Жеті рет өлшеп, бір рет кес
Жеті рет өлшеп, бір рет кес
8 жыл бұрын 7932
Алдаберген Үсен

Кейде кішігірім мәселенің өзіне шешім қабылдау әлемдегі ең қиын істей болып көрінетіні бар. Анығында қандай да бір шешімнің екіұдайылықтан жақсы екенін еске алған дұрыс.

Ресторанда қолындағы ас мәзіріне қарап не жейтінін, кинотеатрға кіре берісте не көретінін, дүкенде көзіне түскен киімнің қай түстісін сатып алатынын немесе баласын қандай мектепке беретінін шеше алмау. Екіұдайылыққа мысалдарды бұдан да көптеп келтіруге болады. Жылдам даму әрі өзгеріс үстіндегі әлемде таңдауларымыздың артуы, бізді «тұтынушы қоғамның» екіұдайлыққа жиі ұрынатын мүшелері жағдайына келтірді. Зерттеулер де осы пікірімізді қуаттай түсуде. Англияда Бристол университетінде жасалған бір зерттеудің нәтижесі бойынша, адамдардың шамамен елу пайызы өмірінің он жыл бұрын бұдан да шым-шытырық болғанын ойлайды. Кішігірім шешімдердің өзін ауыр қабылдағандардың мөлшері 47 пайыз. Тіпті 42 пайыздық мөлшері шешім қабылдай алмаған мәселені ойлап түнде ұйықтаудан қалған. Оқушылардың мамандық таңдауы, жастардың жар таңдауы, ұстайтын қаламнан жейтін асымызға дейінгі өміріміздің әрбір сәтінде екіұдайылық алдымыздан шығып отырады. Сондықтан осы мәселе туралы ой қозғамақпыз.

Қазіргі өмірде адам баласын екіұдайылыққа итермелейтін, тіпті іштей бізді екіұдайы әрекет жасауға бағыттайтын бірқатар фактор бар. Мәселен, өзімізге деген көбірек сенім немесе керісінше көп тартыншақтық, қателік жасаудан қорқу, бәрін тамаша етіп істеуге деген құлшыныс та адамның кішігірім мәселенің өзінде шешім қабылдауын қиындатады.  Бұлармен қатар, сынға ұшыраймын деп ойлау, жанындағы адамның қысым жасауы да екіұдайылыққа сырттай ықпал жасайтын себептер қатарында. Әсілі бізді екіұдайылыққа апаратын себептерге баса назар аударғанымызда, бұл қиындықтан шыға аламыз. Ең әуелі бір шешім қабылдарда сол істі мамандарымен кеңесу, олардың пікірін білу Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеті. Әбу Хұрайра «Мен Расулалладан өткен жолдастарымен жиі ақылдасып отыратын адам көрмедім» деген (Тирмизи). Айтқан сөзін сахабалары екі етпейтінін білсе де Расулалла олармен жиі ақылдасқан. Бұл үлгілі істің үмбетіне сабақ екені сөзсіз.

Психологтардың айтуынша, мына тұсқа да мән беру керек: «Ақылдасқан адамдардың іс-әрекеттеріне мән беру қабылданатын шешімге қарай өзгереді». Тарқатып айтсақ, өзгелермен әсіресе істі мамандарымен талқылау және солардың кеңесіне құлақ асу әрине маңызды, дегенмен қабылданатын шешім айналып келгенде біздің жауапкершілігімізде. Осы себепті психологтардың кеңесінде айтылған ой ақылдасқан кісілердің пікірлерін соңынан өз мінез-құлық, құндылықтарымыз және тұрмыс-салтымызға қарай сүзгіден өткізгеніміз дұрыс. Шешім қабылдарда жасауымыз керекті істерді Алла «Али Имран» сүресінің 159-аятында білдірген: «Жұртқа жұмсақтық танытқаның да Алланың мейірімінің белгісі. Егер қатал жүректі, дөрекі болғаныңда, жұрт сенің маңайыңнан тарқап кетер еді. Ендеше, олардың ағаттықтарын кешір және олармен ақылдас. Талпыныс жасаған болсаң, тек Аллаға тәуекел ет! Алла өзіне арқа сүйегендерді жақсы көреді». Аяттың соңғы жағынан түсінгеніміз, қандай да бір іске қатысты шешім қабылдағанда, біреулермен ақылдасып алу маңызды. Алайда Жаратушы ие бізден ұйғарым жасағаннан кейін «Нәтижесі қалай болады? Қандай жағдайға тап боламын? Жұрт мен жайлы не ойлайды?» деген секілді күдік-күмәндерге берілместен, толықтай Аллаға тәуекел етуімізді күтуде.

 

Тез шешім дұрыс шешім бе?

Шешім қабылдау мәселесінде де астамдық пен нұқсандыққа жол беріп қоюмыз мүмкін. Кейбіріміз бір шешім үшін қаншама сағат уақытын, тіпті күндерін жұмсаса, енді біреулеріміз ойланбастан демде шешім қабылдап, артынан пұшайман күй кешеміз. Мамандардың айтуынша, бұның математикалық формуласы жоқ. Өйткені бір мәселеде шешім қабылдау әр адамда әртүрлі. Психолог У. Ханифаның пікірінше, «Шешім қабылдау үшін қажетті ең идеалды уақытты» тап басып айту мүмкін емес. Ол былай дейді: «Қабылданған шешімнің өмірге ықпал ететін жақтары және нәтижеден кейін анықталған уақыт идеалды уақыт болуы мүмкін. Алайда бұл адамнан адамға және шешімнен шешімге қарай өзгереді». Сондықтан шешім қабылдауға идеал уақыт адамның өзіне көбірек қатысты. Қабылдайтын шешімнің нәтижесі өмірімізге қаншалықты ықпал ететіні де маңызды. Қабылдаған шешімге байланысты кесте сызып немесе оң-теріс жақтарын анықтау да шешуге үлес қосуы мүмкін. Сонда қалауларымызды көруге және соңында зерделеуге мүмкіндік болар еді. Қабылдаған шешімнің тудыруы мүмкін оң немесе теріс нәтижелерін деректі түрде көргенімізде, бізді екіұдайылыққа итермелеген себептердің ықпалын белгілі бір деңгейде азайтамыз.

Өміріміздің әр сатысында үлкен-кіші нәтижелері бар жағдайлар үшін әйтеуір бір шешім қабылдауға тиіспіз. Раббымыз тағдырымызды сызған, алайда құлдарына жеке ықтиярмен қатар таңдау еркін де берген. Өмірімізге бағыт берерде, кейде жеке өзіміз жол алғанда, көбіне ата-ана, жар, дос, балаларымыз немесе пікіріне құлақ асатын басқа кісілермен ақылдасамыз. Алда кездесетін нәтиженің жауапкершілігін мойнымызға алып, әрі Аллаға тәуекел еткен кезімізде, шешім қабылдау соншалықты қиын іс еместігін байқаймыз.

0 пікір