Мәңгілік махаббаттың мәні
Мәңгілік махаббаттың мәні
9 жыл бұрын 5946
Мұхиддин Исаұлы

Махаббат өмірде әрқандай деңгейде болатынын білеміз. Мәселен, табиғатқа деген махаббат, ананың балаға деген махаббаты немесе ғашықтар арасындағы махаббат. Ең негізгісі Хаққа деген махаббат. Осы махаббаттар жайында хадистерден мысал келтіріп өтсек. Жаратылыстың мәні мен маңызы шынайы махаббат екені баршаға аян. Рақымдылық пен шапағат адамның қол жетпес бақыты. Одан басқа дүниелік бақытты аңсау, қателік болып саналмақ. Мәселен, бір ғаріп жанға жәрдем көрсетсеңіз, бойыңыздан бір ауыртпалық түскендей сезінбейтінбе едіңіз. Сол сияқты Ұлы Жаратушы рақымдылық етіп бұл ғаламды жаратқанда, барлық жаратылыстың ішіне махаббат пен мейірім-шапағатттың ұрығын сепкен. Алла Елшісі былай дейді: «Алла Тағала көктер мен жерді жаратқан күні жүз рақымдылық жаратты. Рақымдылықтың біреуін жерге таратты. Сол арқылы ана баласына, жан-жануарлар, құстар бір-біріне сүйіспеншілікпен қарайды. Тоқсан тоғызын қиямет күніне кешіктірді. Қиямет күні Алла оны осы рақымдылықпен толықтырады». Жер бетінде ананың түн ұйқысын төрт бөлгізетін балаға деген махаббаты, құстың балапаны үшін шырылдап, өзін жыланға құрбан етуі, тіпті жыртқыш аш қасқырдың тапқан азығын өзі жемей бөлтірігіне беруі – сол рақымдылық пен сүйіспеншіліктің белгісі. Бұлар туа біткен қасиет. Абайдың «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті», дегені, жер бетіне жүрек көзімен қарап, сол сүйіспеншілікті танығаны. Осы рақымдылық пен махаббаттың тоқсан тоғызын Алла ақыретте мұсылман достарына сақтаған. Негізінде ақыреттің барлығын жер бетіндегі махаббат іздеріне қарап таба аламыз. Хақ Тағала әлемді махаббатпен жаратқан. Егер ақырет болмаса, бұл ғұмырдағы махаббаттың ешқандай мән-мағынасы қалмай, рақымдылық зұлымдыққа, махаббат қасіретке, ләззат уға, достық дұшпандыққа айналар еді.

Ұлы Жаратушы өзі ерекше жаратқан адамзатты құрдымға тастасын ба?! Пайғамбарымыздың заманында бір ана дүйім жұрттың арасынан балапанын іздеп шырылдаған құстай бәйек болып, баласын іздеп жүреді де аздан соң баласын тауып, бар мейірімен құшып аймалай бастайды. Осы бір көріністі Алла Елшісі көріп, жанындағы сахабаларға: «Мына ана құшағындағы өз баласын отқа тастауы мүмкін бе?» деп, сұрайды. Сахабалар: «Жоқ, әсте тастамайды», деп, жауап қатады. Сонда Ол: «Рақымы шексіз Алла Тағала да сол секілді. Өзін ерекше етіп, аса мейіріммен жаратқан пендесін отқа тастамайды» дейді. Яғни, бір бөлшек махаббаттың қасиетін біліп, әлем көгіне бейбітшіліктің байрағын тіккені үшін, қалған тоқсан тоғыз махаббатты сый-сияпат етіп бермек.

Иә, нағыз махаббат ақыретте болмақ. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Күдіксіз иман етіп, ізгі амал істегендер жаратылғандардың жақсысы. Олардың Раббыларының қасындағы сыйлықтары: астынан өзендер ағатын Ғадын жәннаттары. Олар онда мәңгі қалады. Алла олардан разы, олар да Алладан разы. Бұл сый-сияпат Раббысынан қорыққан кісіге арналады»[1]. Яғни, Алланың өзінің жақын досына «разымын», дегені мәңгілік зор махаббаттың белгісі. Адам баласының әлімсақтан бергі нағыз аңсаған арманы осы бір ұлы сүйіспеншілікке ие болуы. Бұл дүниедегі бір бөлшек махаббат тоқсан тоғыздың дақылы тәрізді. Адам оны бағалай, қастерлей білсе, ақыретте нәрлі топарақта өніп, зәулім ағашқа айналған дақылдай алып махаббатқа айналмақ.

Бірақ, Құдай Тағалаға қас қылғандар бұл махаббаттан мақрұм боп құр алақан қалмақ. Өйткені, олар бұл дүниеде берілген бір бөлшек махаббаттың да қадірін білмей аяққа таптағандар. Біреуіне ие бола алмаған жүзіне қалай ие болсын.

Мәжнүн Ләйліге ғашық болғанда оған күллі әлем Ләйлі болып көрінген. Қозы-Көрпеш Баяндардың да махаббаттары әлі күнге ел аузында дастан емес пе? Алайда, осының бәрі жүзден бір сүйіспеншілік қана. Ертең күн тоқсан тоғызы берілгенде қандай болмақ? Ендеше, Абай хакімнің: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті» деуі тегіннен-тегін айтылмаған болар. Адам жаратылысының мәні Аллаһқа деген махаббатта жатқанын еш ұмытуға болмайды.

[1] Бәйина сүресі, 7-8. 

0 пікір