Ғайыпберген
Ғайыпберген
10 жыл бұрын 3389
Асқар Шаймарданұлы

Біз екеуіміз иен түздегі шабындық алаңында айдалада жатырмыз. Айналада аралары андыз-андыз қонған пішеншілердің шатырларында оттар сөнген, жылт еткен жарық жоқ, жым-жырт. Иісі жұпар аңқып, бүріне шық қонған көкмайсаның арасында шегірткелердің ақырғы рет қыдырып бара жатқанын ыс-ыс, сырт-сырт дыбысынан танисың. Бекітуін сыбдырлата оттаған аттардың жердің шымын қопара қорсылдаған жабайы қабандардан сескеніп оқыранғаны,  сарқырап аққан өзен дауысы мен алыстан талып жеткен үкінің үні, қасқырдың ұлығаны Алтайдың осынау теріскей бетіндегі Қобда бойының күзгі түн сарынындай құлаққа жеңіл естіліп, жүрекке жылы тиеді. Тастай қараңғы түн. Үркер ауып барады. Алқаракөк аспанда жамырап сансыз жұлдыздар жылтылдайды. Анықтап қарасаңыз көк жүзінде жұлдыздар қанша болса алуандығы да сонша, әрқайсысының өз орны, көлемі, сыр сыпаты, біреуі күліп жайраңдап тұрса, енді бірі тұнжырап мұңайып дегендей неше түрлі мінезі де болады екен. Біреуі тұрған орнын тастап сорғалай ағып, сөніп қас қағымда жоқ болып бара жатса енді бір жұлдыз жарқ етіп пайда болып, соның орнына қона қалғандай қым-қиғаш дүние. Жаратқан Иеміздің барды жоқ етіп, жоқтан барды жасай қоятынын тек осыдан ғана сезгендейсің.

Мен әлі ояу жатырмын. Жанымда жатқан Ғайыпбергенім ұйқысырап «Аға!..» деп ыңырана аунап түсіп, қайтадан қорылға басты. Шаршаған-ау жарығым. «Тау қопарып, таскөмір қазып келдің бе» дейді біздің қазақ. Иә, кеншінің жұмысы ауыр екені рас, бірақ пішеншінің арқалайтын жүгі одан жеңіл емес, өйткені ол малын алты ай қақаған қыстан алып шығатын азықты бірер күнде қамдап алуға тырбанып қуатын ілезде сарқып қалжырап қалады. Бірер күнде үлгірмесең ел етекке түседі де шаппаны мал ілезде ұйпап, таптап кетеді, әрі уақыты кетсе шөптің буыны қатып, шалғының жүзі мұқалып дымың құриды. Зорыққандықтан ба әлде күнібойы шөп шапқанда жалаңаш жүрген арқаны ащы күн қарыған ба ұйқым қашып кірпігім айқасар емес. Жалғыз ояу жатқанда басыңа нелер ойлар келеді. Белім бесіктен шықпай жатқанда әкеден айырылған бейбақ едім. Дәл осындай уақта бірлестіктің мая-мая пішенін өрттен құтқарып аламын деп жүргенде мерт болыпты ол жарықтық. Бірақ бергеніне шүкір, тәуба, біздің пішен шабылып, жиналып аяқталып та қалды. Ертеңдер тиейтін көлік іздейміз. Қасымда осы Ғайыпберген болмаса мен жалғыз тыраштанып не тындырар едім, жылқы жылым әлі де ілгері болар еді-ау. «Ей құдыреті күшті ием-ау, бергеніңе мың шүкір!» деймін қай қайдан қаңғырып жеткен ойларымды сабақтай түсіп. Жаратушы Алланың бұл да бір хикметі еді. Құдыреттің шеберлігі сол, дұрыс ісің кейде кербағады, кейде теріс іс оңға бастайды. Теріс іс оңға баспаса Ғайыпбергенім «інісі бардың тынысы бар» болып серіктесіп менің жанымда жүрер ме еді, тіпті бұл болмаған күнде мынау қасқыр ұлып, шошқа қорсылдаған айсыз қараңғы түнде иен түзде қорықпай жалғыз түнеудің өзі үрейлі емес пе. Әлгі оқиға былай болған:

...Қалтада ақша, аларым мен берерім де жоқ құралақан мен кедейді сол кеште сол араға сайтан түртіп емес, құдай айдап барған шығар. Пәлендей бұйымтайым болса бірсәрі. Қалай екенін кім біледі, нағашым үйіне шайлық сүт жеткізіп беріп қайтып келе жатып әдейі бұрылып барып базаршылар тарқай бастаған шақта базар қақпасының алдына келіп қалайша қалт тоқтай қалғанымды да білмеймін. Итініп келіп кіреберіске тақап тұра беріп едім, жұтынып киінген жас әйел адам мені іздеп жүргендей-ақ қарсы алдымнан жолыға кетіп күле қарап жанасалай кетіп:

— Амансың ба бауыртай? Сені өзі шырамытып тұрмын, кімнің баласы едің осы?-дегені.

— Құлжабайдың баласымын, атым Аяпберген, - дедім ойда түк жоқ, бетіне таңырқай қарап.

— Е-е-е, Құлжекеңнің де, өзімнің жақын бауырым екенсің ғой, бәсе жаза баспаппын! - деді де өзің кімсің деуіме мұрса берген жоқ, жата жабысып жазбай танып тұрған «жақыныңа» кімсің деудің өзі ебедейсіз, аңырып тұрғанымда әй-шәйға қаратпай: Айналайын жарқыным, мына шымаданды ұстап сәл күте тұршы, мен базардың ішіне барып жалғыз шампун алып лып етіп шығып келе қояйын. Кешікпеймін. Міне, қазір, - деп шамаданын қолыма ұстата салып, жүреметейлей кері бұрылып: Бірдеңеге соғып шағып алма, ішінде нәзік, бағалы заттар бар, - деп ескертіп жөнеле берді. Басымды изеп қана мәз болып тұрып қалдым.  «Базарда мың кісі кезігеді, әркім сүйгеніне сәлем береді» емес пе, мына мені азамат ретінде санап аткөпір халықтың ішінен тек өзіңе ғана сеніп құнды дүниесін уақытша аманат етіп тапсырып кетудің өзі үлкен сый-құрмет болмас па! Сол аманатты арқалап қиялға беріліп марсиып тұра беріппін. Әлі жоқ, әлі жоқ, көз жаутаңдап, аяқ талды. Аманат иесі хабар-ошарсыз. Бұл неге айналсоқтап қалды деп әлденуақытта ішке таман беттеп едім, қақпашы енгізбеді: «Базар ішінде бөгде кісі қалған жоқ. Сатушылар дүкендерін бекітіп жатыр, қақпаны жабамыз!» - деп мені шынтақпен қаға итеріп тастады. Сүрініп, құнды затты шағып ала жаздадым. «Кісі киімі кіршең, кісі аты тершең», аманатқа қиянат жасау зор күнә дейді үлкендер. Ымырт жабылып, көз байланып барады. Үй қаланың шетінде, көлік сиреген, енді не істеу керек? Дәл осы сәтте көзге таныс жапырайған қоңырала такси жаныма келіп тоқтай қалғаны. Көршіміз Оспанғали екен жалбақтаған ақкөңіл қайырымды кісі: «Сен мұнда бейуақта нағыл деп жүрсің. Заман жаман, біреу-міреу ұрып-соғып кетеді, жүр, отыр, бас аманыңда жетіп ал үйіңе!» деді. Жалтақтап жан-жағыма қарадым да отыра кеттім. Қып-қызыл ұрлық істегеніме бойымды үрей билеп, денем қалтырап барады, бірақ Осағаңа сыр ашқым келмеді, әлгі келіншек бәрібір бізді таниды екен, бағалы затын іздеп келіп алар, өзі келіп алмаса, оң қабағында танадай меңі бар қараторы бойжеткенді өзім тауып, аманатын қайтарармын деген ойға бекіндім. Біз ауылға жеткенде апам төр үйде жүр екен, мен ауызғыбөлмеге еніп, шымаданды қойып, сырт киімімді шешініп іле бергенімде шыр етіп жылаған нәрестенің дауысы естілді. «Ол не бала, ей әкем-ау?!» деп апам жүгіріп жетті, мен де аңырып тұрып қалдым. Баланың шырқыраған үні тағы да естілді. Шымадандағы!.. Асып-сасып ашып жіберіп едік, құйтақандай ғана сәби!.. Апам да аң-таң. Ентігімді басып, уақиғаның мән-жайын апама қысқа ғана баяндап беріп едім, апам: «Құдайдың бергені! Бәсе, көз жасымды көреді екен, жалғызыма бір серік бере көр деп тілеуші едім, бергеніне бас!» деп қуанғанынан жылап та жіберді. Көңілі жайланған соң сәбиді емірене құшағына алып, еміздікпен сүт бере отырып: «Білдім, пасық біреуге алданған бишара ма, перзентінен безген албасты ма екен, мұны енді еш кім де іздеп келмейді. Байы өлген қатын бала тауыпты деп мұқатса мені мұқататын шығар, десе дей берсін, «жұрт не демейді, ит не жемейді», көрдім нені көкісе де!» деді. Інімнің есімін Ғайыпберген деп қойдық. «Жалғыз ұлы бардың кірдім шықтым жаны бар» дейтін қайда, енді екеумін. Менің қуанышым жерден жеті қоян тапқаннан бетер, ал апам оны менен де жақсы көріп мәпелеп асырады, ержеткізді. Қазір міне зіңгіттей жігіт. Отбасымыздағы АСЫЛ ЗАТ. Жар дегенде жалғыз інімді жұрт көзінен де қызғанамын. Әсіресе анау қабағында меңі бар қараторы әйелден. Алайда ол қазірде байбатшаның балпаң басқан бәйбішесі, мені таниды-ау деймін, қарамды көрсе ат-тонын ала қашып жалтарып, бұрылып кетеді, маған сөйткені ұнайды.  Айналайын інім, қанатым менің, ұйқыда жатып аунаса да «ағалауын» қарап қой..!                                                   

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
3.5
15 дауыс
0 пікір