Жігіт пен қыздың қол алысып амандаспауында қандай хикмет бар?
Жігіт пен қыздың қол алысып амандаспауында қандай хикмет бар?
7 жыл бұрын 11376
Марфуға ШАПИЯН

Қазақ «Сәлем – сөздің анасы» дейді. Осыған амал еткен халқымыз, алыстан сәлем бермей, сөзін бастамаған. Алайда 70 жыл бойы шеңгелінде ұстаған коммунистік қоғам қазақты ата салтынан, мұсылмандық дәстүрінен айырды. Бір-бірімен амандаспақ тұрмақ, иек көтеріп, бас изесуге ерінетін кердең ұрпақ пайда болды. Қазір де кей ақсақалдарымыздың арасында “Ассалаумағалейкүм” деп ауыз толтырып амандассаң, “сәлеметсің бе?” деп жауап беріп тұратындары жоқ емес. Ал есесіне қыз-келіншектермен сәлемдескенде бетінен сүйіп, амандықта асыра сілтейтіндер де кездеседі. Бұл да сол Кеңестік дәуірден қалған “дәстүр”.

Бұрынырақта қазақ жігіттері өзара қос қолдап “ассалаумағалейкүм” деп амандасса, әйел затымен “Есенсіз бе?” деп қана қал-жағдай сұрасқан еді ғой. Өйткені, ұлтымыздың жігіттері батыр, батыл, қыздары әдепті, ұяң болатын. Ар, ұят мәселесі қазақ үшін әркез бірінші орында тұратын.

Ата салтымызда ер азаматтың өзге әйелді сүймек түгілі, қол алысып, амандасу салты да жоқ. Әйелмен қол алысу – батыстан келген үрдіс. Дініне берік халқымыз шариғатқа қайшы келетін істің ешқайсына жол бермеген. Ал асыл дініміз арада неке болмай, қол ұстаспақ түгілі қыз бен жігіттің оңаша қалуының өзіне тыйым салады. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистерінің бірінде: «Ер кісі өзіне бөтен әйелмен оңаша қалмасын. Сөзсіз, үшіншісі шайтан болады. Бірақ (қыздың) туысын серік қылса, ол басқа», – делінген. Ал тағы бір хадисте Алла Елшісінің (с.а.у.) жұбайы Айша (р.а.) анамыз: «Аллаға серт, Пайғамбарымыз бірде-бір бөгде әйелдің қолын ұстаған емес», - дейді.

         Ал қазақ дәстүрінде “қолұстатар” атты салттың болғанын біреу білсе, біреу білмес. Некелері қиылған соң күйеу жігіт пен қалыңдықты оңаша кездестірген жеңгелері қыздың қолына жібек орамал жабады. Содан кейін ғана жігітке қалыңдығының қолынан ұстауға рұқсат етеді. Жігіт қыздың қолын ұстатқаны үшін жеңгелеріне сый ұсынады. Ал бойжеткен болса, жарының қолын алғаш ұстап, оның жылуын сезініп, жүрегі лүпілдеп, бейкүнә жүзі алаулап, ұмытылмас бір сәтті бастан кешіреді. Екі жастың жүрек лүпіліне себепкер болған жібек орамал жәдігер ретінде бұл шаңырақта ұзақ сақталады. Қыз қолын ұстаудың өзін үлкен мерекеге айналдырып, ақ некенің маңызын жастарға осындай салттармен түсіндірген қазақтың бүгінгі қыз-жігіттерінің еш қысылмай, бір-бірімен қол ұстасып, қолтықтасып кетіп бара жататыны, ең аяғы амандасқанда қол алысып жататыны әдепке жат дүние.

         Бұл туралы қазақ батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметоваға айтқан мынандай ғажап сөзі бар: “Сендер не десеңдер де, қалай сынасаңдар да, біз басымыздан өткізген “қолұстатар” талғамы берік, тілегі тұнық, тәрбиесі мол әдемі ғұрып еді-ау, шіркін! Қыз деген әр еркекке қолын ұстата берсе, алақанының қытығы кетеді. Қытығы деген – ұяты. Ұят кетсе, қыз қасиетін сақтау сезімі сұйылады. Қолын жігіттерге қымсынбай жиі ұстатуға дәніккен бойжеткенде қызға тән нәзіктік, пәктік, сыпайылық жұтайды. Қылықтары дарақыланып, жүрістерінен жаңылады. Оның жүрісін бір күн ши жасырар, бір күн туырлық жасырар. Бірақ “көп жүрген жылан да аяғын көрсетіп алады” дегендей, ойнақтап жүріп от басып, өкінішке ұрынады. Құдайым сондайдан сақтасын де! Аяқты шалыс бассаң, қасың түгілі досың да табалайды”.

         Қыз қолын күйеуінен басқа жанға ұсынбауының осындай әдемі сыры бар екен ғой... Қазақ қызының ар-ұятын осылай сақтаған екен ғой.

         Ақ неке, салиқалы ұрпақ қалаған жандардың құлағына алтын сырға. Адамның тазалығы тегінен, бүкіл жүріс-тұрысынан, болмысынан көрініс тауып тұруы тиіс екен-ау...

         Ұятты қыздарымыз, намысты жігіттеріміз көп болсын!   

 

1 пікір