"Муракаба" дегеніміз не?
"Муракаба" дегеніміз не?
10 жыл бұрын 4935
Мұхан ИСАХАН

Бірде мемлекет және құқық теориясы пәнінің қас білгірі, ұстазым профессор Умирғали Чаряров «құқықтық сана» тақыбырынан дәріс беріп жатып:

- Қоғамда заң үстем болуы үшін ең алдымен жеке тұлғалардың құқықтық санасы жетілуі шарт. Құқық бұзушылыққа қарсы адамның санасы пісіп-жетілмейінше қоғамда құқықтық мәдениеттің орнауы әсте мүмкін емес. Яғни, құқық бұзушылықтың орын алуына нигилистік (керітартпалық) пиғыл мен мешеу сана тікелей әсер етеді. Ал индивидтердің құқықтық санасын қалыптастыру үшін құқықтың қорқыту, мәжбүрлеу, жазалау сипаттарын өмірлік тәжірибеде пайдаланамыз. Бірақ, қамшылаумен құқықтық сананың формасын ғана қалыптастыруға болады. Ал шынайы құқықтық сананы адамның өз ішкі тазалығы мен мәдениеті ғана қалыптастыра алады, - деп құқық теориясы туралы түйдек-түйдек ойларын ортаға салды.

Әрбір дәрісіне жан-жақты дайындалып келетін ұстазымыздың дегдар болмысы һәм кесек-кесек ой-тұжырымдары мүлгіген санамызға дереу қозғау салатын.

- Ұстаз, шынайы құқықтық сананы тек ішкі тазалық пен мәдениет  қалыптастыратын болса, ал сол ішкі тазалық пен мәдениетті қалай қалыптастырамыз? - деп сұрадық біз ұлардай шулап.

Умирғали Чаряров алдын-ала осылай сұрақ қоятынымызды білгендей дән-ризалықпен басын шұлғып, тамағын кенеп алып:

- Ішкі мәдениет алған тәліммен, адамның өзін-өзі тәрбиелеуімен қалыптасады. Нағында, адам баласының ең асыл қазынасы – жан-дүниеміздегі тәлім-тәрбиенің негізінде қаланған осы ішкі тазалық пен мәдениет. Ал, ішкі тазалығы, мәдениеті жоқ адам ешқашан ұшпаққа шыға алмайды. Кейде ішкі тазалығы жоқ студенттерімізді көргенде, біз бейне заңды өз мақсатына пайдаланатын қылмыскерлерді тәрбиелеп жатқандай боламыз, - деп күйіне сөйлеп, жауабын қысқа-нұсқа қайырды.

Ұстазымның бұл ұстанымы, құқықтық сана хақындағы көзқарасы мені қатты ойландырып тастады. Сөйтіп, заң-законның жілігін шағып, майын ішкен білдей заңгер боламын деп том-том кітап оқып, кодекстерді жаттап жүргенімде, мамандығымның кілті ауылдағы әжем көп айтатын «кеуілің кірленбесін» қағидасына келіп тірелді.

Иә, расында да ішкі тазалығы жоғары адамның қаскөйлікпен қылмыс жасауы былай тұрсын, әдепсіз әнтек қылықтың өзін жасауы мүмкін емес. Бірақ, құқық бұзушылыққа қасқайып қарсы тұратын құқықтық сананың мәні тәлім-тәрбиеге негізделсе, ал тәлім-тәрбиенің мазмұны неден тұруға тиісті? Осы мәселе мені ұзақ уақыт ойландырды.

Кейін мемлекет және құқық теориясынан дәріс беріп жүріп, батыс теоретиктері Макиавелли, Лок, Спиноза, Монтескье, Кант, Гоббстың шығармаларын сүзіп шығып, бұл мәселеге нанымды жауап таба алмадым. Қиырдағы көкжиектегі уысқа түспей бұлт-бұлт етіп ойнаған сағымдай осы сауал біршама уақыт санамды сансыратты.

Бірде ғылыми жетекшім Юнус Апайдынмен екеуара сұқбатта осы мәселе жөнінде сөз қозғадым. Ұстазым іркілместен бұл мәселеге қатысты өз ойын ортаға салды.

- Бұл мәселе Ислам тарихында бір кездері өткір тақырыпқа айналған. VIII ғасырдан бастап фикһ ғылымы қарыштап дами бастағанда, кейбіреулер үшін діннің негізгі мұраты сыртқы пішінді ғана ислам ережелеріне сәйкестендіру секілді болып көрінген. Осы кезде базбір момын-мұсылмандар «діннің негізгі мұраты сыртқы пішінді емес, ішкі жан-дүниенің тазалығы болуға тиісті» деп қарсы мәселе көтерген. Содан түйіні ағытылмаған бұл мәселе екі-үш ғасыр күн тәртібінен түспей, мұқым мұсылман қауымының басын қатырды. Кейін Имам Ғазали мен Имам Кушайри ішкі тазалықты қамтамасыз ететін ахлаһ ілімі мұсылман құқығының ішкі динамикасы бола алатынын дәлелдеп жазып, бұл талас-тартысқа нүкте қойды. Діни әдебиеттердегі иһсан және муракаба тақырыптарына жіті назар аударсаң, бұл мәселенің жауабын таба аласың, - деп маған жол көрсетті.

Иһсан – Хақ Елшісінің (с.а.у) басынан өткерген Жәбірейіл оқиғасында иман және исламмен бірге көтерілген үш ұстынның бірі. Аталмыш хадис-шарифте (Бұхари, Иман) иһсанға қатысты «Алла сені, сен Алланы көріп тұрғандай намаз оқу» деп анықтама берілген. Яғни, иһсан дәйім Пәруардигарға деген ынтызарлықты арттыратын, пендені адалдыққа баулып, шынайылыққа шыңдайтын дініміздің асыл бергек, алтын діңгегі.

Ал муракаба ішкі жан-дүниенің тазалығын қамтамасыз ететін психологиялық тірек һәм тетік. Шынтуайтында, біз сұрқия ойды ішімізде бүгіп, сырттан жасырып ұстасақ та Хақ Тағала күмәнсіз оны білуші. Тіпті, ол үшін бізді қаласа жазалауы да мүмкін (Бақара, 284). Себебі, адамның ындыны бұзылса, кез-келген уақытта ылаң сала алады (Қасас, 50). Демек, жан-дүниемізге жебір ой жайғасып алып, күнә мен қылмыс жасауға желіктірмес үшін көңіл айдынын кірлетпей, мұнтаздай таза ұстауымыз шарт. Осылайша муракабамен қаруланып, енжарлыққа жол бермей, ішкі әлемімізге сақшы қойып, санамызды саф ұстасақ, күнә мен қылмыстың екі есе алдын алып, пәк күйге бөлене аламыз. Өйткені, адамның жан-дүниесінде жаман пиғылы болмаса, арға жат қылаудай да жаман іс-әрекетті жасай алмайды. Яғни, кемел құқықтық сананы қалыптастыратын ішкі тазалық пен мәдениет дегеніміз – ол шынайылық (иһсан) һәм ар (муракаба) тазалығы! 

5 пікір
  • «Мурақаба» деген - өзін- өзі бақылау, тексеру немесе барлық ынта ықыласын бір мақсатқа бағыттау дегенді білдіреді. Аллаһты қалбімен ойлау, терең оймен сезіну. Аллаһты әр жерде, әр кеңістікте өзін көріп, естіп, біліп тұрғандығын сезіну. Мурақаба әдісінің сопылықта белгілі қағидалары мен этикалары бар. Олар "сыртқы көзді" жауып "ішкі көзді" ашуға бағытталған рухани жаттығулар.
    10 жыл бұрын
  • Ақылға қоса адамзат білім игерүдің ішкі бағытқа қызмет атқаратын өзге де білім орталықтарына ие. Басты бағыттың бірі жүрек болып табылады. Тазартылған «жылтыр» және мөлдір жүрек Ақиқат нұрын шашатын айнаға айналады. Сопылық ілім мектебінің методикасы жүректен бастап, барлық білім орталықтарын (латаиф) біріктіру үшін құрылған. Жүректің терең сезімін жандандырып, жарқырата, жетілдіре және толықтыра отырып, рұхани мақсатын толық жүзеге асыру мүмкіншілігіне ие бола алады.
    10 жыл бұрын
  • Сопылық ілім бойынша ақыл адам денесіндегі жалғызғана сана орталығы емес. Бұған қоса жүрек тәрізді орталықтар да маңызды болып табылады. Жүрек алдауға көнбейді, әрқашан шындық пен өтірікті қатесіз ажыратып отырады. Осыны атқару үшін бір ғана шарт – жүректің оянуы керек болады.
    10 жыл бұрын
  • Сондықтан біз ерекше муракаба қолданамыз. Біздің муракабаларымызбен басқа мектеп пен бағыттардың муракабалары арасында іргелі айырмашылығы бар. Өзге әдістемедегідей біз дененің барлық қуатын бір нүктеге біріктіруге тырыспаймыз. Біз муракабанын мәні ақылды минут сайынғы тіршілік түрткілерінен бет бұрып, Жаратқанмен оңаша сыр бөлісуде жатыр деп есептейміз. Осындай он тәлімнен кейін ізденуші өзі таңдау жасап, Исламның негізгі канондары мен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.в.) сүннеті бойынша өзінің ілім үйренуін жалғастыра алады.
    10 жыл бұрын
  • Муракаба арнайы ұстаным пікірлер немесе ойларды талап етпейді, бірақ ізденуші тыныштықта Жаратқанның жарылқауына үміт ете отырып тазаланады. Кейбіреулер физикалық және рухани өзгерісті бірден сезінуі мүмкін. Кейбір ізденімпаздар әдеттен тыс жеңілдік пен рахаттануды, шыдам мен байсалдылықты, ішкі түйсіктің дамығанын сезінеді. Тұрақты муракаба мен ғибадаттар адамның Жаратқанмен тікелей жарқын байланысты сезінуіне көмектеседі.
    10 жыл бұрын