Әзірейіл періштенің жіберетін үш хабаршысы (ғибрат)
Әзірейіл періштенің жіберетін үш хабаршысы (ғибрат)
14 күн бұрын 2937

«Зәһратур Рияд» кітабында мынадай аңыз келтірілген.

Жақып пайғамбар (ғалейһиссәләм) өлім періштесі Әзірейіл ғалейһиссәләммен бауырлық байланыс құрған екен. Бір күні Әзірейіл періште Жақып пайғамбарды зияраттап келіпті. Жақып пайғамбар Әзірейілдің келгенін көріп:

- Уа, өлім періштесі! Маған қонақ ретінде келдіңіз бе, әлде жанымды алушы ретінде келдіңіз бе? - деп сұрайды.

- Қонақ ретінде келдім, - деп жауап береді періште. Сосын Жақып пайғамбар Әзірейілге:

- Сізден өтініп сұрайтын бір нәрсем бар еді, - дейді.

Періште:

- Ол не нәрсе? - дейді.

- Менің ажалым келіп, жанымды алуға келеріңізде мені алдын ала хабардар етсеңіз! - дейді Жақып пайғамбар.

- Жақсы. Сізге екі-үш хабаршы жіберемін, - дейді періште.

Уақыт өтіп, Жақып пайғамбардың ажалы таяғанда өлім періштесі Әзірейіл жанын алуға досына келіпті.

- Маған қонақ ретінде келдіңіз бе, әлде жанымды алушы ретінде келдіңіз бе? - деп сұрапты Жақып пайғамбар әдеттегінше.

- Жаныңызды алушы ретінде келдім - деп жауап беріпті періште. Ардақты періштенің бұл қылығын түсінбей:

- Маған алдын ала екі-үш хабаршы жіберемін дегеніңіз қайсы?! - депті Жақып пайғамбар. Сонда жан алушы Әзірейіл періште оған:

- Хабаршы жіберген болатынмын. Хабаршыларым: қара шашыңыздың ағаруы, бойдағы қуат қашып, әлсіреуіңіз және түзу денеңіздің қисаюы! - деп жауап беріпті1.

Періштенің хабаршысын байқамай, қапы қалмайық, ағайын!

islamkz


1  Имам Ғазали, «Мүкәшәфәтуль Құлуб».

0 пікір