Қазақты әлемге танытқан ойшыл
Қазақты әлемге танытқан ойшыл
9 жыл бұрын 7449 aikyn.kz

Әлемге танымал қазақстандық ғалым Бекет Ғалымжанұлы Нұржанов 1949 жылы 30 сәуірде Ақмола (қазіргі Астана) қаласында ұстаздар отбасында дүниеге келді. 

Ұстаздар отбасының ұстанымы Бекет Ғалымжанұлының болашақтағы мамандығын таңдауына тікелей әсерін тигізді. Білім қуған ол 1968 жылы С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философиялық-экономикалық факультетіне түсіп, 1973 жылы оны үздік бітіріп, «Философ, философия оқытушысы» мамандығын алып шықты. Университет қабырғасында да оған танымал қазақстандық философтар А.Х.Қасымжанов, Қ.Х.Рахматуллин, Ж.М.Әбділдин, М.Н.Чечин, Ә.Нысанбаев, О.А.Сегізбаев сынды аса білгір ғалымдар ұстаздық етті.

Қазақта «Ұстазы жақсының ұс­танымы да жақсы болады» деген мә­тел бар. Осындай айтулы ұстаздардан тәлім алған Бекет Ғалым­жанұлы да олардың жолын қуып университетте оқытушылық жолы­на түсіп, ғылыми шығармашылық жұмыспен тынбай айналыса бас­тай­ды. Нәтижесінде, 1982 жылы КазКСР ҒА мүше-корреспонденті, профессор А.Х. Қасымжановтың жетекшілігімен «Диалектикалық неорационалистік ұстындарына сыни талдау» атты тақырыпта кан­дидаттық диссертация қорғайды. Ал 1992 жылы Мәскеу қаласында Ресей Ғылым академиясы Фило­софия институтында Ресейге танымал философ-ғалым Н.В.Мо­тро­­шилованың кеңесшілігімен «Гегель диалектикасы: болмыс және еркін­дік» атты тақырыпта докторлық дис­сертациясын сәтті қорғап шы­ға­ды.

Еліміз тәуелсіздік алған тұстан бастап, отандық білім беру сала­сын­да түбегейлі өзгерістердің бол­ғаны баршамызға белгілі. Б.Ғ.Нұр­жанов алғашқылардың бірі болып, профессорлар С.Т.Темірбеков, Т.Х.Ғабитов, т.б. бірлесе отырып, Қа­зақстандағы мәдениеттану ғылы­­мының негізін қалады. 1995-2008 жылдар аралығында әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінде мәдени антропология кафедрасының меңгерушісі қыз­метін атқарды. Осы уақыт аралы­ғында әлемге таныла бастаған ғалым­ның жетекшілігімен және жеке өзінің тікелей құрастыруымен фи­лософия және мәдениеттану ма­ман­дықтарының студенттеріне арналған бірнеше арнайы курс­тарды, атап айтар болсақ, «Фило­софия тарихы», «Мәдениеттану», «Мәдениет философиясы», «Фило­софиялық антропология», «Мәде­ниет тарихы», «Тіл және мәдениет», «Заманауи батыс философиясы­ның жаңа үрдістері», «Ницше фи­ло­­софиясы», «Мәдениет тарихын­дағы миф және рәсім», «Модерн және постмодерн мәдениеті», «Ж.Дер­ри­даның мәдениет фило­софиясы» т.б. бағдарламаларды дайындап, оны студенттер мен ма­гистрант­тар­дың назарына ұсынды. Ол сондай-ақ «Мәдениеттану» пәні­нен Қа­зақ­стандағы алғаш шық­қан оқу­лық­тың авторы.

Сол кезеңде ол басқарған ка­федра Қазақстан Республикасында мәдениеттану саласынан бірден-бір жоғары білікті мамандарды дайындайтын ғылым білім беру орталығына айналды. Университет жанынан арнаулы мәдениет фи­лософиясы бойынша диссертация­лық кеңес те құрылып, көптеген ізденушілердің кандидаттық және докторлық диссертация қорғауына мүмкіндіктер ашылды. Бекет Ғалымжанұлының тікелей жетек­ші­лігімен 5 докторлық, 15 канди­дат­тық және 8 магистрлік дис­серта­ция сәтті қорғалды. 

Айтулы ғалым-ұстаз есімі Қа­зақ­станда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де кеңінен танымал. Ол көптеген халықаралық конфе­рен­циялар мен семинарларда сөз сөйлеп, өзінің төлтума ойларымен қазақстандық руханиятты әлемге паш етті. Оған 2004 жылғы қараша айындағы Париждегі ЮНЕСКО бастамасымен өткізілген «Фило­софиялық сұхбаттастық: Азия және Араб әлемі» атты фило­софтар күні­не арналған дөңгелек үстел, 2007 жылы Лондонда өткен білім беру мәселесіне байланысты дөңгелек үстел және «Адами креа­тивтілік философиясы» атты семи­нар, 2007 жылы АҚШ-тағы Беркли Кали­форниялық университетінде жаса­ған «Қазақиұлттықидея» атты баян­­­дамасы және т.б. айтулы қыз­меттері дәлел бола алады.

Бекет Ғалымжанұлы көп тілді жетік меңгерген полиглот (ежелгі грек, латын, француз, ағылшын, неміс, итальян тілдері) ретінде Батыс ойшылдары: Ж.Бодриар, Ж.Делез, Ж.Ф.Лиотар, Р.Жирар, Ф.Джеймисон және басқалардың ғылыми еңбектерін француз және ағылшын тілдерінен аударып, қазақ тілді оқырмандарға Еуропа философиясын түсінуге кең жол ашты. Ол мәдениеттанушы Ә.Қо­дармен бірге мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша мәдениеттану секциясының 10 томдығының 7-8 томының жарық­қа шығуына мұрындық болды. Сонымен қатар Бекет Ғалымжан­ұлы 2007-2009 жылдары «Қазақ­станның тұрақты дамуындағы ұлт­тық идея негіздері» атты мем­­­ле­кеттік бағдарламаның іске асуына белсене араласты және «Шығыс пен Батыс мәдени сұх­баттастығы аясындағы Қазақ­стан­дық ұлттық идея» тақырыбындағы жобаның орындаушысы болды. Ол барлығы 100-ден астам ғылыми ең­бектің, оның ішінде 10 монография мен оқулықтардың авторы. «Ғы­лымның сарайына кіретін адамның ары таза, жан-иманы кәміл, пейілі тура болуы керек. Ондай бола алмайтын адамдар өзін де, өзгені де былғамай, ғылымнан аулақ жүруі керек» деген әл-Фараби бабамыз­дың ұстанымын Бекет ағамыз өзіне принцип етіп алғандай ғылым жолындағы тазалығы арқылы әрқашан әйгіленіп тұратын.

Қазақстандағы «Хабар» телеар­насынан белгілі сатирик-жазушы Көпен Әмірбек пен сықақшы-актер Бауыржан Ибрагимовтің жүйелі жүргізілетін «Көз көрген» қойылымы ойға оралып отыр. Бұл хабар өмірден озған зиялылары­мыздың ғұмырынан қызықты жайт­тарды, үзік-үзік ойларды еске алу арқылы халқымыздың жады­сын жаңғыртып отырушы еді... Ал фәни дүниеден озғанына жарты жылдан асқан Бекет Ғалым­жанұлы Нұржановтың ғылымдағы, оның ішінде, мәдениет философия­сы саласындағы салып кеткен сара жолын, салиқалы ойларын сарап­та­малау арқылы ғана еске алып, өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдыра аламыз. Бекет Ғалымжанұлының артында сүйікті жары Альбина Мейірбекқызы мен сүйкімді қызы Диана қалды. Олар Бекеңнің мұра­сын жалғастырып қана қоймай, жаңғырта береді деп сенеміз.

Ойшылдың терең мұрасын зерт­теу, таразылау, бүгінгі күн тұр­ғысынан зерделеу – уақыт талабы. ... Асқар таулар алыстаған сайын биіктей береді.

Лесхан Асқар, Берік Аташ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультеті,

Философия кафедрасының ұстаздары

1 пікір