Халал - кәсіп көзіне айналмауы тиіс
Халал - кәсіп көзіне айналмауы тиіс
9 жыл бұрын 3865

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында "Халал стандарттау" бөлімінің ашылуы салтанатты түрде жария етілді. Жаңалыққа орай  Алматыдағы Нұр-Мүбарак Египет  ислам мәдениеті университетінде  «Халалмен қанаттан» атты ғылыми конференция өтті. Бұл ғылыми басқосуды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Халал өнімдерді стандарттау» бөлімінің ашылуына сәйкес кең көлемде ұйымдастырды. Қазір халал өніміне деген сұраныс тек біздің елімізде ғана емес, әлем бойынша күн санап артып келеді. Салауатты әрі ұзақ өмір сүрудің  кілті халал өнімдерінде екенін түсінген әлем ғалымдары да оған шариғат талап еткен шарттарға сай өнім тұтыну арқылы қол жеткізуге болатынынын мойындауда.  Сондықтан қазір «халал»  атауын жамылып, кәсібін дөңгелетіп жатқандар да аз емес. Бізде осы кезге дейін ҚР Индустрия және сауда министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті жанынан  №57 «Халал» стандарттау техникалық комитеті құрылып, жұмыс істеп жатқандығы белгілі.  Алайда бұл комитеттің жұмысына түрлі сыни пікірлердің көбеюі ел арасында  халал өнімдеріне деген күмәндарын күшейте түсті. Бұл өз кезегінде ҚМДБ-ның атына да кері әсерін тигізуі заңдылық. Сондықтан, еліміздегі халал өнімдерінің сапасын бақылауды ҚМДБ өз қолына алуда. Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлы:

- Қазір халал атын жамылған кәсіпкерлердің  көбеюі бізді де «алаңдата» бастады. Себебі, кез-келген жерге, кәсіпке «халал» деген сөзді жапсырып, оны табыс көзіне айналдыруда. Тіпті  көлік жөндеу шеберханаларына дейін халал деп айдар тағып қойған.  Халал – кәсіп көзіне айналмауы тиіс. Шариғат негізінде атқарылатын сала  ҚМДБ  құзырына тиесілі болғандықтан, қазір біз бұл мәселенің механизмдерін қарастырып жатырмыз. Халал өнімдеріне қатысты шариғаттың өз талаптары бар. Егер ол сақталмаса, осы еліміздегі ислам дінінің қызметіне  жауапты біздің де Алла алдындағы жауабымыз күшейеді. Осыған дейін ислам институтында имамдарымыз халал стандарт семинарлары бойынша дәріс алып, білімін жетілдіруды жүйеледік.  Ал жалпы халал жүйесі Қазақстан бойынша бір ретке келтірілмеген. Заңдық тұрғыдан да  жүйеленбеген. Сондықтан біз ҚМДБ құрамынан «Халал өнімдерді стандарттау» бөлімін ашып, бұл мәселені қолға алмақшымыз,-деді өз сөзінде.

Ал Нұр-Мүбәрак университетінің ректоры доктор Жуда Абдулғани Басюни конференцияға келген жұртшылыққа сәттілік тілеп, шариғат талаптарына сай сөз саптап:

- Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі бослын): «Ақиқатында халал нәрселер белгілі және харам нәрселер де  анық, ал бұлардың арасында адамдардың көпшілігі білмейтін күмәнді нәрселер бар», - деді. Осы мәселелерді ғұламалар мен имамдар халыққа жақсылап жеткізіңіздер. Халал өнімі, адал ас – бұл  мұсылман адамның өмірінің басты тірегі болуы шарт. Өйткені, асқазанға түскен харам зат мұсылманның құлшылығы, дұға-тілектеріне өте үлкен зиянын тигізеді. Сондай-ақ, сауда-саттық, қаржы мәселесінде де өсімқорлықтың харамдығын жұртшылық жақсы түсінсе, мұсылмандар Алла Тағаланың белгілеп берген жүйесімен өмір сүрсе, жүректерге тыныштық орнап, әрбір отбасында, қоғамда  береке артатыны сөзсіз»,-деді.

Ғылыми конференцияда ата-бабаларымыздың адалдыққа қаншалықты мән беру керектігі кеңінен сөз болды. Айта кетерлігі, адам ғұмырын ұзарту жолдарына қатысты ғылыми зерттеулерді әлем ғалымдары әлдеқашан қолға алған.  Бұрынғы кеңестік және  америкалық ғалымдар  ауыз судың маңыздылығын зерттеуді қатар қолға алып, америкалық ғалымдардың шалымдылығы басым келген. Сондықтан қазіргі ТМД  ғалымдары  ортаазиялық  халықтардың тыныс-тіршілігіне ерекше ден қойып, олар қолданатын қой, жылқы малдарын зерттеуге алыған. Осыны айтқан Нұрлан Маратұлының баяндамасы жұртшылықты ерекше қызықтырды.  Профессор Нұрлан Маратұлы осы кезге дейін қазақ даласындағы 189 шөптің құрамын зерттеп, қазір Алматы қаласының төңірегінен әлем бойынша сапасы таңдай қақтырып отырған таза су өндіруді қолға алған. Өйткені ғалымдар су арқылы адам өмірін ұзартуға, түрлі аурулардың алдын алуға болады деп, оған ерекше ден қойып отыр.   

Ал ҚМДБ-ның осы «Халал стандарттау» саласына қатысты бірлікте жұмыс жасауды көздеп отырған химия ғылымдарының докторы Дияс Мырзақожаның баяндамасы жұртшылықты бей-жай қалдырмады. Өйткені, Доктор Д.Мырзақожаның жетекшілігінде қазір «Азық-түлік қауіпсіздігі», «Электро-микроскопиялық»,  «Оқу-диагностикалық» зертханалары бар «Қазақстан-Жапон  Инновациялық»  орталығы жұмыс жасауда. Елімізде өндірілетін 293 затты тексеруге алған зерттеу нәтижесінде тек 14 өнім ғана стандартқа сәйкес келген. Ал қалған 279 өнімде шариғат талаптары сақталмаған.  Ал «Көбіне қандай кәсіпкерлер шариғат атын жамылып, елді алдап, халалды табыс көзіне айналдырып отыр?»-деген сауалымызға ғылым докторының жауабы да өзгеше болды. Яғни қазір әлем бойынша таза халал өнімдерін өндіруден Бразилия мемлекеті бірінші, екінші орындарды иемденіп, мұсылман елдерін басып озған. Сондықтан, ғалымдар өндірушінің өзіне емес, ісіне қарау маңызды дегенді алға тартты.

Әрине, Алла Тағала тазалық пен адалдықты  ұстанған жерге берекені де берері ақиқат. Сондықтан «Халал» деген атауды жапсырып, бірақ пайда көздеп шариғат шарттарын белден басқан кәсіпкерлердің де күні алысқа ұзамамас. Ал ҚМДБ-ның жаңадан тұсауы кесілген «халал стандарты» бөлімінің рұқсатын алған өнімді қайдан танимыз деген сауалға мамандар өнімнің тауарлық таңбасы қазақша «Адал» деген сөзбен белгіленетінін жеткізді.

Сонымен Нұр-Мүбарак университетінде өткен ғылыми конференция бүкіл қазақ елін жақсы жаңалықпен сүйіншілегендей.  Өйткені,  ғалымдар мен діни қызметкерлер, болашақ исламтанушылар бас қосқан жиында көптен бері елді  мазалаған  маңызды мәселелердің басы ашылып, сең қозғалды деуге болады.  

Дайындаған: Айша Кеңесбай

 

 

1 пікір
  • Әльхамдулилла! Раббымыз Алла жар болып, ізгілік жолындағы еңбектеріңіз жана берсін!
    9 жыл бұрын