Шошқамен жатқаннан шошыныңыз!
Шошқамен жатқаннан шошыныңыз!
2 жыл бұрын 6688
Асылбек Әуезханұлы

Азғындық. Ұятсыздық. Намыссыздық. Осындай ауыр сөздер бүгінгі таңда кей адамдарға әсер етуден қалған секілді. Болмаса, бөтен әйел мен бөтен еркектің зина жасауы азғындық, арсыздық екені аз айтылып жүрген жоқ. Амал нешік, күйеуінің немесе әйелінің жеңіл жүріске салынғанын айтып шағым жасаушылар толастар емес. Бізді жаратқан, жоқтан бар еткен Алла тағаланың сөздеріне бір рет терең ой жүгіртіп көрейікші. Қасиетті бір аятта былай делінеді:

«Зинаға жоламаңдар! Ол – ұятсыздық, арсыздық және өте нашар жол» («Исра»сүресі, 32-аят).

Тағы бірінде Жаббар иеміз былай деп баян етеді:

«(Уа, Мұхаммед!) Мүминдерге жеткіз. Олар харам нәрсеге қарамасын және әурет мүшелерін арам істен қорғасын». («Нұр» сүресі, 31-32- аяттар)

Осы аяттар аз ба?

Алла «Зинаға жолама!» деп тұрғанда, құлағымызға қыстырмай, білгенімізді жасай беру – азғындық емей не? Адал жары мен пәк туылған бала-шағасын алдап өмір сүру – азғындық емей не? Ақша тапқанның жөні осы екен деп біреудің некелі әйелін, біреудің қызын төсекке тарту – азғындық емей не? Айтыңызшы, осындайларды қай қисынмен мұсылмандар санатына қоспақпыз. Пайғамбарымыздың өзі бір хадисінде мұның төрелігін беріп қойған жоқ па? Иә, мынадай хадис жоқ емес, бар:

«Ананың не- месе мынаның адал жарын яки қызын алдап, басын айналдырған бізден емес, яғни мұсылмандар санатына қосылмайды».

Ақиқатына қарасақ, зина күнәсында, біріншіден, Алланың ақысына қиянат байқалады. Екіншіден, отбасының ақыларына қиянат жасаған болады. Байқасаңыз, Алла тағала жоғарыдағы аятта: «Зинаға жоламаңдар!» деп бұйырған.

Есіңізде ме, бала кезімізде бізді үлкендер пышаққа, отқа жолама деп сақтандыратын еді ғой. Бұл да сол сияқты. Айтқанды тыңдамай, денесіне өткір пышақты сұққылаған баланың жағдайы қандай болады? Жалындаған от ше? Онымен де ойнауға болмайды. Бір жанып шыққанда тұрған не бар екен дейтін адам нағыз ақымақтың ақымағы. Солай емес пе? Аман қалғанның өзінде пышақ пен оттан қалған із жаман болады. Ендеше, үлкен кісілер емес, екі дүниенің жалғыз иесі Алла тағала бізге: «Зинаға жоламаңдар!» деп ұлы ескерту жасап тұрған жоқ па?

Шайтан болып кетпесе, әрбір адам жүз жыл өтпей Алланың құзырына барады. Қиямет күні міндетті түрде келеді. Бұл 124 мың шыншыл пайғамбарлар бірауыздан білдіріп кеткен бұлтартпас ақиқат.Міне, сол кезден нәпсінің азғыруын жеңе алмаған зинақорлардың жайы не болмақ? Олай болса, құрметті бауырлар! Арамызда осындай арсыз іспен айналысып жүргендер болса, тез арада тәубеге келіп, Алладан кешірім сұрағаны жөн. Ал егер қасарысып, алған бетінен қайтпайтындар болса, бұдан кейінгі насихатымыз соларға арналады.

Әй, Алланың назарында күнә жасап, жар төсегін былғап жүрген зинақор ерлер мен әйелдер! Сіздер бүкіл қоғамды былғап жүргендеріңізді білесіздер ме? Бәлкім, сіздер өз ойнастарыңызбен оңаша жатқанда, біздің ешкімге қатысымыз жоқ деп ойлайтын шығарсыздар.

Түк те олай емес. Сіздер нақсүйерлеріңізбен күнә жасап жатқанда, сіздерді адал отбасыларыңыз сарыла күтіп отырады. Бала-шағаңыздың да ойы онға, санасы санға бөлінеді. Айтыңызшы, қай перзент өз әкесін немесе шешесін «зинақор», «азғын» деген жаман атаққа қияды. Ешкім де. Өйткені бала үшін ата-ананың орны қашан да қастерлі. Кім біледі, бәлкім, «Біздегі махаббатты қайда қоясың?» деп ақталғысы келетіндер шығар. Оларға айтарымыз, бұл қылықтың аты махаббат та, сезім де емес.

Оның аты – зинақорлық, азғындық, нәпсіқұмарлық. Мүмкін сіздер күнәні қайта-қайта жасай берген соң, денелеріңіз оған үйреніп қалған болар. Тіпті, сондай жиіркенішті істі күнәға жатпайды деп шығатын шығарсыз. Жоқ, сіз қатты қателесесіз. Үлкен күнәларды ғалымдар әр түрлі топтастырған. Қалай болғанда да, жеті жүз үлкен күнә болса, соның біреуі – осы зина.

Жетпіс болса да, соның біреуі – зина. Тіпті ең үлкен күнәлар жетеу болса, соның бірі және бірегейі – зина. Имам Табарани жеткізген бір хадисте ардақты пайғамбарымыз былай деген: «Әйелдермен бір жерде оңаша қалудан сақтаныңдар. Алла атымен ант етейін, бір еркек бір әйелмен жеке қалғанда араларына шайтан кіріп отырады. Бір кісінің үсті-басы нәжіс бір шошқамен құшақтасып жатқаны некесі жоқ бөтен әйелге жақындауынан әлдеқайда жеңіл».

Көрдіңіз бе, зинаның бір сипаты осындай. Ал енді өзіңізді қораның ішінде өз нәжісіне былғанып жатқан лас шошқаның құшағында жатқаныңызды елестетіп көріңізші. Мұны айтқан екі дүниенің жаршысы – ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.).

Ендеше, құрметті мұсылман бауырлар! Адам деген ардақты атымызға кір келтірмей таза өмір сүргенге не жетсін. Адал жарымызбен көңілімізді көтерсек те жетпей ме? Адамды рахатқа бөлеу үшін адалдықтың аясы да жеткілікті. Алла тағала момын ел-жұртымызға иманды, адал ғұмыр нәсіп етсін!

Автордың "Жанұя жарасымы" атты кітабынан.

0 пікір