Ібілістің уәдесін ұмыттық па?
Ібілістің уәдесін ұмыттық па?
10 жыл бұрын 7860
Салтан САЙРАНҰЛЫ

«Шүкір». Өмірдің бар мәні мен күллі сырын бойына бүккен осы бір сөз адамның қандай жолда жүргенін, қай бағытқа бет алып бара жатқанын, кімнің соңынан еріп бара жатқанын, түбі қайда баратынын, қайда барып тірелетінін анықтаушы бір өлшем. Олай дейтін себебіміз, Алла Тағала атамыз Адам Пайғамбарды топырақтан жаратып, оған өз рухынан үрлеп жан бітіргенде (Хижр сүресі, 24-аят), барлық періштелерге тағзым етіп, сәжде етуін бұйырады. Бұл әмірге Ібілістен басқасының барлығы бойұсынып, сәжде қылады. Тек Ібіліс қана тәкәппарланып Алланың әміріне мойынсұнбай, Адамға сәжде етуден бас тартады (Бақара сүресі, 34-аят). Осылайша Ібіліс Алла Тағаланың лағнетіне ұшырап, қаһарына қалады (Хижр сүресі, 35-аят). Енді оған бұйырғаны тек тозақ қана. Алланың рахметі мен кешірімінен еш үміт жоқ. Үмітсіз қалған Ібіліс шайтан енді Алладан Қиямет күніне дейін тірі жүру үшін мұрсат сұрайды. Алла да оған кеңшілік етіп, рұқсат береді. Бұл мұрсатқа қолы жеткен Ібіліс өзінің тәкәппарлығы мен кінәсі ойында жоқ, бар кінәсін Аллаға арта салып, былай деп серт береді: «Мені аздырғаның үшін оларды, яғни Адам мен оның ұрпағын сенің тура жолыңның үстінен тосып аламын да, олардың алдынан, артынан, оңынан, солынан шығып азғырамын, сол кезде олардың көбін ШҮКІР ЕТУШІЛЕРДЕН таппайсың, ШҮКІР ЕТПЕЙТІНІН көресің!», – дейді (Ағраф сүресі, 17-аят). Міне, осылайша ант суын ішкен Ібілістің бұдан кейінгі бар мақсаты – лағнетке ұшырауына себеп болған адам баласын, яғни сіздер мен біздерді тура жолдан тайдырып, КҮПІРГЕ бойұрғызып, ШҮКІРСІЗ бір пенде етіп, өзімен бірге тозаққа ала кету. Сөз басында «шүкір – бет алысымыздың, бағыт-бағдарымыздың өлшемі» деуіміздің себебі осы еді. Демек, шүкірі бар адам – Алланың ақ жолына аяқ басса, шүкірсіз пенде Ібілістің ізімен кеткені.

 

ШҮКІР МЕН КҮПІР...

Жалпы, «шүкір» дегеніміз не? Шүкірдің аясы өте кең. Шүкір тілмен ғана «Аллаға шүкір» деумен шектелмейді. Шүкірдің өтеуі һәм тілмен, һәм жүрекпен, һәм іс-әрекетпен өтеледі. Ислам ғалымдары шүкірді былай түсіндіреді: «Шүкір» күллі нығметтің берушісі Аллаға Тағала екенін ақыл-ойыңмен танып, жүрегіңмен бекітіп, тіліңмен Оған мадақ айтып, іс-әрекетіңмен Оның тыйымдарынан тыйылып, әмірлеріне бойұсыну және сол нығметті Алла разы болатын дүние үшін сарп ету. Демек, шүкір етушінің белгісі «құлшылық етумен» ерекшеленеді. Алла да Құран Кәрімде «Аллаға ғана құлшылық қыл және шүкір етушілерден бол!» (Зүмәр сүресі, 66-аят), – деп әмір етеді. Немесе: «Ей, мүминдер! ...Егер Аллаға ғана құлшылық етер болсаңдар, оған шүкіршілік етіңдер» (Бақара сүресі, 172-аят). Міне, құл осы кезде толыққанды шүкір еткен болады. Егер шүкірімізде ақаулық бар болса, онда оның орнын күпірлік басады. Сондықтан да, адам екі айрық жолға бастайтын бұл екеуінің тек біреуін ғана таңдауға мәжбүр. Аллаға жағамын десең, Алланың әмірі: «Сендер мені еске алсаңдар, мен де сендерді еске аламын. Маған шүкірлік етіңдер, күпірлік етпеңдер!» (Бақара сүресі, 152-аят). Біз қайсысын таңдадық, шүкіріміз қаншалықты, күпірге бой алдырып жүрген жоқпыз ба? Алла Тағала бізге осының парқын ажыратып алуды әмір етеді: «Расында адам баласына тура жол көрсеттік. Я шүкірлік қылады, я күпірлік» (Инсан сүресі, 3-аят).

 

ШҮКІРДІҢ СЫЙЫ МЕН КҮПІРДІҢ ЖАЗАСЫ

Шүкір еткенге Алланың нығметі шексіз, арттырғанның үстіне арттыра береді. Өйткені, құлына берген уәдесі сондай. Ал күпірлік қылғанға уәде – азап. «Егер жақсылығыма шүкір етсеңдер, оны арттыра беремін, егер күпірлік жасасаңдар, азабым, әрине, аса қатты», – дейді Алла (Ибраһим сүресі, 7-аят). «Кім шүкір етсе, өзінің игілігі үшін, ал кім күпірлік етсе, Алла ешнәрсеге мұқтаж емес, әрдайым мақтауға лайық» (Лұқман сүресі, 12-аят). «Егер иман келтіріп, Алланың бергеніне шүкірлік қылсаңдар, Алла сендерді жазалап не қылмақшы? Алла шүкір еткендерді сый-марапатына бөлеуші, бәрін білуші» (Ниса сүресі, 147-аят).

 

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ (С.А.У.) ШҮКІРІ ҚАНДАЙ ЕДІ?

Кейде, рас, қылған құлшылығы болмаса да, «аузымда Аллаға шүкіршілігім бар, базы біреулер секілді ешкімнің ала жібін аттаған емеспін, намаз оқымасам да, жүрегім таза, ниетім түзу, көңілім ашық, бөтен пиғылым жоқ» деп астамшылық сөйлейтіндерді кездестіріп жатамыз. Ақиқатында бұл толыққанды шүкір қылудан жалтаратындай сылтау емес. Бұл өз-өздерін алдағаннан басқа түк емес. Олар үшін Пайғамбарымыздың мына хадисі жауап болар, бәлкім. Айша анамыз былай дейді: «Алла Елшісі (с.а.у.) түнде тұрып аяғы ісіп кеткенше намаз оқыды. Мұны көріп: «Уа, Алланың Елшісі, Алла Тағала сіздің өткен-кеткен, алда келер барлық күнәларыңызды кешірді емес пе, неге өзіңізді сонша қинайсыз?», – деп сұрадым. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Уа, Айша, Алланың осы кешірімі үшін көп шүкір етуші құл болмаймын ба?», – деп жауап берді». Міне, бұл хадистен кейін жоғарыдағыдай сөздер үшін ұялудан басқа ештеңе де қалмаған секілді.

 

НЕ ҮШІН ШҮКІР ЕТУІМІЗ КЕРЕК?

– Күллі жаратылыстың ардақтысы – АДАМ болып жаратылғанымыз үшін Аллаға шүкір етуіміз керек! «Ол күллі затты аса шебер, көркем жаратты. Адамның жаратылысын балшықтан бастады. Сосын оның нәсілін бір жайсыз судың негізінен жаратты. Сосын оны толық бейнеге келтірді, оған өзінің рухынан үрледі (жан берді). Сондай-ақ сендерге есту, көру және түсіну қабілетін берді. Сендер өте аз шүкір етесіңдер (Сәжде сүресі, 7-9-аяттар).

– Анамыздан тас емшегін жібітіп, тар құрсағын кеңітіп аман есен туғызғаны үшін  Аллаға шүкір айтуымыз керек. «Адамдарға ата-анасына қарайласуды бұйырдық. Ананың оған әлсіреген үстіне әлсіреп жүкті болып, екі жылда омыраудан айыруы бар. Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Қайтар орның Мен жақ» (Лұқман сүресі, 14-аят).

– Көрерге көз, естірге құлақ, ойланарға сана бергені үшін; Осы уақытқа дейін кеудеміздегі жұдырықтай жүректің соғып тұрғаны үшін Аллаға шүкір етуіміз керек! «Алла сендерді аналарыңның құрсағынан ештеңені ұқпайтын қалыптарыңда шығарды да, шүкірлік етсін деп құлақ, көз, ой-сана берді (Нахыл сүресі, 78-аят). «Алла сендерге құлақ, көз, жүрек бітірді, сонда да шүкір етулерің тым аз» (Мүмин сүресі, 78-аят).

– Мінерге көлік, ішерге сусын, жерге азық жаратқаны үшін Аллаға шүкір етуіміз керек! «Олар үшін рас құдыретімізбен хайуандарды жаратқанымызды көрмей ме? Сондай-ақ өздері оларға иелік етеді. Малды, оларға бойұсындырдық. Олар кейбіріне мінеді, кейбірінің етін жейді. Олар үшін малдарда түрлі пайдалар, сусындар бар. Сонда да олар шүкір етпей ме?» (Ясин сүресі, 71-73-аяттар).

– Барлық қажеттіліктерімізді өтегені үшін Аллаға шүкір айтуымыз керек! «Ақиқатында сендерді жержүзіне орналастырдық, қажеттіліктеріңді де бердік. Алланың осындай нығметтеріне шүкірлерің неткен аз» (Ағраф сүресі, 10-аят).

– Тынығуымыз үшін түнді, жұмыс істеуіміз үшін жап-жарық күндізді жаратқаны үшін, яғни Күн мен Айды, Ғаламды біз үшін жаратқаны үшін Аллаға шүкір етуіміз керек. «Алла өзі рахметімен сендерді түнде тынықсын, күндіз тіршілік етіп, Алланың кеңшілігін, ризығын іздесін және шүкірлік қылсын деп күндізді һәм түнді жаратты» (Қасас сүресі, 73-аят). «Ол сондай Алла, сендерге түнді тынығу, күндізді көру үшін жаратты. Күдіксіз Алла, тым кеңшілік иесі. Бірақ адамдардың көбі шүкірлік қылмайды» (Ғафир сүресі, 61-аят). «Алла ғибрат алып, шүкір еткісі келетіндер үшін күндіз бен түнді бірінің артынан бірі келетін етіп қойды» (Фурқан сүресі, 62-аят).

– Жерді құнарлы етіп, берекетін көрсетіп отырғаны үшін Аллаға шүкір етуіміз керек! «Оларға өлі жер – бір белгі. Оны жандандырып, одан дән шығарамыз да олар одан жейді. Сондай-ақ, онда құрмалардан, жүзімдерден бақшалар қылып, онда бастаулар ағыздық. Оның жаратқан өнімінен әрі өздері қолекі істеген нәрселерінен жесін. Сонда да шүкір қылмай ма?» (Ясин сүресі, 33-35-аяттар).

– Өзен-көл, теңіз-мұхиттың да нығметін таттырып қойғаны үшін Аллаға шүкір етуіміз керек! «Сендер жас ет (балық) жесін деп және тағынатын әсемдік бұйымдарды (моншақтарды) шығарып алсын деп, Алла теңіздерді бойұсындырды. Алланың шапағатына қол жеткізулерің және оған шүкір етулерің үшін, кемелердің теңізде толқын жара жүзіп бара жатқанын көресіңдер (Нахыл сүресі, 14-аят). «Өз игілігіне бөлеу үшін, өз әмірімен кемелерді теңіздерде жүргізу үшін, мол рахметімен несібе іздеулерің үшін, сондай-ақ шүкір етулерің үшін жаңбыр әкелетін қуаныш желдерін естіріп тұру да оның белгілерінің бірі» (Рұм сүресі, 46-аят). «Көрмедің бе? Рас кеме теңізде Алланың ілтипатымен сендерге Оның деректерін көрсету үшін жүреді. Рас осыларда тым сабырлы, өте шүкір етушілердің барлығына белгілер бар» (Лұқман сүресі, 31-аят).

– Басымызға келген бәледен құтылу үшін Аллаға жалбарынғанда, Алла тілегімізді қабыл алғанына шүкір етуіміз керек! «Алла сендерді теңізде, құрлықта жүздіріп, кездіреді. Сендер отырған кеме жайлы бір желмен жылжып, адамдар онымен масаттана мәз болып бара жатқанда сұрапыл боран шығып, тұс-тұстан толқын ұрғанда, кемедегілер толқын қоршауында қалдық деп ойлайды да: «Бізді осыдан құтқарсаң, өзіңе шүкір қылар едік», – деп Алладан шын ниеттерімен тілек тілейді (Юнус сүресі, 22-аят). «Ей Мұхаммед! Айт оларға: «Егер бізді құрлық пен теңіздің қараңғылықтарынан құтқарсаң, сөзсіз, шүкір қылар едік», – деп жасырын жалбарынып, тілейсіңдер. Осындай қараңғылықтан сендерді кім құтқара алады»? «Ол қараңғылықтар мен бейнеттерден сендерді Алла құтқарады, одан кейін сендер тағы да Аллаға серік қосасыңдар», – деп айт» (Әнғам сүресі, 63-64-аяттар).

 

ШҮКІР ЕТПЕУГЕ СЫЛТАУ ЖОҚ!

Бұның бәрін тізіп келгенде шүкір етпеуге басқа қандай сылтау бар? Күнді де, Жерді де, Айды да, желді де, өзен-су, көлді де, бәрін-бәрін біз адамзат үшін жаратқан Аллаға енді қайтып шүкір айтпаймыз? Несін айтасыз, Алланың бізге кеңшілігі сол, біздің шүкірімізге мұқтаж болмаса да, шүкір етуіміз үшін бар мүмкіндікті жасаған. Тіпті, кезінде шектен асып, бұзауға табынып кеткен яһудилердің өзін шүкір айтар деп үлкен күнәсына қарамай кешірген. «Өздеріңді қатты қинап азаптаған, қыздарыңды қалдырып, ұлдарыңды бауыздаған Перғауын тобынан сендерді құтқардық, осының өзі де Раббыларыңның сендер үшін үлкен сынағы еді. Сендер үшін теңізді қақ жарып, сендерді құтқардық, осының өзі де Раббыларыңның сендер үшін үлкен сынағы еді. Сендер үшін теңізді қақ жарып, сендерді құтқарып, Перғауын тобын көз алдарыңда ғарқ қылдық. Мұсаға қырық түнді уағда еткен едік (Бұл мезгіл аяқталғанда Мұсаға Тәурат түсті). Бұл уақытта сендер бұзауға табынып, өз бастарыңа залымдық қылдыңдар. Сонан кейін шүкірлік етер деп, сендерге кешірім жасадық» (Бақара сүресі, 49-52-аяттар). Тіпті, астамшылық қылып, асылық сөйлегенде де шүкір етсін деп оларды бір өлімнен тірілтеді. «Сол кезде сендер: «Ей, Мұса, біз Алланы көзімізбен анық көрмей тұрып, саған әсте иланбаймыз», – деген едіңдер, сол сәтте сендерге табанда жасын түсті, мұны өздерің де бақырайып көріп тұрдыңдар. Онан соң шүкірлік етсін деп, сендерді өлгеннен кейін қайта тірілттік» (Бақара сүресі, 55-56-аяттар. 

Міне, шексіз мейірім мен рахымдылықтың бұдан асқан үлгісі болар ма? «Алла, шынында да, адамға өте рахымды. Бірақ адамдардың көбі шүкір етпейді» (Бақара сүресі, 243-аят). «Анығында Алла адамдарға аса мейірімді, бірақ адамдардың көбі шүкірлік қылмайды» (Юнус сүресі, 60-аят, Нәміл сүресі, 73-аят). «Алла шүкір етушілерді сый-марапатына бөлейді» (Әли-Ғимран сүресі, 144-аят).

«Құнарлы жердің өсімдігі Раббының әмірімен бітік шығады (бұл ықыласты мұсылмандардың мысалы). Құнарсыз жердің өсімдігі өте сирек өнеді (бұл уағыз-насихатқа ықылассыз кәпірдің мысалы). Шүкір қылатын қауымға біз аяттарымызды осылайша ашық баяндаймыз (Ағраф сүресі, 58-аят). 

0 пікір