Балаларды қалай ынталандыруға болады?
Балаларды қалай ынталандыруға болады?
2 ай бұрын 2248

Психологтар баланың үйрену қабілетіне және белгілі бір материалды меңгеріп кету машығына толымды зерттеулер жүргізіп келеді. Мысалы, психолог Кэрол Дуэк (Dr Carol Dwek) интеллектінің статикалық (entity) және инкрементальді (incremental) түрлеріне тоқталады. Статикалық топтағы балалар «Мен осы нәрседе ақылдымын» деген сөз тіркесін жиі қолданып, жетістіктері мен сәтсіздіктерінің себебін туа біткен қасиеттерден көреді екен. Олар өздерінің интеллектілері өсіп, қабілеттері ұшталады дегенге сенбейді, тұрақты, тамырлы деп біледі.

Ал инкрементальді топтағылар болса, әрекеттерінің нәтижелерін «Бұған үлкен еңбектің арқасында жеттім» немесе «Әлі де көбірек еңбектену керек еді» деген сөздермен қорытындылайды. Үйренуші қасиетімен тәрбиеленген балалр интеллектіні ауыр еңбекпен, қиын материалды ептеп-ептеп игерумен байланыстырып күнделікті даму, машықтану арқылы маман атануға талаптанады.

Дуэктың зерттеуі көрсеткендей, күрделі тапсырмалармен бетпе-бет келгенде, үйренуші топтағы балалар өздерін дамытуға құлшынса, статикалық топтағылар тез беріле салады екен. Қиын жағдайларда жетістікті маңдай термен келетін еңбекпен байланыстыратын үйренуші топтағы балалар қалыпты маман көзқарасымен қарап, ауыздықтауға тырысады. Ал, өздерін белгілі бір салада абсолютті мағынада «ақылды» немесе «ақымақ» әлде «жақсы» я «нашар» көретіндер қол қусырып, күрделі проблеманы шешуге ешқандай ынта да білдірмейтіні анықталды.

Әсілі, мұндай қарама-қайшы ойлау жүйесі ата-аналардың және мұғалімдердің баланы қалай тәрбиелейтініне байланысты екен. Мәселен, статикалық топқа жататын Айдар есімді оқушы математикадан жақсы баға алып, үйіне қуана кіргенде ата-анасынан «Балам ақылды, бұл маған тартқан» дегенді естиді. Келесі апта ағылшын тілі емтиханынан құлаған Айдар үйінде «Не болды саған? Оқи алмайсың ба, соны да?» деген сияқты ұрыс сөздерге тап болады. Бұдан кейін Айдардың мыйында «Математикалық қабілетім жоғары, бірақ ағылшын тіліне шорқақпын» деген түсінік орнығады. Алдағы уақытта да жетістік пен сәтсіздікті туа біткен қабілетпен байланыстырады. Жылдам жемісін көруге әдеттенген Айдар ұзақ мерзімді үдерістен әрдайым қашқақтайтын болады.

Ал үйренуші немесе инкрементальді тобына жататын Ербол есімді оқушы бала ағылшын тілінен эссе жазып, жақсы нәтиже көрсеткенде мұғалімі «Ербол құттықтаймын! Сен жақсы жазушы болуға бір табан жақындадың. Осы бетіңнен қайтпа» дегенді, ал егер математикадан нашар баға алып қалса: «Кішкене көбірек еңбектенсең, келесіде жақсы нәтиже көрсететініңе сенімдімін», - дегенді, я болмаса: «Менен қосымша сұрасаң болады. Сол үшін осында жүрмін» дегенді естиді. Сондықтан да Ербол жетістікті еңбектенумен байланыстырып, кез келген саланы меңгерудің мүмкін екендігіне сенеді. Сонымен қатар, ол өзін үйрену атты ұзақ сапардың жолаушысындай сезініп, мұғалімді қолғабы жасайтын жолсерік ретінде қабылдайды...

«Жаһан» журналы. 2017 жыл. (04.10.).

0 пікір