"Отбасында жылулықтың болуы маңызды"
"Отбасында жылулықтың болуы маңызды"
1 жыл бұрын 3666

Қазақта отбасы, ошақ қасы, отағасы деген ұғымдар бар. Байқап қарасақ, бұл айтылғандардың барлығы жылылықпен байланысты болуы тегін емес. Өйткені әркімнің жан жылуына ең көп бөленетін жері өзінің отбасы. Күнкөріс қамымен белгілі бір уақыт үй  ішінен алыстап кеткендер «Өз үйім – өлең төсегім» деп өз шаңырағын аңсап, сағынады. Адам жаратылысындағы осы бір сырдың мәнісін Ислам дінінен іздесек, қасиетті Құран кәрімде мынадай аят бар:

«Оларға бойларың үйреніп тұрақтауларың үшін сендерге өздеріңнен (өздерің секілді адам санатынан) жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім салуыда Оның (құдіретін танытатын) белгілерінің бірі. Ой жүгірте білетін қауым үшін мұнда көп ғибрат бар». («Рум» сүресі, 21-аят). Бұл аятта әйел заты ер адамның көңіліне тұрақ екені білдірілген. Сондықтан бақыт пен жылылықты адамдар өзгеден емес, өз әйелдерінің бойынан іздегені жөн.

Әйел – нәзік жаратылыс. Нәзіктігі ісінен де, сөзінен де, мінез-құлқынан да көрініс береді. Тіпті дауысының өзінде бір сыр болатынын бірқатар хадистердің мазмұнынан аңғарамыз. Сондай-ақ әйел кісінің пысықтығы мен ептілігі, икемділігі мен еркекке қарағанда жылдамдығы, сезімталдығы, ибасы мен инабаты, ұяты мен намысшылдығы, пәктігі мен тазалығы, мейірімі мен жылы жүзі – бәрі де әйелдің түп жаратылысында бар қасиеттер.

Жылылық деген түсінік осы қасиеттермен біте қайнасып жатады. Демек, әйелден бұл қасиеттер азая бастаса, онда аталмыш жылылық та кеми береді деген қорытынды шығарамыз. Мәселен, әйел өзінің нәзіктігінен айырылса, жүріс-тұрысы, киім киісі, сөздері еркекке ұқсап кетсе, онда еркекті қызықтыратын бір қасиет өлді деген сөз. Отағасы үйге кіргенде, жұбайы жылы сөзбен, нәзік күлкімен қарсы алмай, қатуланған қабақ немесе немқұрайлы мінез танытса, ол әйелдің еркек табиғатына тартымы мен сүйкімі кетеді.

Әйел теңдігі, демократия деген секілді желеумен қазір әйелдер өз табиғаттарын өзгертіп, еркекпен бірдей құқықты иеленгісі келеді. Тіпті еркектердің жаман әдеттерінің өзін қазір кейбір әйелдер өздерінің бойына сіңіруде. Темекі тарту, сыра ішу, дарақыланып күлу секілді қылықтар әйелдерден де көрінетін болды. Онысымен қоймай, отбасының тізгінін де өз қолына алғысы келетін немесе әлдеқашан алып қойған нәзік жаратылысты жандар жоқ емес. Отбасындағы берекесіздіктің үлкен бір себебі осы. Негізінде, Алла адамды қалай жаратса, соған разы болу мұсылманның бір сипаты. Оны өзгертем деу тасқа балта шапқанмен тең.

Еркек әйелге ұқсаймын деп құлақ-мұрнын тестіріп, бет-аузын бояп жатса, әйел еркекке ұқсаймын деп ерлерше киінсе, онда Алла тағаланың жаратқан заңдылықтарынан ауытқушылық орын алмай ма? Еркек басымен қылымсып, қыз секілді қылық көрсетіп жүрсе, ал әйел аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын шайпау мінезге үйір боп кетсе, ондай отбасында қандай жылылық тұрсын?

Бұл айтылған жалпы әйелге тән қасиеттер бір төбе болғанда, олардың жүрегіндегі иман, тақуалық, Алладан қорқу сезімдері ерекше бір байлық екендігін назардан тыс қалдыра алмаймыз. Өйткені көптеген ұнамсыз, нашар қылықтар иманнан жұрдай, тақуалығы жоқ, Алладан қорықпайтын пенделерден шығады. Сондықтан әйелдің киімі мен тәнінің сұлулығынан гөрі жанының сұлулығы мен тақуалығы мың есе артығырақ.

Сондықтан болса керек, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде:

«Әйелдер төрт түрлі ерекшелігіне қарай таңдалады: дүние-байлығы, сұлулығы, тектілігі және діндарлығы. Сендер діндарын таңдаңдар» деп кеңес берген.

Алла тағала қасиетті Құранда былай дейді:

«Әй, адам баласы, ұятты жерлеріңді жабатын киім, оның үстінен киетін сәндік киім түсірдік. Алайда тақуалық киімі ең жақсы» делінген («Ағраф» сүресі, 26-аят).

Ар-намысына шаң жуытпайтын, бөтен еркектермен бет алды сөйлесе бермейтін, әр жерде инабатымен жұртты иіте білетін әйел, шынында да, еркектің бақыты.

Асылбек Әуезханұлы, «Даналық ойдан дән ізде».

0 пікір