Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ: Қажылықта жүргенде аян түстер көрдім
Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ: Қажылықта жүргенде аян түстер көрдім
9 жыл бұрын 6492 Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасының доценті:
Сұхбаттасқан Марфуға Шапиян
Мекке-Мәдина –кешегі Құнанбай, Досжан хазірет, Шәкәрім аталарымыздың табандары тиген жер

Серікзат аға, мұсылманның бес парызының бірі – қажылық сапарын аман-есен өткеріп қайтқан екенсіз. Жасаған құлшылықтарыңыз қабыл болсын! Бұл сіздің Мекке-Мәдинаға алғашқы сапарыңыз ба? Қандай әсермен оралдыңыз?

Үлкен қажылыққа бірінші рет баруым. Бұған дейін Алланың нәсіп етуімен үш мәрте умра сапарына барғанмын. Оның барлығы шығармашылықтың ықпалымен болды. Алғаш 2006 жылы айтыста айтқан өлеңім үшін қалталы азаматтар ризашылық білдіріп, демеушілік жасады. Кейін 2011 жылы Тәуелсіздік күніне арналған айтыста белгілі меценат, иманды азамат Қайрат Сатыбалды сахнаға шығып айтысқа қатысқан барлық ақынға умра жолдамасын сыйлады. Кейін сол уәдесі арқылы барлығымызды қасиетті мекенге апарып келді. Одан кейін Астана қаласында «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұйымдастыруымен «Текті сөздің төресі» атты терме сайысы өтті. Сөзін жазған термем жүлделі орынға ілікпегенімен, ынталандыру сыйлығына тігілген 10 шақты умраның біреуі маған бұйырды. Сол жолдамамен қасиетті шаһарды тағы бір зиярат етіп қайттым. Ол жаққа баруға мұсылман баласы әр кез ынтық. Шын мұсылман қайта-қайта баруды армандайды. Кей адамдар «Бұл Серікзат Меккеге неменеге қайта-қайта барып жүр?» – деп ойлауы мүмкін. Кейде сондай әңгімелерді де естіп жатамыз. Ол – Алланың нәсібі. Ешкімнен сұрап алған жоқпыз. Өнеріміздің арқасында үш мәрте жолдама бұйырды. Ал жақында барған Үлкен қажылық Жүрсін Ерман аға басқаратын «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» шешімінің нәтижесінде болды. Олар «ортамыздан бір ақынды қажылыққа жібереміз» деп, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен келісіп, мені жіберді. Қысқасы, Жүрсін ағамыздың батасымен, басқа ақын бауырларымның қолдауымен ұлы сапарға аттандым. Солай барып келдік. Ол жақтан алған әсер бөлек. Пенде болғаннан кейін біз осы дүниенің амалымен өмір сүреміз, «тіршілік, бала-шаға өсіреміз, Қазақстанның мәдениеті мен ғылымын дамытамыз» деп осы дүниенің нығметіне байланып жүреміз. Әрине ол да керек. Бірақ қасиетті Қағбаны көргенде екі дүниенің мәнін түсінесің. «Күзде солған шөпті көктемде қайта шығарғанымдай, сендер де қайта тірілесіңдер» деген Құрандағы аяттардың мәнін ұғасың.  Қасиетті Мекке-Мәдинадағы мешіттерді, сондағы адамдардың ниетін, пейілін, олардың Алла Тағаланың құдіретінің шексіздігіне деген сенімін көрген кезде басқаша көңіл-күй, өзгеше сезімде боласың. Ол жердегі адамдардың барлығы бірдей. Бай да, кедей де, патша да, пақыр да бір киіммен жүреді. Қажылық өтеген кезде өзіңнің ешкімнен артық еместігіңді, қатардағы пенде екендігіңді ұғасың. Елде жүргенде марапатқа ие боп жатасың, бірде мемлекеттен марапат алып, енді бірде айтыстан бас жүлде алып, тағы бірде жұрт поэзияңды мадақтап, енді бірде ел «сен ғалымсың», «ұстазсың» деп жатады. Ол мақтауларға көкірегіңде менмендік оянуы мүмкін. Ал шындығында, мақтауға лайық тек Алла Тағала ғана. Ол жақта ел басқарып отырған басшы мен қарапайым шаруаның да Алланың алдында бірдей екенін көресің. Адамдар екі-ақ метр матадан тұратын ихрам деген киім киеді. Барлығының киімі бірдей. Ешкім қымбат киіммен немесе биік дәрежесімен мақтана алмайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде қажылық парызын өтеп, қажылығы қабыл болған адамды анасынан жаңа туған пәк сәбидей болады деген екен. Ол адамның амал дәптері қайтадан жаңа парақтан басталатынын айтыпты. Адамға осыдан артық не керек? Солай мұсылманның бесінші парызын орындап, Аллаға шүкіршілік айтып, қайтып келген соң көргенімізді, білгеніміз бен түйгенімізді университеттегі шәкірттерімізге үйретуге тырысып жатырмыз. Мекке-Мәдина кешегі Құнанбай, Досжан хазірет, Шәкәрім аталарымыз, басқа да қазақтың үлкен ғұламаларының барған жері, табандары тиген жер ғой. Меккеге қазақ даласынан сапар бізден басталған жоқ. Бізге дейін де болған, бізден кейін де жалғаса береді. Сондықтан ол жаққа барып келгенім, Қағбаны көзіммен көргенім үшін Аллаға сансыз шүкіршіліктер айтамын.

Алланың нұры түскен жерде жүріп, Жаратушымыздың қандай да бір мұғжизасына, кереметіне куә бола алдыңыз ба?

 Сонда жүріп бір қайтыс болған жақын туысыма арнайы дұға жасайыншы деп ниеттенгенмін. Кім екенін айтпай-ақ қояйын. Сол кісінің баласы хабарласып: «Әкеме дұға жасайын деп жатырсың ба?» – деп сұрады. Сөйтсем, түнде әкесі түсіне еніп: «Серікзатқа айт, маған дұға жасасын», – деп аян беріпті. Бұл оқиғаға таңғалдым. Қажылықта жүргенде одан өзге де біраз адамдар жайлы жақсы аян түстер көрдім. Көрген түстерімді жақсылыққа жорып, келген соң олардың өздеріне де айтып бердім.

Және бір таңғаларлық оқиға, Меккеде қажылықта қасымда жүрген азаматтар ерекше бір адамды байқапты. Киімі қазіргі уақыттағы адамдарға ұқсамайды дейді. Көзін төмен салып адамның бетіне қарамайды екен. Сахабалардың дәуірінде Жебірейіл періштенің адам кейпінде олардың араларында жүргені айтылады ғой. Сондай мұғжизалар болған. Жаңағы ерекше адам да жанымдағы жігіттерге сондай әсер қалдырыпты. «Киімі де өзгешелеу, басын төмен салған, қасымыздан өтіп кетті» деп жігіттер көпке дейін айтып жүрді. Ол жердегі адамдардың мейірімділігі, бір-біріне деген құрметі өзгеше. Шөлдеп келе жатсаң, су беруге, қарның ашса тегін тамақ беруге ұмтылады, жақсылық жасап, сауап алсақ дейді. Сондайда Алла Тағаланың өзіңді мұсылман етіп жаратқанына сансыз шүкіршілік айтасың. Адамдардың пейілінің тазалығын, көңілінің риясыздығын сол жерден көрдім.

 

Нағашы әжеміз бес уақыт намазын тастамайтын, ораза ұстайтын тамаша жан еді

Серікзат аға, сіздер балалық шағы Кеңестік кезеңде өткен буынсыздар ғой. Діни тәрбие сізге отбасында берілді ме, жоқ әлде намазға кейін келдіңіз бе?

Әке-шешем мал фермасында жұмыс істеді. Әкем комсомол жастар бригадасының жетекшісі болатын. Негізінен, сол малды ауылда өстік. Ауылымыздың орталығына мектеп жасында бір-ақ келдік. Әкемнің шешесі, әжем мен бірінші сынып оқығанда қайтыс болды. Содан кейін бізге қарайтын адам болмай, әке-шешем Аягөз қаласында тұратын нағашы әжем Бәлиханды алдырып, бізге бас-көз ғып қойды. Өзіміз отбасында сегіз баламыз. Ең үлкен екі әпкеміз мектеп бітіріп қалаға оқуға кетті де, ауылдағы үйде алты ұл қалдық. Нағашы әжеміз бес уақыт намазын тастамайтын, ораза ұстайтын тамаша жан еді. Ислам дінінде қандай тәртіп, дәстүр бар, соның барлығын ұстанатын. Айт күні әдемі киімдерін киініп, көрші үйлерге айттап кіріп шығатын. Құрбан айтта құрбандық шалдыратын. Кейде намазын қаза етіп алса, бірдеңесін жоғалтқан кісіше кәдімгідей өкініп жүретін. Сол кісінің тәрбиесін көрдік. Тазалықты жақсы көретін. Біздің киімімізге қылау түсірмейтін.  Ислам дінінде «Тазалық – иманның жартысы» дейді ғой. Өзі тап-таза, аппақ болып киініп жүретін. Қазір қарап отырсам, сол кезде жасы 75-те екен ғой. Әжемізге қосылып, біз де шала-пұла намаз оқитынбыз. Алғашқы оқыған намазымыз сол десек те болады. Кейін мен университетте оқып жүргенде ол кісі қайтыс болды. Намаздың не екенін ұмыттық. 2005 жылы күзде Астана қаласында президенттік сайлау қарсаңында «Ел басқарар ерің кім?» атты айтыс болды. Ол кезде қателеспесем, президенттікке бес адам түсіп жатты ғой деймін. Айтысты Жүрсін Ерман ұйымдастырды. Сол айтыстың үстінде аузыма Алла салған шығар, Жаратушыны көп ұлықтап айтыппын. Айтыстың соңында қазы болып отырған Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан ағамыз: «Серікзат, осы сен намаз оқисың ба?» – деп сұрады. Мен намаз оқымайтынымды айттым. Ол кісі: «Әй, сенің айтып отырған сөзіңнің бәрі дұрыс сөз ғой. Намаз оқитын адам сияқты сөйлейсің», – деді. Намаздан хабарым жоқтығын айтып күлдім. Солай Бекболат ағаның ықпалымен,  2006 жылы умраға кетіп бара жатқан айтыс ақындарының қатарына мен де қосылдым. Бір топ айтыс ақындары Серік Құсанбаев, Айнұр Тұрсынбаева, Бауыржан Халиолла, Мұхтар Ниязов, Нұрлан Мұсаев, Қуаныш Қолқаев, Есет Досалы, т.б. барлығымыз умраға аттандық. Содан бастап намаздың не екенін біле бастадым, кейін намаз оқып кеттім. Сол уақыттың әсері шығар, өз ортамыздағы жігіттердің барлығы намаз оқи бастады. Біз алғаш оқып жүргенде мешіттегі жұма намазында бір-ақ қатар жамағат жиналатын. Қазір қатарымыз көбейіп, кейінгі кезде мешітке өзіміз сыймай қалатын болдық. «Әзірет Сұлтан» мешіті салынбай тұрғанда жұма намазында «Нұр-Астана» мешітіне сыймайтынбыз. Қыста, аязда сыртта қалып қойып намаз оқыған кездеріміз көп болды. Оның өзі үлкен қуаныш. Елбасымыз екінші үлкен мешіт «Әзірет Сұлтанды» салдырды. Аллаға шүкір, қазір оның өзі толып кетті. Ислам діні – ата-бабамыздың қабылдап, кейін бізге қалдырған асыл мұрасы ғой. Қазақ жастарының ата дініне оралып жатқаны қуантады. Әрине, ішінде кемшіліктер де бар. Бірақ жалпылама алғанда дінге бет бұрғанымыздың өзі үлкен жақсылық деп ойлаймын. Қазір көп адамдардың намазға, иманға деген көзқарасы түзелді.

– Иманыңыз әлсіреген кездері не істейсіз? Оны қалай көтересіз?

– Иманды әлсірететін де, жоғарылататын да араласқан ортаң. Дінді дұрыс білетін жігіттермен байланыс орнатып, жиі әңгімелесіп тұрсаң иманың толық болады. Негізінен, Мүфтият мақұлдаған діни кітаптарды оқимын, мешітте уағыз тыңдаймын. Алау Әділбаевтың «Саңлақ сахабаларын», «Пайғамбарлар қиссасын», мүфтияттан шыққан «Иман негіздері», басқа да пайғамбарымыздың өміріне қатысты діни кітаптарды жиірек оқуға тырысамын. Осы қажылық сапарында бізге қажылықтың өтелуі тәртібіне байланысты кітаптар берді. Соның бәрін оқып шықтым. Астанада өнер адамдары өзіміз қалыптастырған имани ортамыз бар. Онда дінді жақсы ұстанып жүрген жігіттер бар. Солардан кеңес алып тұрамын. Мешіт пен дін қызметкерлеріне де ризамын. «Әзірет Сұлтан», «Нұр-Астана» мешіттеріне барып, сол жердегі имамдармен, қари жігіттермен жақсы араласамын. Бас мүфтидің өзімен де көрген кезде қуанысып сұхбаттасып жатамыз. Сол азаматтардың маған көп әсері болды.

 

Ұлымды жұма намаздарға, тарауық намазына апарып, үйретіп жүрмін

– Кейбір адамдар «жүрегім таза, көңілім пәк, мен намаз оқымай-ақ таза жүре алам» деген пікірде. Бұған не дейсіз? Намаз оқымай да жақсы болып жүре беруге бола ма?

– Намаз оқу – Алланың парызы. Адамның ниеті түзу, шынымен таза болса, ол адам сөзсіз намазға келеді. 70 жылдық атеистік қоғам бізді дінге үрке қарауға үйретті. Бірақ қазір Аллаға шүкір, түзеліп келе жатыр. Мүмкін ол адамның уақыты келмей тұрған шығар. Алла Тағала қалаған құлын өзі иманға алып келеді. Кезінде намаз дегеннің не екенін білмей жүрген небір ғалым, жазушыларымыз намаз оқып кетті. Неге? Себебі, Алла олардың жүрегін ашты. Жаңағы «жүрегім таза» дегендердікі дұрыс. Мұсылманның жүрегі таза болу керек. Ешкімге зиянды тигізбеу, жан дүниені таза ұстау – имандылықтың басты шарты. Намаз оқып жүріп, күнә жасап, жүрегің таза болмаса, ол намазды қабыл деп айта алмаймыз. Бірақ күнә жасамаған кісі ақырын-ақырын намазға келеді. Қазақ «Мұсылманшылық әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте» дейді. Алла қаласа, бар қазақ әсте-әсте иманға келеді деп үміттенемін.

– Отбасыңызда дін қағидаларын қаншалықты ұстанасыздар?

– Отбасым толық намазхан деп айта алмаймын. Бірақ үйде діни әңгімелер жиі айтылады. Ұлымды жұма намаздарға, тарауық намазына апарып, үйретіп жүрмін. Жасы тоғызда. Сәл есейе келе толық оқыта бастаймын. Қызыма да ақырындап үйретіп жүрмін. Қызға анасы үйретуі керек еді, бірақ жұбайым әлі намазға келе қойған жоқ. Ниеті бар, «оқимын» деп айтып жүр. Оған уағызды жеткізіп айта алмай жүрген менің кемшілігімнен шығар. Келешекте ол да келеді, Алла қаласа, балаларымның барлығы намаз оқиды деп ойлаймын. Алладан соны тілеп, дұға етудемін.

– Балаларыңызға тәрбие беру тұрғысында қандай ислам қағидаларын қолданасыз?

– Балаларыма «Иман бақшасы» секілді кішкентай балаларға арналған кітаптарды оқытуға тырысамын. Алла тағаланың діні, Пайғамбарымыз жайлы көбірек айтамын. Құран жаттатып жатырмын. Ұлым, Аллаға шүкір, бес-алты сүрені біледі. Қызым да жаттап жатыр. Келешекте Құранды толықтай жаттатсам деймін. Құранды толық жаттаған баланың ата-анасы жәннатта алтыннан тәж киеді дейді ғой. Соған жету – арманымыз. Егер ұлым өсе келе діннің жолын ұстанамын, дін қызметкері боламын десе, оған да қарсы емеспін. 

Пайғамбарлар немесе сахабалар өмірінен ғибрат боларлық бір қисса айтып бере аласыз ба?

– Сахабалар өмірінен көп ғибрат алуға болады. Жоғарыда «Иман әлсірегенде не істейсіз?» деп сұрадыңыз ғой. Сахабалардың да иманы әлсірейтін кездер болады екен. Сонда олар өзара бір-біріне Пайғамбарымыздан (с.а.у.) естіген ғибратты сөздерді айтып, имандарын күшейтетін көрінеді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында Мәдинаға жақын жерде тұратын бір адам болыпты. Ол кезде мүмкін болған адамдардың барлығы Пайғамбарымызды (с.а.у.) көруге құмар екен. Тек жаңағы кісі ғана барып, Алла елшісін көзі тірісінде көре алмай қалыпты. Ал Пайғамбарымыз (с.а.у.) қайтыс болып кеткен соң, сол адам жайлы естіген сахабалар жиналып барады ғой. Адамзаттың асыл тәжін барып көруге мүмкіндігі бола тұра неге келмегенін сұрайды. Жаңағы кісі: «Біріншіден, үйде кәрі анам бар еді. Ол кісі аурушаң, дімкәс болатын. Өздігінен тамағын да іше алмайтын еді. Анама қарайтын адам болмады, сондықтан бара алмадым. Екіншіден, тістеріңізді көрсетіңіздерші», – депті. Сөйтсе сахабалардың тістері маржандай болып орнында тұр екен. Ал жаңағы адамның аузында бірде бір тіс болмаған көрінеді. Сонда әлгі адам: «Ухуд шайқасында Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) бір тісі сынғанын білесіздер ғой! Мен қай тісі екенін көрген жоқпын. Пайғамбарға ұқсағым келіп, алғашында бір тісімді сындырдым. Кейін ол тіс емес шығар деп тағы бір тісімді сындырдым. Солайша барлық тісімді сындырып шықтым. Менің пайғамбарға құрметім, оның ісіне деген махаббатым осындай», – деп сахабаларды ұялтып тастапты. Қарап отырсақ, адамзаттың асыл тәжі болған Мұхаммедтің (с.а.у.) бір де бір қиыс кеткен жері жоқ. Бәрі түзу жол, адамдарға жақсылық жолы. Біз де Пайғамбарымызды (с.а.у.) көрген жоқпыз, бірақ оған сүйікті сахабалары секілді еліктейміз, өмірінен ғибрат аламыз, оған ұқсағымыз келеді.

 

Қазақ топырағына дін өлең арқылы тараған

– Өзіңіз де ақынсыз ғой, дініміздегі ақындардың рөлі туралы айтыңызшы.

– Тарихымызды қарап отырсақ, қазақ топырағына дін өлең арқылы тарағанын көреміз. Әсіресе, ақындар қауымы оған көп еңбек сіңірді. Бұқар жырау, Шортанбай, Дулат, Майлықожа, Мәделіқожа, Сүйінбай, Шал ақындарды қарап отырсаңыз, олардың барлығы өздерінің өлеңдерінде дін туралы айтады, оны таратуға қызмет етеді. Керек болса, Біржан-Сара, Әсет-Рысжан секілді классикалық айтыстардың өзінде дінге байланысты айтылатын жерлері көп. Қазақ халқы көп дүниені ақындардан тыңдаған. Ақындар таңды таңға ұрып жыр жырлаған, қисса айтқан. Қара қазақтың театры да, кітабы да сол болған. Бір кездері арабтарда да сөз өнері қатты дамыпты. Исламға дейін ақындардың дәуірі күшті болып тұрған. Пайғамбарымыз (с.а.у.) келгенде Меккеде сөз өнері, ақындық, шешендік жоғары бағаланады екен. Ақындар бір-бірімен өлең жарыстыратын болған. Өлеңдерін Қағбаның қабырғасына іліп қоятын болыпты. Ал Пайғамбарымыз оларға Құран аяттарын оқығанда, өздерін ақын санап жүрген адамдар мұндай әуезді, әдемі сөзді естімегендерін айтып, қатты таңғалатын көрінеді. Бірде Алла елшісі Қағбаның қабырғасына «Кәусар» сүресін іліп қойыпты. Оны оқыған біраз ақын «бұл адамның сөзі емес» деп иман келтіріпті дейді. Құранда «Шұғара» дейтін сүре бар. Қазақша мағынасы «Ақындар».  Мұның өзі ақынның қоғамдағы рөлінің үлкендігін көрсетеді. Біздің қазақ қоғамына діннің ақындар арқылы жайылуы Ислам дініндегі сөздің құдіреттілігін көрсетеді. Қазір де біздің көптеген ақындарымыздың айтысқа шығып, діни өлең жазуының өзі халыққа жақсы ықпал етіп келеді. Жұрт ақынның әр сөзінен тамшыдай болса да ғибрат алады. Ақындардың барлығы иман келтіретін болса, Абайдың «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел!» дегеніндей тыңдаушылардың түзелуіне даңғыл жол ашылады деп ойлаймын.

– Жиі айтатын аятыңыз бен хадисіңізді айтыңызшы.

– Абай атамыз «Әуелі аят-хадис сөздің басы» дейді ғой. Әуелі аяттан бастайын. Жалғыз мен ғана емес, елдің бәрі алдымен «Фатиха» сүресін оқуы керек. Өйткені бұл аятты Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Құранның анасы» деп атаған. Сосын «Ықылас», «Фәлақ», «Нәс» сүрелерін жиі оқимын. Бұл – олар басқа сүрелерден артық деген сөз емес. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) жеткен хадистерде осы сүрелерді жиі оқысақ, пәле-жаладан құтылуға болатыны анық айтылады. «Мұсылман қорғаны», «Пайғамбарымыздың (с.а.у.) таңғы және кешкі дұғалары» деген  кітапшаларды қалтамнан тастамай алып жүремін. Онда Құран аяттары, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) тамаша дұғалары бар. Ал хадистерге байланысты «Діни төрттағандар» атты өлең жазғанмын. Соның ішіндегі шумақтардың барлығы хадиске негізделген. Біраз хадистерді оқып шығып, оны бір-бір шумақ өлеңге айналдырып жазып шыққанмын. Мүмкіндігінше сахих, сенімді хадистерді көбірек қолдануға тырысамын. Өзімнің маңайыма айтып жүремін. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Мұсылман тілімен де, ісімен ешкімге зиянын тигізбейтін адам» деген, немесе «Жақсылықты анаңа, анаңа, тағы да анаңа жаса» деген сияқты көптеген ғибратты хадистері бар. Сол хадистерге амал қылуға тырысамыз. Пайғамбарымыз не жақсылық бар, не жаманшылық бар, бәрін айтқан. Жаман мен жақсыны үмбетіне айырып айтып беріп кетті. Бізге сол көрсеткен жолмен жүру ғана қалды. «Сабыр – жәннаттың кілті» деді. «Арақ ішпе, ұрлық қылма, зина жасама» деді. Толып жатқан өзге де хадистері бізге ғибрат, үлгі. Біздің бүкіл өміріміз тура жолы Құран мен хадистерде тұр.  

0 пікір