Ораза және ұялы телефон
Ораза және ұялы телефон
1 жыл бұрын 4509
Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

Қазіргі таңда ұялы телефонның әрбір жеке бастың ажырамас серігіне айналғаны жасырын емес. Қолымыз қалт етсе телефонға үңіліп, жатарда жастанып жататынымыз белгілі. Дініміз ұялы телефон қолданба демейді. Кісінің заманына сай телефон қолданып, ондағы пайдалы қызмет түрлерін керегіне жаратуы дінде мубах (рұқсат). Алайда, ұялы телефонымызды пайдаланғанымызға қарай сауап немесе күнә болатындығын да естен шығармауымыз керек екен. Егер ұялы телефонды Құран оқу, кітап оқу, пайдалы жазбалар мен ақпараттарды оқу, сұрақ сұрау сияқты жақсы дүниелерге қолдансақ - сауап, ал егер анайы фильмдер көру, әлеуметтік желілердегі түрлі тұрпайы, әбес және бейәдеп нәрселерді көру үшін қолдансақ, не болмаса, бүкіл уақытымызды сотка шұқылауға, ойын ойнауға жіберіп, сабақ, жұмыс сияқты міндеттемелерді жиыстырып қойсақ - күнә болады.

Уақытты тиімді пайдалану мәселесі, әсіресе, Рамазан айында өзекті. Өйткені Рамазан айы - берекелі ай. Бұл ай - сауаптар еселеніп берілетін ай. Рамазан айы - сауаптардың бау-бақшасы іспетті. Сол себепті, осы қасиетті айдың берекетінен мақрұм қалмас үшін, күнделікті тіршіліктің қам-қарекетінен босаған уақытымызды құлшылыққа арнағанымыз абзал екен. Алақан жайып дұға тілесек те құлшылық. Тәспі тарту да құлшылық. Намаз оқып, Құран оқу да құлшылық. Ал мұндай берекелі айды пайдасыз нәрселерді көріп, ұялы телефонға телмірумен өткізу - ысырап болады.

Рамазанда орындалған құлшылықтың артықшылығы жайында әрі тәбиғин, әрі атақты фақиһ Ибраһим ән-Нәхаъи (р.а.) былай деп сөз етеді:

«Рамазан айындағы оразамен өткізген бір күн – жылдың өзге уақытындағы мың күннен артық. Рамазан айында айтылған бір зікір-тәспихат – өзге айларда айтылған мың зікір-тәспихаттан артық. Бұл айда оқылған бір рәкәғат намаз – өзге айларда оқылған мың рәкәғат намаздан артық»

- дейді ғұлама табиғин.

Құран Кәрімде Алла Тағала мүмін-мұсылмандарды сипаттай келе: «Олар пайдасыз, бос нәрселерден бет бұрады» - деп бұйырады2. Аяттағы «пайдасыз, бос нәрсе» деген сөзін атақты тәпсірші Ибн Кәсир (р.а.): «Күнәлар және пайдасыз бос сөздер мен істер» деп тәпсірлеген3.

Сондықтан да, ұялы телефонымызды қажетінше ғана қолданып, қажет емес кезде былай қойып, оның орнына тәспі тартсаңыз, намаз оқып, Құран оқысаңыз, жаттаған сүрелеріңізді қайталап, жаттамаған сүрелеріңізді жаттасаңыз, кітаптар оқып, хадистер оқып, біліміңізді арттырсаңыз, дұға жасасаңыз, жанұяңызға көңіл бөлсеңіз т.б. осы сияқты құлшылықтарды орындап, қазіргі қасиетті айдағы бос уақыттарыңызды дүние және ақыретіңізге пайдалы істерді істеумен өткізуге талпынсаңыз нұр үстіне нұр болады, әрі сауабы да көп болмақ екен. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1Ибн Ражаб, «Ләтоиф».
2Құран Кәрім, «Мүминун» сүресі, 3 аят.
3Тәфсиру Ибни Кәсир.

 

 

 

0 пікір