Имам Тахауи (рахимаһуллаһ) Ислам дінінің мүйізі қарағайдай бетке ұстар ғұламалардың бірі. Ол атақты хадисші болуымен қатар, ақида саласының да білгірі болған, әрі фиқһ ғылымын жетік меңгерген «фақиһ» ғұлама тұғын. Имам Тахауидің ғылымның ең соңғы шыңына – «мүжтәһид мұтлақ» деңгейіне жеткендігі айтылады.
Ендеше, Имам Тахауи (рахимаһуллаһ) өзінің ақидаға қатысты жазған кітапшасында Алла Тағаланың «мекені жоқ» екендігін білдіре келе, алты тараптың бірінде орналаспағандығын да баса айтқан. Ол былай дейді:
لا تحويه الجهات الست كسائر المبتدعات
«Өзге жаратылыстар сияқты, Алла Тағаланы алты тарап қамтып тұрған жоқ!».
Алты тарап деген не? Алты тарап деген, алты тұс деген сөз. Олар: алды, арты, үсті (жоғарысы), асты, оң, сол.
Яғни, Имам Тахауидің (р.а.) айтпағы: Алла Тағала алты тұстың бірінде деп айтылмайды. Алла Тағала әлдебір тұста болудан пәк. Өйткені, алты тараптың бірінде орналасу, мысалы, жоғарыда болуы – жаратылыстарға тән сипат. Алла Тағала жаратылыстарға ұқсамайды, аятта: «ليس كمثله شئ» - «Еш нәрсе Аллаға ұқсамайды» делінген. («Шура» сүресі, 11 аят). Егер Алла Тағаланы «жоғарыда орналасқан» десек немесе «Аспанда орналасқан» десек, Жаратушыны жаратылғандарға ұқсатқан боламыз, бұл аятқа қайшы. Сондай-ақ, аспан да, жоғарғы тұс та, кейіннен жаратылған жаратылыстар. Егер Алла жоғарыда орналасқан десек, «жоғарғы тұс» жаратылмай тұрып, Алла қайда еді? – деген сауал туындайды. Өйткені, еш нәрсе жоқ кезде, бір Алла ғана бар еді. Бұған қатысты Имам Ағзамның да мынадай сөзі бар:
«Ешбір орын, ешбір жаратылыстар жаратылмай тұрып Алла тағала (әзәлден) бар еді. «Қайда» жоқ кезде, Ол бар еді (яғни мекен, орын болмай тұрып бар еді). Ешбір жаратылыс, ешбір нәрсе болмай тұрып Алла бар еді. Және Ол барлық нәрсенің жаратушысы. Алла тағалаға дұға етілгенде төменге емес, жоғарыға (қарап) етіледі (яғни, дұға етерде қолды көкке көтереміз. Оның себебі Алла аспанда болғандықтан емес, дұға жасап, тілек тілегенде қаратылатын тұс болғандықтан)...». ("әл-Фиқһул Әбсат").
Алла Тағаланы өзге жаратылыстарға ұқсатпау керек дегенге байланысты Құран Кәрімде Алла Тағала былай деп бұйырады:
فَلَا تَضْرِبُوا لِلَّهِ الْأَمْثَالَ ۚ إِنَّ اللَّهَ يَعْلَمُ وَأَنتُمْ لَا تَعْلَمُونَ
«Алланы еш нәрсеге теңемеңдер. Негізінде Алла әр нәрсені біледі, сендер білмейсіңдер». («Нәхл» сүресі, 74 аят).
Яғни, аятта Алла Тағаланы өзге жаратылыстарға ұқсатпаңдар делініп тұр. Ал егер, сәләфиттер сияқты Алла Тағалаға қатысты - «мекені бар», «аршта отырады», «жоғарыда орналасқан» деген сияқты сипаттар тағатын болсақ, Оны өзге жаратылыстарға теңеген боламыз. Бұл күпірлікке жетелейтін өрескел қате болмақ.
Бұнымен қатар Алла Тағаланы «жоғарғы тұста» деп айтудың қате екендігіне дәлел болар «сахих» бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:
وَأَنْتَ الظَّاهِرُ فليسَ فَوْقَكَ شَيءٌ، وَأَنْتَ البَاطِنُ فليسَ دُونَكَ شَيءٌ،
«Сен - Зоһирсың (көрнеуді көріп-білушісің). Жоғарыңда еш нәрсе жоқ. Сен - Баатыйнсың (көместі көріп-білушісің). Төменіңде еш нәрсе жоқ». («Сахих Мүслім»).
Осы хадиске қатысты атақты хадисші Имам Бәйһақи (рахимаһуллаһ): «Біздің кейбір жолдастар аталмыш хадисті Алланың мекені жоқ дегенге дәлел қылады. Өйткені Алла Тағаланың жоғарысында еш нәрсе жоқ болса және төменінде еш нәрсе жоқ болса, демек Ол (Алла) – әлдебір мекенде емес деген сөз» - деп түсіндірме береді. (Имам Бәйһақи: «әл-Әсмә-у уас-Сыйфәт» - Бәбу мә жәә филь ъаршиль курсий).
Атақты тәпсірші ғұлама Фәһруддин ар-Рази де былай дейді:
«Алла Тағаланың әлдебір мекенде емес екендігінде немесе әлдебір тарапта емес екендігінде ижма бар». («әт-Тәфсируль Кәбир»).
Яғни, бүкіл Ислам ғұламалары Алла Тағаланы «жоғарыда» деп айтуға үзілді кесілді қарсы болған. Алланың әлдебір тарапта емес екендігіне ымыраласқан. Алла Тағаланың мекені жоқ болғаны сияқты, оның әлдебір тарапта болуы да мүмкін емес екендігіне бәрі бір ауыздан тоқтам жасаған.
Қазақтың көрнекті жазушыларынан Абай атамыз да «Лә мәкән» деп жырлағаны барша жұртқа мәлім. Лә мәкән дегені – Алланың мекені жоқ деген сөз.
Сондай-ақ, қазақтың алғашқы ұстаздарының бірі ағартушы Ыбырай Алтынсарин де өзінің «мұсылманшылықтың тұтқасы» атты кітабында Алла Тағаланың ешқандай тарапта, ешқандай тұста орын алмағанын былай деп ашық айтып өтеді:
««Жиһат сәттен» (жиһәту-ситтә), яғни алты түрлі тараптан: оңы, солы, алды, арты, асты, үсті болудан таза-ды»[1].
Ыбырай Алтынсаринның кітабында жазған бұл қағида - жоғарыда келтірген Имам Тахауидің айтқан сенім-негізінің дәл өзі.
Ендеше, қазақ халқының о бастан ұстанып келген Ханафи мәзхабы-Мәтуриди ақидасында Алла Тағаланы «жоғарыда» деп айту қате, әрі олай деу Исламдағы «тәнзиһ» ережесіне қайшы. (Тәнзиһ – Алланы барлық кемшіліктен пәктеу). Біздің сеніміз бойынша «Алла Тағаланың мекені жоқ және Ол әлдебір тұста емес». Өйткені, «Алла Тағала жоғарыда орналасқан» деп айтқан ашық аят та, сахих хадис те жоқ. Керісінше аяттарда Алла Тағаланың өзге жаратылыстарға ұқсатпау бұйырылған. Ал «Алла жоғарыда» десек, оны өзге жаратылыстарға ұқсатқан боламыз. Бұл өрескел қате. Оның үстіне олай деуге еш негіз жоқ. (Сәләфилердің келтірген дәлелдерінің көпшілігі жанама дәлелдер немесе бұрмалап аударылған аудармалар немесе күмәнді мәліметтер, күмәнді мәліметтер сенім-негіздеріне дәлел бола алмайды).
Ал енді «Алла жоғарыда» немесе аспанда орналасқан деу - сәләфизм бағытындағылардың ұстанымы. Олардың бұл уәждері Әһлу сунна жолындағы, яғни, суннит ұстанымына қайшы. Барлық исі мұсылман назарында беделді саналатын Имам Ағзам Әбу Ханифа мен Имам Тахауидің өзі: «Алла Тағала әлдебір тарапта емес!» - деп тұрғанда, Алла аспанда немесе Алла жоғарыда деп даулатын сәләфиттерге жол болсын.
Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!
[1] Ы. Алтынсарин: «Мұсылманшылықтың тұтқасы».