Иса пайғамбардан (ғ.с.) «Қалай су бетінде жүре аласыз?» деп сұрапты...
Иса пайғамбардан (ғ.с.) «Қалай су бетінде жүре аласыз?» деп сұрапты...
1 жыл бұрын 4564

Фузайл ибн Аяз былай дейді:

«Иса ибн Мариямнан (ғалейһиссәләм) біреу:

- Уа, Иса! Судың бетінде қалай жүресіз? - деп сұраған екен.

Иса пайғамбар (ғ.с.):

- Иман және яқинмен жүремін, - деп жауап беріпті. (Яқин – Құдай Тағалаға күмәнсіз илану, Оған түбегейлі сенім арту. Яқин – шәктің антонимы).

Олар:

- Біз де сіз сияқты иман еттік, біз де сіз секілді яқин сеніммен сенеміз, - дейді.

Сонда Иса пайғамбар (ғ.с.) оларға:

- Олай болса, судың бетінен жүріңдер! - депті. Көлде толқын болып тұр екен, олар судың бетімен жүреміз деп аяқтарымен суға басқандары сол екен, «гүмп» деп батып кетіпті. Иса пайғамбар (ғ.с.) оларға:

- Не болды? - десе,

Олар:

- Толқыннан қорықтық, - деп жауап беріпті.

Сонда Иса пайғамбар (ғ.с.):

- Толқынның Раббысынан неге қорықпадыңдар?! - депті де, оларға қолын созып судан шығарыпты.

Кейін қолын жерге соғып, бір уыс топырақ уыстап, алақанын жұмыпты да, қайта ашыпты. Бір қолында алтын, екінші қолында тас түйіршіктері пайда болыпты. Осы екеуін қасындағы адамдарға көрсетіп тұрып:

- Сендердің жүректеріңе осы екеуінің қайсысы сүйкімді? - деп сұрапты. Олар:

- Біздің жүрегімізге сүйкімдірегі – алтын, - деп жауап беріпті. Сонда Иса пайғамбар (с.а.у.) оларға:

- Мен үшін бұл екеуі де бірдей, - деген екен1.

Иса пайғамбар (ғ.с.) тағы бір сөзінде былай деген екен:

«Дүниеге қызықпайтын адам ғана иманның ақиқатына қол жеткізеді».

Бір күні Иса пайғамбар (ғ.с.) басына тасты жастанып, ұйықтап жатыр екен. Тасты жастанып жатса да ұйқының тәттілігін сезініпті. Сол сәтте қасынан Ібіліс шайтан өтіп бара жатып, Иса пайғамбарға:

- Сен айтпаушы ма едің, дүниелік нәрселерді мүлдем жаным қаламайды деп. Жастанып жатқан тас та дүниеден ғой, - деген екен. Сонда Иса пайғамбар (ғ.с.) жастанып жатқан тасты алып шайтанға лақтырып жіберіпті де:

- Мә, ал. Тас та, дүние де сенікі болсын! - депті.

Яхя ибн Саъид есімді бір кісіден жеткен риуаятта Иса пайғамбардың (ғ.с.):

Дүние сүйіспеншілігі – барлық қателіктердің басы. Ал харамға қарау – жүректе құмарлық көшетін егеді» - деген сөзі келтірілген2.

Тағы бір риуаятта Иса пайғамбар:

«Дүниенің соңынан жүрген кісінің мысалы – теңізден су ішкен кісіге ұқсайды, ішкен сайын шөлі арта түседі»

- дей келе, дүниеге адамның көзі тоймайтынын білдіріпті. Адамның көзін тек топырақ қана тойдырады деген сөз де осындайдан шықса керек.


1Ибн Кәсир: «Қисасуль Әнбия», 737 бет.
2 Ибн Кәсир: «Қисасуль Әнбия», 741 бет.
3 Ибн Кәсир: «Қисасуль Әнбия», 741 бет.

0 пікір