Әйелі қара түсті бала туған бәдәуидің шағымы және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шешімі
Әйелі қара түсті бала туған бәдәуидің шағымы және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шешімі
10 күн бұрын 2227

Қоғамдағы ұрпақтың тегі мен ар-намысын сақтау - шариғаттың басты мақсаттарының бірі. Сондықтан да, Исламда текті ұрпақ алып келуге назар аудартып, тексіздікті тудырар «зина» секілді арсыз істі қатаң тыйған. Онымен бірге, айғақсыз әйел - еркекті, еркек - әйелді зинамен айыптауын да құп көрмейді. Төменде өзінің әйелінен күмәнданған бір бәдәуи арабтың оқиғасын баяндалады. Ол оқиға сахаба Әбу һурайрадан жеткен (р.а.).

Алла елшісінің заманында сахарада жырақта өмір кешетін бәдәуи бір арабтың әйелі ұл табады, алайда дүниеге келген сәбиі қара түсті болып туылады. Әрине, әдетте мұндайда бірінші ойға келетіні - әйелінің зина жасағаны екені сөзсіз. Бәдәуидің ішін күмән құрты кеміріп, әйелі зина жасады ма екен деген шүбәға түседі. Іштей баладан бас тартуды ойластырады. Бірақ алдымен оның үкімінің анық-қанығын білу үшін және ақылдасу мақсатында бәдәуи кісі Алла елшісіне (с.а.у.) келеді.

Алла елшісіне келіп әйелінің қара түсті ұл тапқанын және ол баладан бас тартқысы келетінін, өйткені оның да, әйелінің де отбасында қара түсті болмағандығын білдіреді. Сонда, Алла елшісі (с.а.у.) әлгі бәдәуиден:

- Түйелерің бар ма? - деп сұрайды.

- Бар, - деп жауап береді ол.

- Түстері қандай? - дейді Алла елшісі (с.а.у.)

- Түстері қызыл, - дейді бәдәуи.

- Арасында қара түстісі бар ма? - деп сұрайды Алла елшісі (с.а.у.).

- Бар, - дейді ол.

- Ол қайдан пайда болған? - дейді Алла елшісі, түйенің бәрі қызыл екеніне назар аудартып. Егер бәрі қызыл түсті болса, қара түсті боталары қайдан пайда болған?

- Тамырына тартып кеткен шығар, уа, Расулуллаһ? - деп жауап береді әлгі бәдәуи. Яғни, түйелердің ата тегінің түбінде біреуі қара түсті болған болуы мүмкін екендігін айтады.

Сонда Алла елшісі (с.а.у.):

- Сенің балаң да түп тамырына тартқан болуы әбден мүмкін ғой, - дей келе, әкесінің немесе анасының түпкі ата-бабаларының ішінде әйтеуір біреуі қара түсті болған болуы мүмкін екендігін ұқтырады. Осылайша бұзылайын деп тұрған бір отбасыны сақтап қалған екен.

Алла елшісінің (с.а.у.) бұл шешімі бір қарағанда қарапайым болып көрінгенімен, ойлана қараған адамға Алла елшісінің ол жауабы - ғылыми жауап екендігін түсіну қиын емес. Қазіргі ғылым да дүниеге келген баланың кейде жеті, кейде тіпті он атаға дейін тартып кететіндігін анықтаған. Алла елшісінің «түп тамырына тартқан шығар» деуі арқылы кей нәрестенің түпкі тегіне ұқсап тууы мүмкін екендігін он төрт ғасыр бұрын білдіріп кеткен екен.  

Уа ахиру дағуанә әнил хамду лилләһи Раббиль аләмин!

А. Қасым, Исламтанушы.


 

Оқиға Имам Бұхаридің "Сахих Бұхари" атты хадистер жинағында келтірілген.  

0 пікір