Екеуін де кешіре гөр!
Екеуін де кешіре гөр!
10 жыл бұрын 4268

Ақылдылықтың сыры

Лұқпан хәкімге «Ақылдылықты кімнен үйрендіңіз?» деп сұрақ қойылғанда, былай деп жауап берген екен: «Ақылды болуды түртінектеп жүретін соқырлардан үйрендім. Өйткені олар әуелі таяғымен түртіп көріп, басатын жеріне нақты көз жеткізіп алмай тұрып аяқ баспайды. Сол себепті мен де бір нәрсені істерде әуелі мұқият бас-аяғын ойланып алуды өзіме әдет еттім. Нәтижесі пайдалы болса ғана сол істі істеймін. Пайдасыз тірлік болса, дереу бас тартамын».

 

Қасиетті мұра

Бір жолы сахаба Әбу Хұрайра (р.а.) көшеде жүрген кісілерге: «Неге бекерге жүрсіңдер? Мешітке асықсаңдаршы, Пайғамбарымыз (с.а.с.) ол жерде халыққа мұра бөліп беріп жатыр» дейді. Бұны естігендер дереу мешітке асығады. Алайда ол жерден ешқандай дүние бөлісін көре алмайды. Әбу Хұрайраға қайтып келіп «Біз сен айтқандай, ешқандай дүние бөлісін көре алмадық» дейді. Әбу Хұрайра (р.а.) оларға «Мешіттен не көрдіңдер?» деп сұрайды. Олар «Мешітте әлдекімдер Құран оқып, енді біреулер зікір айтып, басқалар ілім үйреніп жатыр екен» дейді. Сонда Әбу Хұрайра (р.а.) өз сөзінің мәнін түсіндіріп «Мен айтқан ардақты пайғамбарымыздың мұрасы дегенім сол ғой» деген екен. 

 

Екеуін де кешіре гөр!

Бір сахаба хазірет Әбу Бәкірге (р.а.) келіп: «Күнәсі көп мен байғұсқа дұға етіңізші?» деп өтініпті. Сонда өте кішіпейіл хазірет Әбу Бәкір (р.а.) оған былай деп дұға етіпті: «Уа, раббым, бір күнәкар келіп екінші бір күнәкардан дұға сұрап тұр, сен екеуін де кешіре гөр!» 

 

Сандықта не бар?

 Лұқпан хәкім отбасына бір сандық қалдырып былай депті:

«Мен өлгеннен кейін сандықты осы жабық күйінде сатыңдар, ақшасын өздерің жаратарсыңдар».

Лұқпан хәкім қайтыс болғанда, өсиетін орындап, отбасы мүшелері әлгі сандықты сатыпты. Сатып алған кісі «ішінде не бар екен» деген оймен жалма-жан сандықты ашқан кезде бір сүйек қана шығыпты. Бірақ ол сүйекте мынандай жазу бар екен:  
«Басыңнан гөрі аяғыңды жылы ұста дұрыстап,

Қатты ойлана бермей, өзіңе бір жұмыс тап».

 

Бөлістің екі түрі

Ғалымдардың біріне шәкірті бір дорба жаңғақ әкеліпті. Әлгі ғалым жанында отырған басқа шәкірттеріне қарап: «Бұл жаңғақтарды қалай бөлісейік. Алланың бөлгеніндей бөлейін бе, әлде пенделердің бөлісіне салайын ба?» деп сұрапты. Шәкірттері «Алланың бөлгеніндей бөліңіз» десіпті. Ғалым дорбаға қолын салып біріне бір  уыс, екіншісіне екі уыс, енді біріне бір тал ұстатып, тағы бірін құр алақан қалдырып, жетпегеніне бос дорбаны беріпті. Жаңғақ тимеген балалар «Бізге жаңғақ бермедіңіз ғой» дегенде, ғалым өз ісінің мәнін былай деп түсіндіріпті: «Балалар, мен сендерден о баста қалай бөлейін деп сұрадым. Өздерің Алланың бөлгеніндей болуын қаладыңдар. Алланың ризық бөлуінде әділеттіліктен гөрі оның ихсаны, қалауы мен мәрттігі негізге алынады. Өйткені Алла қаласа береді, қаламаса бермейді. Біреуге аз, біреуге көп, енді біреуге мүлдем бермеуі де мүмкін. Бірақ ешкімнің қарсылық танытып «Неге бұлай?» деуге хақысы жоқ. Мүлік иесі өз мүлкін қалауынша жұмсайды» деп түсіндіріпті.

1 пікір