Уқаз – Бәни Ияд тайпасынан 120 жастағы Қус ибн Саиданың күрең түсті түйенің үстінде тұрып: «Уа, халайық, арамызға Алланың елшісі келуіне аз-ақ қалды. Оған сеніммен қарап, иман еткендер қандай бақытты!» деп пайғамбарымыз туралы алдын ала хабар айтып хұтба оқыған жер. Бір қызығы, Қус ибн Саиданың осы хұтбасын сол кезде 37 жасқа толып, жәрмеңкеге келгендердің арасында болған адамзаттың мақтанышы хазірет Мұхаммед (саллаллаһу әлайһи уә сәлләм) те тыңдаған. Бірақ көкірек көзі ояу Қус ибн Саида оны тап басып, тани алмаған.
Уқаз – Араб түбегіндегі ең әйгілі жәрмеңкелердің бірі. Арабтардың әлеуметтік әрі экономикалық өмірінде маңызды орын алған. Меккенің оңтүстік шығысында, Таиф пен Нахла арасында тастақ жерде су бастаулары бар кең аңғарда құрылатын.
Жахилия кезеңінде қажылықтан сәл бұрын ұйымдастырылатын осы жәрмеңке түбектің шамамен бүкіл тайпаларының басын қосатын. Жахилия мүшріктерінің қажылықтан бұрын қатысатын үш жәрмеңкесі бар еді. Бұлар Зилқағданың 1-20 арасында құрылатын Уқаз жәрмеңкесі, Зилқағданың 20-30 арасында Мекке маңындағы Марруз Захранда құрылатын Мажанна жәрмеңкесі және Зилхижжаның 1-8 арасында Арафатқа тым жақын жердегі Муғаммас аңғарында құрылатын Зүлмажаз жәрмеңкесі. Қажылық үшін келген Жахилия жұрты осы жәрмеңкелердің барлығына қатысып, артынан Зилхижжа айының 9 күні Арафатқа шығатын.
Араб түбегінің түрлі аймағынан ағылып келетін саудагерлер жәрмеңкеге киім, тоқымалар, тері, шатыр, аяқкиім, май, жүзім, иіс пен қылыш тәрізді жұртқа керекті ішіп-жеу, киім-кешегіне және басқа да керекке жарамды түрлі заттармен қатысатын. Сауда іс-шараларымен қатар қоғамдық әрі мәдени шаралар да жүзеге асырылатын Уқазда туыстықтар құрылып, келісімдер жасалатын, дау-дамайлар да шешілетін. Ақындар ең жақсы өлеңдерін оқып, бір-бірімен жарысатын. Хазірет Омар (радиаллаһу анһу) да қатысатын күрес жарыстары да осы жәрмеңкеде ұйымдастырылатын. Бұл жер бұған қоса әлеуметтік және діни мазмұндағы хұтбаларымен жалпы бұхараға айтары барлардың да ең бір ұнататын орны болатын. Әр түрлі кәсіп иелері осында өнер көрсетіп, жұрттың назарын өзіне аударуға тырысатын.
Пайғамбарлықтан бұрын бұл жерге талай рет келген Ғаламның мақтанышы хазірет Мұхаммед (саллаллаһу әлайһи уә сәлләм) жәрмеңке арқылы түбектегі барлық тайпаларды жақыннан тану мүмкіндігін иеленді. Ислам алғаш тарала бастаған алғашқы жылдары Уқаз секілді жәрмеңкелер, Адамзаттың мақтанышы расулдың алыс аймақтарға үндеуін естіртетін орындар болды. Әсіресе пайғамбарлығының 4-жылынан бастап, Мәдинаға хижрет еткенге дейінгі 10 жыл бойы жылда хазірет Әбу Бәкір, Біләл Хабаши секілді алғашқы мұсылмандармен бірге 3 күндік жердегі жәрмеңкелерге қатысты. Келушілерге: «Уа, халайық, мен Алланың елшісімін. Алла бір ғана өзіне құлшылық жасауымызды әрі өзге нәрселерге табынбауымызды бұйыруда…» деп, оларды ислам сеніміне шақырды. Жәрмеңкеге қатысушы тайпаларды жеке-жеке аралап, оларға исламды түсіндіріп, өзін қолдауға үндеді. Пайғамбарлықтың 11 жылына дейін осындай әрекеттерден елеулі нәтиже бола қоймаса да Расулалла (саллаллаһу әлайһи уә сәлләм) жәрмеңкелерге қатысуын үзбеген. Неге десеңіз, Араб түбегінің шартарабынан келген адамдар Уқаздан қайтқанда, үлкен жаңалық ретінде өздеріне таңсық Құран аяттарын елдеріне айта барды. Сөйтіп Пайғамбарымыз (саллаллаһу әлайһи уә сәлләм) жаңа дінді жұрттың топ-тобымен қабылдауына бастайтын жол іздеді.
Бүгінгі күні Мекке әкімшілігі жәрмеңке құрылған сол орында тарихи оқиғаны еске алу мақсатында әлі де Уқаз жәрмеңкелерін ұйымдастырады. Жәрмеңкеде сол кезеңнің киімдерін киген адамдар сауда нүктелерінде тұрып, түйе керуендері, атты әскерлер мен көне жәрмеңкелерде оқылған Муаллақа и сабға өлеңдерін оқып, сахына көріністерін жасайды. Араб түбегінде жасалған жаппай қолөнер бұйымдары да жәрмеңкеде жұртшылықтың назарына ұсынылады. Араб мәдениетіне тән фольклорлық ойындарды кешкі уақыттарда жұртшылық қызыға тамашалайды. Жыл сайын ұйымдастырылатын осы шара Шәууал айының 27-түні басталып, Зилқағда айының 10-күніне дейін жалғасады.