Адамдығымыз надандыққа айналып бара жатқандай...
Адамдығымыз надандыққа айналып бара жатқандай...
9 жыл бұрын 3513
Мейіргүл Ожырайқызы

Көптен көкейімде жүрген осы бір тақырып үздіксіз ойыма орала бергесін қалам тербейін деп қарманған едім. Мақаламның әуелгі тақырыбын оқып отырып, ойымды біртүсті деп бағаларсыз бәлкім, бірақ бұл өмірдің бүгінгі шыңдығы. Кешегі Мөңке атамыздың меңзеп, Дулат ағамыздың дәлел ғып айтып кеткен зар заманының жарасы, азар жұрттың айғағы бұл. Тірліктің түбіне түсіп, дүния жинап даурыққан дүйім жұрт құндылығымыздың күн өте құлдырап, жан арасындағы жақсылықтың жұтаңдалып бара жатқанын сезбей де жүр. Құрғақ ойдың құр шытпағы ғана емес бұл. Әдетімше ақпарат іздеп, ғаламтор желісінде отырғанымда еріксіз назарымды аударған қызықты бір бейне бәріне түрткі болды. Жазба француздар елінде түсіріліпті, ағылшын тіліндегі субтитры бар. Алайда бейненің өзі-ақ «тілсіз» «сайрап тұр», аударып әлекке қалудың қажеті аз.

Париж қаласында жүргізілген бұл тәжірибеге екі ер адам қатысыпты. Олар сомдаған рөл - үй-күйі жоқ, үсті-басы жұпыны ғана жас жігіт пен киім үлгісіне қарасаңыз, жеке бизнесін домалатқан білдей кәсіпкер болып көрінген жоғары әлеуеттің өкілі. Әртістерге берілген тапсырма біреу, екі бөлек жерде ығы-жығы халықтың арасында келе жатқан олар кенеттен жүрегі қысылған болып, көшенің бел ортасына құлай кетеді. Алайда жігіттердің бұл әрекетін халық екі түрлі қабылдайды. Жұпыны киінген жігіттің «көмектесіңіздер!» деп әзер шыққан жан дауысын естісе де, естімегендей болған бірі жанынан жүгірген бойы жөнеле кетсе, көздің бір қырын салып, сырт келбетіне қарай «ащы суға» айызы қанған біреу де деп топшылаған енді біреулері көмек қолын созғысы келген «кең» көзбен қараса да, екі ойлы болып олар да өте шығады. Қайырлы бір жанның көмегін күткен жігіт дәл осылай қозғалмастан 45 минут жатады, алайда ешкім міз қақпайды, қасына барып халін де сұрамайды, жуымайды, жақындамайды. Ал екінші сюжетте сыптай болып смокинг киген беделді жігітке жанашыр жұрт демде табыла қалады. Тәжірибеге түрткі болған жағдай өмір өкінішінен алынған. Осыдан тура алты жыл бұрынғы оқиға Нью-Йорк қаласының ауруханасында орын алған. Ғимарат ішінде есін жоғалтып құлаған жұпыны киінген егде жастағы әйел адам 45 минут ақ халатты абзал жандардың көмегін күте алмаған күйі көз жұмады. Бір шыт шүберектің құдіреті қандай десеңізші... Адамды арына емес, ішкен асына қарай ардақ тұтып, қалтасының қалыңдығына қарап құрметтеуге үйреткен көк қағаздың құны адам атымыздан артық болып тұр.

«Біріңді қазақ, біріңді дос көрмесең, істің бәрі бос» деген ұлы Абай өсиетін астарлы ақиқатқа балаған біз бүгін «сен тимесең, мен тименің» кебінде жүргендей көрінеді маған. Қара бастың ғана қамын ойлаған халық аяушылық сезімнен ада, жанашырлықтан жұрдай мейірімсіз меңіреуге айналып барады. Күні кеше Ақтөбе қаласындағы қоғамдық көліктердің бірінде орын алған жағдай ел құлағын елең еткізіп, талайға таңдай қақтырғаны көптің жадында әлі. Кондуктордың жолақы төлеуін талап еткеніне шамданысын білдірген жолаушы көлік жүргізушісімен таныстығын тамырға басып, байғұс әйелді аяусыз соққы астына алады. Онысымен қоймай ауыр сөздермен балағаттайды. Есерді ел түземей ме екен демеймін, десек те сол есерге еш басу айтылмағаны қалай?! Ғаламтордағы youtube парақшасына жайылып кеткен бейнені автобустағы жолаушылардың бірі түсірген. Телефонының бейнекамерасын сайлап үлгерген оның жазбаны түсіруге шамасы келсе де, ер деген есімді жамылған айуанның құрбаны болған әйел затына араша болуға ақылы жетпеген тәрізді, не көппен бірге көз жұма салып, бәз біреу үшін бас ауыртқысы келмеген. Осыдан кейін бүгінгі ер жігіттер арасында елім деп еңіреген қаһарман Бауыржанның батырлығын, «қазақ қыздарының шашынан сүйреп әкетіп жатыр» дегенді естігенде ғана ереуілге шықтым» деген кешегі желтоқсан құрбаны Қайраттың қайсарлығын қайталайтын азаматтардың сиреп бара жатқанына іштей налисың.

Рас, әлсіздің әлі құрып, мықтының мысы басатын заманы бұл. Алайда, бар жаманымызды заманға артып, жала жабудың жөні жоқ. Қадыр Мырза Әли ағамызша айтсақ, «Адам боп туу – анадан, айуан боп кету - өзіңнен». Адам азбай, заман тозбайды.  

Сөз соңын Әбу Һурайрадан (Аллаһ одан разы болсын) риуаят етілген хадиспен аяқтасам. Ардақты пайғамбарымыз (Алланың ол кісіге игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһ Тағала мейірімділікті жүз бөлік етіп жаратқан. Оның тоқсан тоғыз бөлігін Өзінде қалдырып, жер бетіне бір ғана бөлігін түсірді. Жер бетіне түсірілген рахымдылықтың сол бір ғана бөлігі себебінен бүкіл жаратылыс бір-біріне мейірімділік танытады. Тіпті, биенің өзі құлынына зиян келтіруінен қорқып, тұяғын абайлап басады», – дейді екен. Адамгершілігіміз азайып, «антиквариатқа» айналмасын ағайын, көзден мейірім, жүзімізден жылу кетпесін.

0 пікір