Науқастың қалін сұрау - мұсылманның міндеті
Науқастың қалін сұрау - мұсылманның міндеті
9 жыл бұрын 22194
А. Халит

Мұсылмандар науқастанып қалған достары мен көршілерін бос уақыт тауып зиярат етіп тұруы тиіс. Денінің сауығып кетуі үшін Алладан дұға тілейді. Мұндай әрекет мұсылмандар арасында байланысты күшейтіп, олардың жүректерінде бір-біріне деген сүйіспеншілік ұялатады.

Науқас кісілерді зиярат ету – ардақты Пайғамбарымыздан (с.а.у.) қалған сүннет. Ол үнемі науқастарды зиярат етіп, өзге мұсылмандарға да осылай істеуді бұйырып отыратын. Науқас кісіні зиярат еткен адам оған рухани күш-жігер береді. Бұл өз кезегінде кісінің өзіне сауап әкеледі.

Адам сау кезінде денсаулықтың қадірін біле бермейді. Ал науқастық адамға берілген сынақ. Оның хикметін осылай түсіну қажет. Өлім мен тағдырға иман келтірген әрбір кісі науқастыққа қарсы төзімділікпен қарап, Аллаға сыйынуы қажет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) науқастарды зиярат ету қажеттігін, жаназаларға барып тұруды, мұның өз кезегінде өлімді еске түсіру екендігін айтқан. Расулалла (с.а.у.) науқастарды зиярат еткенде қолын кісінің маңдайына қойып, екінші қолымен науқастың қолын ұстайтын. Сөйтіп оның жағдайын сұрап «Жазылып кет, иншалла, мына ауру сенің күнәларыңды алып кетер» дейтін. Соңында науқас үшін қолын жайып дұға тілейтін.

Қиямен күні Алла Тағаланың: «Пәлен күні бір құлым науқастанып қалғанда, сен оны зиярат етпедің. Зиярат еткеніңде мені оның жанынан табатын едің» дейтінін жеткізген Пайғамбарымыздың (с.а.у.) құдси хадисі бар. Айша анамыздың (р.а.) риуаят еткеніндей Расулалла (с.а.у.) отбасында бір кісі науқастанып қалғанда былай деп дұға ететін: «Уа, адамзаттың Раббысы болған Алла тағала! Басқа түскен бұл азаптан құтқара гөр! Шипаны беретін тек сен ғана. Сенен басқа шипа беретін ешкім жоқ!» Тағы бірде былай деген: «Денеңнің ең ауырған жеріне қолыңды қойып, үш рет «бисмиллә» де, сосын жеті рет «науқасым мен ауруымның зияны мен қаупінен Алланың қамқорлығына және оның құдыреттілігіне сиындым» деп айтыңдар» дейді. Егер науқас кісі өлім аузында жатса, оған шаһадат кәлимасын айтқызуға тырысу қажет. Ауру адамның қасында тек жақсы нәрселер мен қайырлы әңгімелер айту қажет.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) мұсылманды да, мұсылман еместерді де үнемі зиярат ететін. Науқасты зиярат етіп отыру – әрбір мұсылманның міндеті. Өйткені Расулалла (с.а.у.) мұсылмандарға бір дененің түрлі мүшелері секілді бір-бірімен тығыз байланысты деп қараған. Ол «Сүйіспеншілікте, қайырымдылық пен жақсылықта мұсылмандарды бір дене деп есептеңдер. Дене мүшесінің бірі ауырса, қалған дене мүшелері де сыздап сала береді емес пе?!» – деген.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір мұсылманның екінші бір мұсылманда болатын бес ақысы жайлы былай дейді: «Онымен кездескенде сәлемдес, сені қонаққа шақырса бар, сенен ақыл-кеңес сұраса барынша көмек бер, түшкіріп «әлһамдулилла» десе «ярхамукумулла» деп айт, науқастанып қалғанда зиярат ет, қайтыс болғанда жаназасына қатыс».

Исламдағы ең көркем мінездің үлгісін көрсеткен пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) өмірі бойы адами қасиеттерді қастерледі – кісілердің бір-біріне жәрдемдесуі мен бауырластық секілді ізгі амалды насихаттап өтті. Науқасты зиярат ету – адамгершілікті іс. Өйткені науқас адам өзіне достары жиі зиярат етіп отырса, жалғыздықтан құсаланбайды. Өлім алдында өзіне жақындары мен достары келіп, оған Алладан дұға етіп отырса, оның жан азабы бәсеңдейді. Науқастанған кісі иудей болса да зиярат еткен дұрыс. Әнәс ибн Мәлік (р.а.) риуаят еткен тағы бір хадис мынадай:

«Өзіне қызмет етуші бір құлы бар еді. Бір күні сол кісі науқастанып қалды. Расулалла (с.а.у.) оны зиярат етуге келді. Қасына отырып:

– Мұсылман бол! – деді. Науқас кісі қасында отырған әкесіне қарады. Әкесі:

– Әбдул Қасымға мойынсұн! – деді. Сөйтіп науқас кісі мұсылман болды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сыртқа шыққан соң:

– Оны тозақ отынан құтқарған Аллаға мадақ айтамын! – деді».

Науқас кісі ауырғанда зиярат етуші де оған қарап сабырсыздық көрсетпеуі тиіс. Аурудың жанға батуына шыдай алмай оны қарғап-сілеу немесе көз жасына ерік беріп жылау, тіпті ауру азабына шыдай алмай өлімді аңсау дұрыс емес. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп мәлімдеген: «Жанды ауыртқан ауруға шыдай алмай өлімді қалаушы болмаңдар. Егер шыдай алмай бара жатсаңдар: «Уа, Аллам! Егер мен үшін өмір қайырлы болса өмір бер, егер өлім қайырлы болса өлімге қия гөр», - деп дұға етіңдер.

Бір ер кісінің науқастанған әйел кісіні зиярат етуінде әбестік жоқ. Тіпті, шынайы бір мұсылман науқастанған пасық мұсылманды да зиярат етуі қажет. Өйткені ол пасық болса да мұсылман. Зиярат етушінің негізгі мақсаты – жаны қиналып, науқастанып жатқан кісіні жалғызсыратпау, оған рухани күш-жігер беріп, үміттендіру болуы керек. Қатты науқастанған кісі өмірден гөрі өлімді қалай бастайды. Мұндай кезде науқасқа ешкім Алланың әмірі келмей жатып жан тапсырмайтынын, барлық жағдайды Жаратушы иенің алдын-ала жоспарлап қоятынын, егер Алладан әмір келсе, ешбір нәрсенің өлімге қарсы келе алмайтынын түсіндірген жөн (Саба, 34/30; әл-Араф, 7/34; Худ, 11/3). Науқас кісіге оның көңілін аулау мақсатында түрлі сый-сияпаттар алып бару ізгі амал. Науқас кісі туралы оның туыстарынан да жиі-жиі сұрап тұрған жақсы. Бір рет зиярат еткен науқасқа одан кейін ат ізін салмай кетуге болмас. Ол сүннеттен бас тартуға әкеледі.

Расулалла (с.а.у.) бір күні бір науқасты зиярат етіп, оған мынадай дұға тілеуді үйреткен: «Аллаһуммә атина фиддуния хасанатән уә фил ахирати хасанатән уә қина азабаннар». Аллам, бізге өмірде түрлі жақсылық бер. Ақырет күні де жақсылық бере гөр және бізді тозақ отынан сақтағайсың» (әл-Бақара, 2/201)».

0 пікір