Юсуф (730–798) және Имам Мұхаммед ибн Хасан (748–804) еді.  Олардың  қатарына  аты  белгілі  Яхъя  ибн  Саид  әл-Қаттан, Абдулла ибн Мүбәрак, Уақиъ әл-Жәррах, Язид ибн Һәрун, Абдураззақ ибн Һәмман, Дәуд Таий секілді ғұламаларды қосуға болады. Шейх  Ахмад  әл-Макки  әл-Хорезми  Әбу Ханифаның  ілімін  дүниенің  түкпір-түкпіріне таратқан шәкірттерінің 730 дан астамы ислам әлеміне танылған ғұламалар еді деп еске алады.

Асад ибн Фурат (р.а.): «Қырық адам хатшылық қызметін  атқарды.  Бірінші  ондық  ішінен  Әбу Юсуф,  Зуфар  ибн  Һузайл,  Дәуд  әт-Тайи,  Асад  ибн Әмр, Юсуф ибн Халид әс-Самтий және отыз жыл бойы  хатшылық  жасаған  Яхъя  ибн  Закарийа  ибн Әбу Зайда»,–дейді. Олар бір мәселе жайлы таласып қалғанда, әркім өз ой-пікірін айтатын, соңында бәрі Әбу  Ханифа  тұжырымын  сұрағанда,  ол  мәселенің анық  жауабын  беретін,  кейде  олар  бір  мәселе төңірегінде  үш  күндей  пікір  алысатын  еді.  Мәселе шешімін тапқаннан кейін барып, кітапқа түсіретін. Имам  Ағзам  сексен  үш  мың  мәселені  хатқа түсіртті.  Оның  отыз  үш  мыңы  ғибадатты  қамтыса, қалғаны қоғамдық қарым-қатынастар туралы еді.

Ханафи мәзхабы таралған жерлер

Ханафи мәзһабы - дүниежүзіне барынша кеңінен тараған мәзһаб болып табылады.  Қазіргі таңда ханафи мәзһабы – Түркия, Балқан түбегі, Албания, Босния-Герцеговиния, Украина, Қырым, Әзербайжан, Дағыстан, Татарстан, Башқұртстан, Кавказ, Қазан, Қазақстан, Өзбекстан, Түркменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Жапония мұсылмандарының ресми мәзһабы. Ал Ауғаныстан, Хоросан, Үндістан, Кашмир, Сирия, Ирак пен Пәкістан мұсылмандарының көпшілігі Ханафи мәзһабын ұстанады.

Біздің өңірге Исламды алып келген осы Ханафи ғұламалары екендігін естен шығармау керек. Ханафи мәзһабының алғашқы буындары саналатын Әбу Юсуф, Имам Мұхаммед, Зуфар, Хасан ибн Зияд сыңды мужтәһид ғалымдардың тәрбиелеген шәкірттері Хорезм, Батыс Түркістан, Хорасан мен Мауараннахр сияқты халқы жаңадан мұсылман болған аймақтарға барды. Онда ұстаздары үйреткен діни ілімді тарату мен жайылуына сүбелі үлес қосты.

Әбу Ханифаның дүниеден озуы

Аббасилер дәуірінде, Әбу  Жағфар  (көбіне  Мансұр  деген  атпен  белгілі) Әбу  Ханифаға  қазылық  жұмысын  ұсынады.  Ғалым қабылдамайды. Халифа  ызаланып,  оны қапасқа тастап, ел алдында күн сайын он рет қамшы ұруға  және  ол  туралы  жар  салдыруға  бұйырады. Қартайған шағында оны, сөйтіп, билік халық көзінше азапқа  салады.  Әбу  Ханифаны  тамақ  бермей де аштан қинайды. Арада бес күн өткенде, яғни 767 жылы  (хижри 150)   дүние  салады.

 Ол  қайтыс  болғанда  Ибн  Жәрир  қайғыға  беріліп:  «Қандай білімді жоғалттық десеңші!  Ғылым қолдан кетті деген осы!»  –  деп жылаған екен. Оның  жаназасы  кезінде Бағдат  қаласының  көшелері  халыққа  толып  кеткен деседі.  

Ибн Кәсир былай дейді: «Имам Ағзам қайтыс болғанда, жаназасына қатысушы жиналған қала жұртшылығының көптігі соншалық алты рет жаназа намазы оқылды».  Алла оған разы болсын!

Пайдаланған әдебиеттер:
1) Әбдісаттар қажы Дербісәлі: Ұлық Имам Әбу Ханифа. Алматы, 2011.
2) muslim.kz/kk/article/276-imam-abu-yusuf-kim.htm
3) http://islamstory.com/ar الإمام_أبو_حنيفة
4) Әт-тәхәнәуи: Әбу Ханифа уә асхабуху әл-Мухаддисун, 20 бет.
5) С.Сейтбеков, «Мәзһабтар тарихы».  Алматы-2012ж.
6) Салих: Ъуқудул Жәммән
7) Әбу Захра: Әбу ханифа
8) Али әл-қари: Шарху әл-Фиқһ әл-Әкбәр. 
9) Әл-хафиз әз-Зәхәби: Мәнақибу Әби Ханифа

4 пікір