Тәһәжүд намазына қалай тұруға болады?
Тәһәжүд намазына қалай тұруға болады?
6 жыл бұрын 6052

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Алла сені түнде аяғыңнан тіке (намазда) тұрған сәтіңді көріп тұрады», ­­– дейді (Шуғара сүресі, 218-аят).

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мүминнің абырой-қадірі ­– түндері намазбен өткенінде», – дейді.

Бірде мухаддис, ғалым, әулие, сопы Ибраһим бин Әдһәмға біреу келіп:

– Түнгі құлшылықтарға тұра алмай жүрмін. Маған түнгі ғибадаттарға тұра алатындай бір амал үйретсеңіз, – деп сұрайды. Сонда Ибраһим бин Әдһәм:

– Күндіз Алла Тағалаға асылық қылып, қарсы келме. Яғни, күндіз көздеріңді, құлақтарыңды, жалпы барлық өне бойыңды Аллаға қарсы келтіретін істерден сақта, сонда Алла да сені түнде құзырына шақырады. Түнде оның құзырынан табылудан асқан абырой жоқ, – деп кеңес береді.

Тақуа жандардың бірі болған Бишр Хафиге:

– Түні бойы аяғыңнан тік тұрып құлшылық қыласың, біраз демалсаң болмай ма? – дейді. Сонда Бишр Хафи:

– Алла Тағала мырзамыз Алла Елшісінің (с.а.у.) барлық өткен-кеткен күнәларын кешірген еді. Бірақ соған қарамастан Ол (с.а.у.) аяқтары іскенше, сәжде жері көз жасынан шылқығанша Аллаға бойұсына құлшылық қылудан бас тартпады. Ал менің жағдайым болса қалай болары белгісіз. Мен үшін Пайғамбарымыздай (с.а.у.) кепілдік жоқ, – деп жауап береді.

 

0 пікір