Пайғамбарымыздың дуалану оқиғасы
Пайғамбарымыздың дуалану оқиғасы
4 жыл бұрын 13468
Абдусамат Қасым

Сиқыр мен дуа – Исламда үлкен күнәлар қатарынан саналған. Ондай істің харамдығы жөнінде ешбір ғалым шүбә келтірмейді. 

Сиқыр үйренудің де, үйретудің де харам екендігі бірнеше аят-хадистерде ашық айтылады. Мәселен, Құран Кәрімдегі Харут пен Марут періштелері жөнінде сөз қозғалған аятта: «Ол екі періште: "Біз – сынақпыз. Кәпір болма" деді », - дей келе сиқырдың күпірлікке жетелейтін іс екендігін білдіруде. Осыдан келіп, сиқыр жасау, дуалау істерімен айналысатындарды көпшілік Ислам ғұламалары кәпір санап, оның бұл дүниедегі жазасы өлім деген.

Өкінішке орай, қазіргі таңда да мұндай харам іспен шұғылданушылар қоғамда кездесіп жататыны жасырын емес. Қанша отбасы сол сиқырдың кесірінен бұзылып, қаншама адамдар сиқыр-дуаның кесірінен жапа шегуде. Бірақ, дуа жасатушы да, дуа жасаушы да о дүниеде Алланың рахымынан махрум қалып, тозақтың түбінде мәңгі азапталатындықтарынан бейхабар. 

Аталмыш сұрқия істің кесірі кезінде Пайғамбарымызға да тигенін біріміз білсек, біріміз білмеуіміз мүмкін. Пайғамбарымызға дұшпандары түрлі қиянат жасап, бірнеше рет өлтірмекші болған. Сондай қастандықтың бірі өз қызметшісі Ләбид ибн Асъам тарапынан жасалды. Ол Алла елшісін дуалап өлтіргісі келді.

Имам Бәйһəқидің «Дәләилун Нүбууәһ» атты еңбегінде орын алған риуаятта, Пайғамбарымыздың дуалану оқиғасын Айша анамыз былай деп әңгімелейді:  

«Алла елшісіне (саллалаһу алейһи уә сәлләм) қызмет жасайтын яһуди бір жігіт бар еді. Нысбысы: Ләбид ибн Аъсам болатын. Яһудилер оның соңынан қалмай, ақыры Алла елшісін сиқырлатады (дуалады). Одан кейін (сиқырдың әсерінен) Пайғамбарымыз (күннен күнге) еріп бара жатты, бірақ не нәрсе ауыртып жатқанын білмеді.

Түндердің бірінде ұйқыда жатқан кезінде екі періште (Жебірейіл және Микәил періштелері) басықасына келіп, бірі бас жағына, екіншісі аяқ жағына отырды да, бас жақтағы періште (Жебірейіл) аяқ жағында отырған періштеден (Микәилден):

- Оны не ауыртып жатыр? – деп сұрады.

- Дуаланған – деп жауап береді (Микәил періште).

- Кім дуалаған?

- Ләбид ибн Аъсам.

- Не нәрсемен дуалады?   

- Тарақ және тарағанда түскен шашының қылын, сондай-ақ, пальма тозаңының қабығын қолданды. Кейін онысын «Зәруан» құдығындағы құдық тасының астына қойды, - дейді періште.

Таң атқаннан кейін Пайғамбарымыз қасында сахабаларын ертіп (түсінде айтқан) құдыққа барды. Арасынан бір кісі құдыққа түсіп, пальма тозаңының қабығын алып шықты. Ішін ашып қараса, ішінде: Алла елшісінің тарағы, шашының бір қылы және шам балауызынан жасалған Алла елшісінің мүсіні бар екен. Мүсінге ине қадалған. Сондай-ақ, онбір рет түйілген ширатылған жіп шықты. Сол арада Жебірейіл періште Пайғамбарымызға «Фалақ» пен «Нас» сүрелерін түсірді. Ол (періште) оған: "Ей, Мұхаммед! Былай деп айт: «Әғузу бироббиль Фалақ», - деді. (Артынша) бір түйін шешілді. «Мин шәрри мә халақ» дегенде тағы бір түйін шешілді. Осылайша сүрелерді соңына шейін оқып, түйіндердің бәрі шешілді. Инені суырмай тұрып Пайғамбарымыздың ауруы тоқтамады. Одан кейін (ауруы басылып) рақаттанды. Алла елшісіне қасындағылар:

- Жаңағы Яһудиді өлтірсеңіз ғой, - десті. Сонда Алла елшісі:

- Алла маған саулығымды қайтарды. Оның артынан келер Алланың азабы қаттырақ», - деп жауап береді[1].

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Ләбидтен не үшін сиқыр жасағанын сұрағанда ол: «Динарға деген сүйіспеншілік себеп болды» деп жауап берген екен.

Осы тұрғыда пайғамбарымыздың әлгі жігітті өлтіртпеуінің себебін ғалымдар әртүрлі топшылаған. Бір тұжырым бойынша, ол кезде Медине қаласындағы Яһуди дініндегілер мен мұсылмандар арасында келісімшарт жасалған етін, егер жігітті өлтіргенде, келісімды бұзған болып, қоғамда дінаралық қақтығыстар орын алар еді. Соны болдырмау үшін Алла елшісі оған кешірім берген. Пайғамбарымыздың: "Оның артынан келер Алланың азабы қаттырақ" деген сөзінің мәні де сол болса керек.

Басқа бір тұжырымға қарағанда, Ләбид сырт көзге мұсылман болып көрініп жүрген мұнафиқ еді. Егер оны өлтірсе, дұшпандар Мұхаммед өз адамдарын өлтіріп жатыр деген кәуесет тарататын еді. Оның үстіне, кейіннен адамдар кезкелген біреуді «мұнафиқ» деп айыптап, оны өлтіруге тырысып, қоғамда хауас туындар еді.

Басқа бір риуаятта Ләбид кінәсін мойындап, кешірім тілегендіктен, Алла елшісі оны кешірді делінеді.

Алла Тағала баршамызды жын-шайтанның кесірінен және адамдардың кесірінен қорғасын! 

 

[1] Имам Суюти: «Әддуруль Мәнсур». 15/794 бет.

0 пікір