Орнына періштелер қажылық жасаған әсілі түрік тәбиғин ғұлама
Орнына періштелер қажылық жасаған әсілі түрік тәбиғин ғұлама
1 жыл бұрын 3476

Ислам тарихында әсілі түрік және үлкен «әтбағут тәбиғиндердің» бірі саналатын дін ғұламасы өмір сүрген. (Әтбәғут тәбиғин – тәбиғиндерді көрген, олардан хадис, дін ілімін үйренген кісі). Оның есімі – Абдулла ибн Мүбарак. Ол - хижри екінші ғасырда (118-181 х. /726-797 м.) өмір кешкен, Ислам тарихында есімі алтын әріппен жазылған діни қайраткер. Хадисші, фақиһ.

Абдулла ибн Мүбарак қазіргі Түрікменстан жеріндегі көне «Мерв» қаласында дүниеге келді. Әкесі - түрік, ал анасы - хорезмдік. Абдулла ибн Мүбарак – хадисші әрі фақиһ (шариғаттанушы) болуымен қатар, өте қолы ашық салиқалы, діндар мұсылман болатын.

Ардақты ғалым қажылыққа жиі барады екен және өзімен қоймай, арасында қажылыққа бара алмай жүрген ауылдастары бар болса, олардың да қаражатын көтеріп, қажылыққа аттандыратын көрінеді. Өзі барғанда қажылықтан көптеген сыйлықтар алып келіп, келген бойда ауылдастарына таратып береді екен. 

Абдулла ибн Мүбарактың сондай бір қажылық сапарына бара жатқан кезінде басынан өткен мынадай бір оқиға кітаптарда келтіріледі.

Күндердің бірінде Абдулла ибн Мүбарак жылына бір рет келетін қажылық құлшылығын өтеп қайту мақсатында жолға әзірленіп, қасындағы жәрдемшілерімен бірге Меккеге аттаныпты. Жолда бір елді-мекен кездесіп, сонда аялдайды. Қолдарындағы бір құс өліп қалып, оны серіктерінің біріне ауыл шетіндегі жиналып жатқан қоқысқа апарып тастауын тапсырады. Одан соң, жолдастары алға түсіп, өзі артта кідіріп қалады. Келе жатып жаңағы құсты тастаған қоқыстың қасынан өтіп бара жатады. Сол заматта қоқыстың маңайындағы бір үйден кішкене қыз шығып, қоқыстағы өлген құсты алып, оны бір нәрсеге орап, тез үйіне алып кіріп кетеді. Оны көрген Абдулла ибн Мүбарак бұрылып, қыз кіріп кеткен үйге барады. Қызды шақырып алып өлген құсты не үшін алғанын сұрайды. Сонда қыз:

- «Мен және інім екеуміздің мына изардан басқа дүниеміз жоқ (изар – белден төмен орайтын орағыш мата). Ішіп-жеуге асымыз жоқ. Мына қоқысқа тасталғандарды теріп жеп, күнелтіп жүрміз. Қанша күннен бері біз үшін өлексе адал ас орнын басты, - дейді.

- Әкең қайда? – деп сұрайды Абдулла ибн Мүбарак.

- Әкемнің көп мал-дүниесі бар болатын. Бірақ біреудің зұлымдығына ұшырап, мал-дүниесінің бәрінен ажырады, соңында өзін де өлтіріп кетті, - дейді әлгі қыз.

Қыздың аянышты халін көрген Абдулла ибн Мүбарак қасындағы адамына ілгері кетіп қалған жолдастарын қуып жетіп, жол азығы т.б. керек-жарақ жүктелген жүкпен қоса кері қайтуларын бұйырады. Олар келгеннен кейін Абдулла ибн Мүбарак өзінің жәрдемшісінен:

- Сенде қанша ақша бар? – деп сұрайды.

- Мың динар бар, - деп жауап береді көмекшісі. (Динар – алтын ақша).

- Бізге Мерв қаласына кері қайтуға жететіндей жиырма шақты динарды алып қал да, қалғанын мына қызға бер. Биыл қажылыққа барғанымыздан гөрі, осы ісіміз абзал, - деп 980 динар алтын ақшаны екі жетімнің қолына ұстатып, өздері Меккеге бармай, елге кері қайтыпты[1].

Кейбір мәліметтерде, Абдулла ибн Мүбарак еліне оралысымен біраз күндер өтіп, қажылық сапарына аттанған өзге жергілікті қажылар да оралады. Қажылықтан келгеннен кейін олар Абдулла ибн Мүбарактың батасын алайық деп, сәлем бергелі үйіне келеді. Әңгіме арасында бәрі Абдулла ибн Мүбаракқа қажылық сапарында оларды қалай ілім нәрімен сусындатқанын айтып, алғыстарын білдіріп жатты және оның көп құлшылық жасағанын да ауызға алып, тәнті болғандарын жасырмады. Алайда ештеңені түсінбеген Абдулла ибн Мүбарак таң қалады. «Бұлар кімді айтып отыр, құдайым-ау? Мен биыл қажылыққа бармадым ғой» дейді өз-өзіне. Бірақ әңгімелерін бұзбай әліптің артын бағайын деп үндемейді. Кейін қонақтар кетіп, түнде ұйқыға жатқанда түс көреді. Түсінде, жүзі нұрлы бір кісі оған:

- Әссәләмуғалейкум, уа Абдулла! Мен Алланың елшісі Мұхаммедпін (саллаллаһу алейһи уә сәлләм). Мен, сенің осы дүниедегі сүйіктіңмің, ақыреттегі шапағатшыңмың. Менің үмбетімнен болған саған Алла Тағала жақсылығын берсін, - дейді де, сөзін жалғап: «Уа, Абдулла, жетімдерге жасаған қайырымдылығың үшін Алла Тағала саған да қайырымын көрсетті. Алла Тағала сенің бейнеңде бір періште жаратып, ол сенің жерлестеріңмен бірге Меккеге барып, сенің атыңнан қажылық құлшылығын атқарды. Алла Тағала сенің жасаған жақсылығың үшін саған жетпіс қажылықтың сауабын жазып қойды» - деп сүйіншілейді. Оянғаннан кейін, көрген түсіне қуанып, кешегі келген қажылардың өзі жайында айтқан сөздерінің мәнісін енді түсінген Ол, Алла Тағалаға көп шүкір айтыпты[2].

Міне, Хақ Тағала өзінің пендесінің бір жасаған жақсылығына жеті жүз есе жақсылық жазып қояды деген аяттың бір көрінісі осы болса керек. Алла Тағала Абдулла ибн Мүбарак сынды кейінгі ұрпаққа үлгі бола білген салиқалы Ислам тұлғаларынан разы болсын! Әлхамдулилләһи Раббил алямин!  


[1] Ибн Кәсіри: «әл-Бидая уән-Ниһая». 13/511 бет.
[2] Аталмыш қиссадағы Абдулла ибн Мүбарактың көрген түсі жайындағы бөлігінің растығына күмән келтіретіндер бар.

Дайындаған Абдусамат Қасым
 

 

0 пікір