Пейішке түскендер мен тозаққа түскендер арасындағы диалог
Пейішке түскендер мен тозаққа түскендер арасындағы диалог
1 ай бұрын 6311

Қиямет күні пейіштіктер - пейішке, тозақтықтар - тозаққа орналастырылғаннан соң пейіштегілер мен тозақтағылар бір-бірлерімен сөйлесіп, диалог құрады. Пікір таласады. Екі жақ өткенші дүниеде жасаған істерін еске алып, ол үшін ақыретте алған жаза не сыйлық жайында бөліседі.

Осы орайда, пейіш пен тозақ арасы алыс бола тұра, қалайша екі топ арасында диалог құрылуы мүмкін? - деген сауал туады.

Бұндай сауалды адамзат телефон мен теледидар жасалмай тұрып та қойған жоқ па? Сым телефон алғаш жасаларда қаншама адам "бір-бірінен ұзақ қашықтағы адам, қалай үйінде отырып-ақ сөйлесе алады", деп сұрады емес пе? Мүмкіндігі шектеулі пенделер, үйде отырып-ақ мыңдаған шақырымдағы танысымызбен байланыс құра алатын мүмкіндікті жасай алған болсақ, құдіреті шексіз Алла Тағаланың пейіштегілер мен тозақтағыларға бір-бірімен әңгімелесе алу мүмкіндігін жарата алмайды деп ойлаймыз ба?

Бұл бізге беймәлім ақыреттегі жағдайлардың бірі. Оған біздің біліміміз жетпейді. Алла Тағала ақыретте адам баласының жаратылысын дамытып, оның организмін қартаймайтындай қылады. Сол сияқты оған осы дүниеде берілген сезім мүшелерінен бірнеше есе қуатты сезім мүшелерін жаратады. Бұл ақиқатты Құдай Тағала былай деп айтқан:

«Сендердің бейнелеріңді өзгертіп, сендер білмегенді жарата аламыз1.

Қасиетті Құран Кәрімде пейіштегілер мен тозақтағылар арасын бөліп тұрар қоршау, дуал болса да, екі жұртшылық арасында диалог өрбитіні жайында хабар берілген. Пейіштегілер жағында – Алланың рахымы мен сыйы бар. Ал тозақтағылар жағында – азап бар. Бұған сеніп, иман етеміз. Ал оның ақиқатында қалай жүзеге асатындығын бір Алла Тағаланың шексіз біліміне қалдырамыз.

Ендігісі, төменде Құран аяттарында келтірілген пейіштегілер мен тозақтағылар арасында болатын диалогты ұсынамыз.

1. “Сол күні мүмін ерлер мен мүмін әйелдердің нұрлары алдарында әрі оң жақтарында асыққанын көресің:

- "Сендерге бүгін куаныш. Астарыңнан өзендер ағатын жұмақтар бар. Ол жерде мәңгі қаласыңдар. Міне осы ұлы қол жеткендік" - (делінеді оларға).

Сол күні, мұнафық ерлер мен мұнафық әйелдер мүміндерге:

- "Бізге көздеріңнің қырын салыңдар! Нұрларыңнан біз де пайдаланайықшы!" - дейді. Сонда оларға: "Кейін оралып (дүниге оралып), нұр іздеңдер!" - делінеді. Олардың (пейіштіктер мен тозақтықтардың) араларына есігі бар бір дуал орнатылады. Оның ішінде - рахмет, ал - сырт жағында азап бар.

Мұнафықтар, мүміндерге дауыстап:

- "(Өткен дүниеде) Сендермен бірге болған едік қой?' - деп айқайлайды.

Мүміндер:

- "Әрине, бірақ сендер өздеріңді бүлікке салдыңдар, күттіңдер, күмәндандыңдар. Сендерді құр үміттерің Алланың әмірі келгенге дейін алдады. Сондай-ақ сендерді Аллаға байланысты алдаушы (шайтан) алдады" дейді. - Сондықтан бүгін сендерден бір төлеу қабыл етілмейді әрі кәпірлерден де қабыл етілмейді. Орындарың тозақ. Ол сендердің паналарың. Нендей жаман орын”2.

2. “Жұмақтағылар, тозақтағыларға:

- «Раббымыздың бізге уәде еткенін тура таптық. Сендер де Раббыларыңның уәде еткенін тура таптыңдар ма?» - деп айғайлайды.

озақтағылар):

- «Әрине» деп жауап береді.

Сонда олардың араларындағы бір айғайшы:

- «Алланың қарғысы залымдарға!» - деп айғайлайды. Олар (кәпірлер) Алланың жолынан тосып, онда бір қисықтық іздейді және олар ақыретке де қарсы болушылар»3.

3. “Тозақтағылар, жұмақтағыларға дауыстап:

- “Бізге суларыңнан немесе Алланың сендерге берген несібесінен төгіп жіберіңдер!” - деп айғайлайды.

Жұмақтағылар:

- “Расында Алла, ол екеуін де кәпірлерге арам еткен” - дейді. Олар (тозақтағылар) - діндерін ойын-сауыққа айналдырып, дүние тіршілігі оларды алдағандар. Олар осы күнге жолығуларын ұмытып, аяттарымызға қарсы келгендері сияқты, бүгін Біз де оларды ұмытамыз»4.

 


 

1Құран, «Уақиға», 61 аят.
2Құран Кәрім: «Хадид» сүресі, 12-15 аяттар.
3Құран Кәрім: «Ағраф» сүресі, 50-51 аяттар.
4Құран Кәрім: «Ағраф» сүресі, 44-45 аяттар.

Абдусамат Қасым

 

0 пікір