Патшалық Ресей тұсында қазақ даласындағы діннің ахуалы
Патшалық Ресей тұсында қазақ даласындағы діннің ахуалы
10 жыл бұрын 7122
Р.Б.Барлыбаева

Мұсылман діні мен мәдениеті Қазақтың сайын даласына еніп, сіңе бастаған кезден бастап үнемі даму үстінде болды. Бірақ Жаңа Заманның қайнаған тұсында Исламдану процесінің қарқыны біршама бәсеңдеді, оған халқымыздың тәуелсіздігінен айырылуы себеп болды, еліміз Ресей империясының бодандық қамытын киді. Тұтас бір халық рухани дағдарысқа ұшырады. Өз тағдырын өзі шеше алмай, толығымен патшалық әкімшілікке тәуелді күй кешті. Қазақтың өз салт-дәстүрлері мен діні кемсітушілікке ұшырап, шеттетілді. Рухани құндылықтарымыз бодандықтың бүкіл тауқыметін тартты.

Патша үкіметі Ислам дінінің дамып, нығаюына мүдделілік танытпады. Керісінше, отаршыл шенеуніктер Ислам дінінің ықпалын барынша шектеуге тырысты. Мұның шектен шыққан мысалының бірі жергілікті халықты шоқындыру бағытындағы ашық іс-әрекеті еді. Түрлі тарихи еңбектерден Қазақстандағы көптеген шоқындыруға қатысты деректерді оңай табуға болады. Патша үкіметі ішкі Ресейден өзге дінді ұлт өкілдерін елімізге көптеп қоныс аударуы арқылы да қазақтар арасында өз ықпалын арттыруға күш салды. Бұған жер-жерде миссионерлік жүйеге қызмет ететін жексенбілік-діни мектептер ашылып, Ислам дінінің тамырына балта шабу мақсатын көздеген үгіт-насихат жүргізілді. Әйтсе де, осындай қитұрқы іс-әрекеттерге қарамастан, ата-бабаларымыз өз сенімдері—діндерінен бас тартпады. Отандастарымыздың көпшілігі өзінің ұлттық салт-дәстүрлері мен Ислам мұраттарына деген сенімін сақтап қалды.

Губерниялық мекемелердің қысым көрсетуіне қарамастан, ислам діні мүмкіндігінше өз ықпалынан айырылмауға тырысты. Мұсылмандық қазақ халқына рухани бағыт-бағдар беруші боп қала берді. Отаршылдардың жат сенімді күшпен де, неше түрлі айла-шарғымен де тықпалауы нәтиже бермеді. Санкт-Петербургтен осы мақсатпен жіберілген шенеуніктерінің қаншама күш салуы да бос әурешілік боп қалды. Бұл ретте қазіргі миссионерлердің де іс-әрекетінен ештеңе шықпайтынын айту ләзім.

ХХ ғасырдың басында құрамында Қазақстан да бар Ресей империясындағы жағдай елеулі өзгеріске ұшырады. Көптеген халықтардың, соның ішінде орыстардың да «түрмесіне» айналған, іріп-шіріген патша билігі өзінің қабілетсіздігін танытты. Ұлан-байтақ аймақты алып жатқан алып империя алақандай ғана ел—Жапониядан ойсырай жеңілді. Бұл әскери күйреу Ресей халқының жаппай наразылығын туғызды.

Наразылық империя орталығы һәм оның шеткі аймақтарын да қамтыды. 1905 жылғы көтеріліс империялық тәртіпке елеулі қатер туғызды. Төңкерісшіл көңіл-күйдің өрши түсуінен қаймыққан патша үкіметі оларды алдарқату үшін бірқатар жеңілдік жасауға қадам жасады. Соның нәтижесінде орыс халқымен қатар империяның шеткі аймақтарының аз санды ұлттары мен ұлыстары біршама бостандыққа қол жеткізді.

Қазақстандағы шенеунікшіл аппарат та жұмсарды. Сол жасалған жеңілдіктің бірі—дінге де қатысты еді. Патшаға қарсы толқудың күш алуынан қаймыққан шенеуніктер Исламға қарсы іс-әрекеттерден уақытша тартынуға мәжбүр болды.

Отаршылдар қазақтар арасында мұсылман мәдениетінің қаншалықты маңызды роль атқаратынын түсінді. Осы себептен де (ізгі ниеттен емес) ақылдаса келіп, губерниялық құрылым аясында Қазақстандағы Исламның маңызын мойындауға еріксіз көнді. Соның нәтижесінде Алматы (сол кезде Верный) қаласында Жетісу мұсылмандарының тұңғыш құрылтайын өткізуге рұқсат етті. /1, 7-б/

Құрылтайдың өткізілуін губерния шенеуніктері барынша қадағалады. Қазақстан Республикасының орталық мұрағат қорында осы аталған іс-шараны өткізуге қатысты материалдар сақталған. Жаркент уезі бастығының міндетін уақытша атқарушының Жетісу облысы әскери губернаторына жолдаған рапортында: «Жоғары мәртебелім! Теміршиев 23 наурыздағы Жетісу облысы мұсылмандарының құрылтайына қатысу үшін Верный қаласына жүріп кетті»,-деп атап көрсетілген. /2/

Түркістан генерал-губернаторы кеңесінің құжаттары да көңіл аударарлық. Бұл дерек көздерінде аймақ мұсылмандарының қызметі мұқият реттелген. Жетісу шенеуніктерінің нұсқаулары құрылтай өткізу барысында ескерілгендігі даусыз. Соның ішінда император Николайдың  ІІ министрлер кабинетінің журналын бекіту жөніндегі 1904 жылғы 17 сәуірдегі Жарлығы мен өзге ұлттар мен өзге діндегілердің мәселелері жөніндегі 1904 жылғы 12 желтоқсандағы Жарлығына да назар аудармау мүмкін емес.

Жоғарыда аталғандай министрлер комитеті 1904 жылғы 12 желтоқсандағы император жарлығының 6 бабының орындалу тәртібі туралы 1905 жылғы 2 ақпан мен 1 наурыздағы ерекше журналында былайша қаулы етті:

«Мемлекеттік кеңеске құрмет ретінде ведомоствоның алдын-ала келісімінсіз діни төзімділік туралы Министрлер Комитеті жобалаған төтенше мәжіліске осы журналдағы түсініктер негізінде төмендегідей мәселелер мен алдын ала түзілген заң жобалары дайындалып берілсін»:

  1. Өзге діндердің құлышылық үйлерінің ғимараттары туралы;
  2. Мұсылман дінбасыларын сайлау және тағайындау тәртібі туралы;
  3. Исламның кейбір басшыларын запастан әскерге шақырудан босату туралы» /3/

Жетісу  мұсылмандарының алғашқы құрылтайының материалдарынан белгілі болғанындай, 1 және 2-ші мәселелер мәжілістің барысына тікелей қатысты болды. Бұл екеуінен өзге баптары басқа  да жағдайларға әсер етті. Мысалы, №4 бап. Бұл бап діни мектептер мен медреселер ашу тәртібін қарастыратын еді, №5 бапта Ақмола, Семей, Орал, Торғай облыстары қазақстаныра ерекше діни басқарма құру туралы айтылды.

Келтірілген №5 бапта ХХ ғасыр басындағы патша әкімшілігінің мұсылмандыққа қатысты саясаты айқын көрініс тапқан. Аталған баптарда алдын-ала қарап шешу Түркістан генерал-губернаторлығындағы жергілікті мұсылмандардың мүддесіне белгілі бір дәрежеде қатысты еді. Патша үкіметі Түркістан өлкесін бағындырғаннан кейін оны басқаруды басқа аймақтардағыдай жалпы қағидалар бойынша жүргізді. Тек қажеттілік туғанда ғана жергілікті жағдайға орай қосымша ережелер қосты.

1867 жылы патша мақұлдаған «Жетісу мен Сырдария облыстарын басқару туралы» Ереже жобасында дін мәселесі туралы бір ауыз да сөз айтылмайды. Жетісу  облысы тараған 1893 жылғы қазанда ғана «Далалық облыстарды басқару жөніндегі 1891 жылғы 25 наурызындағы «Ережеде» жергілікті халықтың дін жағын ептеп қозғау әрекеті байқалды».

«Дала Ережесінің» 97-98 баптарына сай жергілікті бір болыста бір молда ұстауға рұқсат етілді. Онда генерал-губернаторлықтың өзіне бағынышты аумақта мешіт тұрғызуға да қарсы еместігі атап көрсетілген.

Ал «Өзге діндегілердің құлшылық үйлерінің ғимараттары туралы» мәселе мұқият талдауды қаажет етеді. Бұл мешіт құрылысы туралы ережені айқындай түсуге мүмкіндік береді. Рас, мешіт салуда әуелгіде анау айтқан кедергі байқалған жоқ. Құрылыс жарғысының 155-бабында салынатын мешітті ұстаудың шарттары айтылмаған, ал құлшылық үйлері жеке адамдар немесе бөтен қауымның қайыр-садақасына ғана тұрғызылды.

Мұсылман дінбасыларын сайлау мен тағайындау тәртібі мәселесіне де назар аудармауға болмайды. Мұрағаттардағы тарихи материалдардан белгілі болғанындай, шенеуніктер Ислам ісіне тереңдей араласуға оншалық көңіл бөлмеді.. Бұл жайт олардың үкенді-кішілі дін басыларын сайлау ісіне көңіл қоймауларынан көрінеді. Далалық генерал-губернаторлықтағы, сондай-ақ Орынбор өлкесіндегі сайлауда да жағдай осындай болды. Жергілікті имамдарды жамағат өзі сайлап алды. Шенеуніктер тарапынан діндарларды ауыстыруға да, қызмет мерзіміне араласау да байқалмады. Православие дінбасылары сияқты молдаларға қазынадан қаражат бөлінбеді.

«Далалық «Ереженің» 97-98 баптарында молдаларды әр болыстың жергілікті халқы өз арасынан сайлаған соң, оны әскери губернатордың бекітетіндігі көрсетілген. Қазақ халқының әлеуметтік ерекшелігі мұны қатаң сақтауға мүмкіндік бермеді. Қазақ ауылдарының шашырай орналасуы, әрі көшіп-қонып жүруі бір молданың бір болысты ұстау мүмкіндігін шектеді. Сондықтан, әрбір жеке ауыл, тіпті бірнеше көшіп-қонып жүрген бірігіп, бір имамнан ұстады. Осындай жағдайда барлық молдалар мен имамдар өзінің қоғамдық және қызмет бабына орай бірдей мәртебе иемденді. Дәрежесі жағынан да жоғары-төмен деп бөлінбей, құқықтары да бірдей болды.»/4, 7-б/

Әл-ауқаты да қайыр-садақа түсіміне байланысты еді. Жалпы Ислам діни қызметкерлері қай заманда да жергілікті халықтың көмек қолдауына мұқтаж болған. Қазір де солай.

Патша шенеуніктері Ислам діндарларының құқықтарын заңдастыруды қаламады. Губерниялық әкімдер мұсылмандық рәсімдік міндеттерді орындайтын адамдардан тұратын топтың қалыптасуына кедергі жасады. Сөйтіп, Отаршыл  билеп-төстеушілер Ислам діндарларының ықпалы артып алуынан қорқып, оларға қолынан келгенінше кедергі жасап отырды.

 

Әдебиеттер тізімі.
1.Егемен Қазақстан. 2006, 17-маусым. 7-бет.
2.ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты.  Қор №44, Тізбе №2, Іс №2495
3.Сонда.
4.Егемен Қазақстан 2007, 17-маусым. 7-бет.

0 пікір