Нәресте болып анадан туғанда, әуелгі тыныспен дүниенің есігі ашылады. Алғашқы есік осы.
Адам болып тіршілікке қадам басқанда, алдымыздан күнә мен сауап есігі ашылады.
Ақырғы шыққан тыныс ажалға есік ашады.
Ажал – қабірдің есігін ашады.
Қабір – мақшар алаңындағы ұлы соттың есігін ашады.
Ұлы соттың есігі – ақырет дүниесінің есігін ашады.
Мәңгі ақырет дүниесінде жәннат пен тозақ есіктері тосып тұрады.
Ақырғы есік осы, мұнда шығар есік жоқ.
Бұл дүниенің есігінен кіргенде, амал бар есеп жоқ дейді. Яғни, ақырет үшін амал жасауға, Алланың бұйрығын орындауға міндеттіміз. Орындамай жүрсек те мұнда бізді есепке тартып жатқан ешкім жоқ. Ал, ақырғы есіктен кіргенде амал жоқ, есеп қана бар деген. Яғни, тек сұраққа тартыламыз, онда қанша талпынсақ та амал жасай алмаймыз.
Алғашқы есік амал жасау үшін ашылған. Біріміз – күнәһар екенімізді сезіп, Құдайға жалбарынудамыз. Біріміз – ақырет күнінен бейхабар дүниеге алданудамыз.
Алғашқы есіктен кіргенде рахман Алла бәрімізді пәк етіп жаратып, сәби етіп туғызды.
Мәңгі дүниеге күнәдан тазарып, сауапқа кенеліп, пәк қалпында келсін рақымыма бөлеймін деп, ізгі ескертулерін жасады.
Ескертулеріне еркіндік берді. Еркіндіктің шегін білу үшін ақыл сыйлады.
Ақылды жетілдіру үшін нәпсіні берді. Нәпсіні бағындыру үшін сана нәсіп етті.
Сананы жетілдіру үшін Алла тағала бір өзінен ғана жәрдем тілеп, жалбарынуды бұйырды.
Жалбарынудың жөні құлшылық етті. Құлшылық еткендегі әрбір сөз – Алланың сөзі, жүрегіміздің көзін ашатын, көкірегімізді тазартатын нұр тамшылар солар.
Жүрек көзі ашылғанда – алдымыздан бұл дүниеде іздеген ақиқат есігі де ашылады.
Бұл дүниеге келудегі мақсаттың өзі – ақиқат есігін ашу еді. Ол есікті ашқан пендеге хақ жолдың есігі ашылады делінген.