Әбу Наср әл-Фарабидің Құдай түсінігі (1-бөлім)
Әбу Наср әл-Фарабидің Құдай түсінігі (1-бөлім)
1 жыл бұрын 3647
Дайындаған Абдусамат Қасым

Әлемге әйгілі бір туар философ, энциклопедист ғұлама Әбу Наср әл-Фарабиді танымайтын адам жоқ шығар. Өнер-білімі дамыған қай елде де Әл-Фараби десеңіз құлағы елең ете қалмайтын кісі кемде-кем. Осындай тұлғаның біздің елден шығып, оның жерлесі атанған біз - Қазақстан халқы бақытты ел шығармыз.

Көне арабша кітаптарда Әл-Фарабиді өте қарапайым тұлға ретінде таныстырады, онысын кейбір зерттеушілер «платондық» дүниетаныммен байланыстырады (қаншалықты дұрыс-бұрысын философ мамандар анықтай жатар). Әрідесе, деректерде үстінен көне түркі шапанын тастамағаны да тілге тиек етілген. Бұнысы, әрине, шыққан тегін ұмытпау керек дегенді білдірсе керек.

Мұнымен қатар Әл-Фараби өзін құдайшыл, мұсылман екендігін де ұмытпағандығын айта кеткім келеді. Оның өзіндік Жаратушы түсінігі болғанымен, ұлы ғұлама Алланы бір деп, Мұхаммед пайғамбарды Алланың елшісі ретінде таныған адам. Онысын жазып қалдыраған түпнұсқадағы жазбаларынан ұғыну қиын емес. (Осы орайда Әбу Насыр Әл-Фарабидің "Ұлы Дұғасы" атты аудармамызды оқуды кеңес етер едік). Мысалы, бір жазбасында ұлы ғалым танымды немесе білімді: Философтардың танымы және Пайғамбардың танымы деп бөледі. 

Әл-Фараби философия пәнінің мақсаты жайында

Әл-Фараби өзінің артында көптеген еңбектер жазып қалдырғаны белгілі. Оның біраз бөлігі бізге жетсе, біразы жетпеген болуы мүмкін. Жеткен еңбектерінің көбісі біздің тілге әлі аударылып үлгермегендігін айтуға болады. Сондай біздің тілге әлі аударылып үлгермеген еңбектерінің бірі «Арыстотельдің философиясын үйренуден бұрын не нәрселерді білу керек» атты арабша шағын еңбегін атап өткім келеді (Арабша түпнұсқасы: "Мә янбағи ән юқаддимә қоблә тәъәллумиль Фәлсәфәтә Аристу"). Бұны "философияға кіріспе" деп атасақ та болады (сондай-ақ, «Ъуюнуль-Мәсәил» («мәселелердің қайнарбұлақтары») атты басқа бір кітапшасы да аударылуы керек еңбектерінің бірі). Мүмкін біздің осы шама-шарқымызша жазып отырған жазбамыз, аталмыш кітапшаның философ мамандар тарапынан ана тілімізге аударылуына мұрындық болар. 

Бұл еңбегінде ол, Арыстотельдің философиясын оқудан бұрын, тоғыз нәрсені білу керектігін айтады. Ал соның «төртінші» - «Философияны үйренудегі көздеген мақсатты білу» атты пунктінде философияны терең үйренудегі негізгі мақсаттың Жаратушы Құдай Тағаланы тану екендігін ашық айтқан. Ол былай дейді (арабшадағы түпнұсқадан сөзбе-сөз аударып отырмыз):

«Пәлсапаны үйренудегі көзделген мақсатқа келер болсақ, ол - Жаратушы Тағаланы тану. Оның - жалғыз, қозғалыссыз екендігін, Оның - барлық нәрсенің жасаушы себебі екендігін және осы әлемді өзінің көркемдігімен, даналығымен, әділдігімен реттеп отыруші екендігін білу».

Ғұламаның осы сөздерінен, кемшіліктен пәк бір Жаратушы құдайға сенгендігін анық байқау қиын емес, тіпті "Жаратушы Құдайға сенбеу ақылға сыйымсыз нәрсе" дейді ғұлама. Онысын төменде келтірілген сөзінде ашық баян етіледі.  

Әл-Фарабидің Құдай түсінігі 

Әрине, "екінші Ұстаз" атанған ұлы философтың Құдай түсінігін түбегейлі түсініп, оның түпкі ойына жету үшін ең кемі, Ғарифолла Есім ағамыз сияқты өмірін философияны зерттеумен өткізген нағыз философ маман болу керек шығар. Бірақ ғұламаның қалдырған жазбаларындағы мәтіндерінің беткі мағынасына қарасақ Әл-Фарабидің «Жаратқан Жаратушының болуы міндетті» екендігіне сенгендігін анық байқау қиын емес.  Жаратушы Затты ғалым «Уәжибуль-Ужуд» деп атайды, яғни, "болмаса болмайды", "бар болуы міндетті болған зат".

Біздің «болмаса болмайды» немесе «барлығы міндетті болған зат» деп аударып отырған «Уәжибуль Ужуд» терминін Ибн Синаның жазбаларынан да кездестіруге болады, әрідесе бұл термин - Исламдағы сопылық жолының өрісі кең өкілі, Ислам ойшылы Ибн Арабидің «Құдай» сеніміндегі негізгі принциптерінің бірі екендігін айта кету керек. 

Әл-Фараби бабамыз өзінің «Ъуюнуль-Мәсәил» («мәселелердің қайнарбұлақтары») атты басқа бір кітапшасында «болмысты» екіге бөледі:

1) Болуы міндетті болмаған барлықтар. Ғалымның тілімен айтқанда «Мүмкинуль-Ужуд» (барлығы мүмкін болған, барлығы міндетті болмаған, яғни, жаратылыстар).

2) Болуы міндетті болған барлық ("міндетті барлық"). Ғалым мұны «Уәжибуль-Ужуд» деп атаған - Болмаса болмайды, болуы міндетті болған барлық, яғни, Жаратушы.

Болмаса болмайтын, барлығы міндетті болған Затты Әл-Фараби былай түсіндіреді (түпнұсқасынан сөзбе-сөз аударып отырмыз):

«Уәжибуль-Ужуд (яғни, барлығы міндетті болған Зат) - ол, жоқ екендігі топшыланған кезде, абсурд болмағы ләзім болған зат».

Яғни, «Уәжибуль Ужуд» дегеніміз, жоқ екендігін топшылау - абсурд, ақылға сыйымсыз болған Зат деп отыр. Оны жоқ деу - абсурд дейді Әл-Фараби. Әріқарай бар болуы міндетті болған Затты ұлы ғұлама былай сипаттайды:

«Ол себепсіз (яғни, ол бар болу үшін себепке мұқтаж емес). Және Оның барлығы - өзгенің жәрдемімен болуы дұрыс емес. Оның барлығы (бар болушылығы) - ең әуелгі барлық болмағы ләзім».

Яғни, Уәжибул-Ужуд болған зат, өзінің бар болмағы үшін, өзге бір нәрсеге мұқтаж емес, оны ешкім бар етпеген, оның бар болуы өздігінен, оның бар болушылығы өзге нәрсеге сүйенуі мүмкін емес деп отыр. Ол өздігінен бар. Оның әуелі, соңы жоқ. Оны ешкім жаратпаған деп отыр ғалым. Және бұл Ұлы Заттың барлық нәрсенің әуелі екендігін айтады. 

« Және Ол - кемшіліктің барлық жөнінен пәк болмағы керек. Демек, оның барлығы - кемел, толық. Оның барлығы - болмыстардың ең кемелі болмағы ләзім және материя, сурет-бейне, іс, соңғы шек сияқты себептерден пәк болмағы керек»

- дей келе ғұлама, ол Заттың барлық кемшіліктен пәк екендігін айтып өтеді. Бұл жерде ғалымның «Барлығы міндетті болған» деп отырғаны - Жаратушы Құдай Тағала екендігі айтпасақ та белгілі болып отырған шығар. 

Жоғарыда келтірілген дәйексөздер ұлы ғұламаның «ъуюнуль-мәсәиль» атты кітапшасының арабша түпнұсқасынан аударылып беріліп отыр. Бұл кітабында әл-Фарабы «бар болуы міндетті болған Заттың», яғни, «Уәжибуль-Ужуд»-тың сипаттарын, ерекшеліктерін де тізіп өтеді. Ол жөнін келесі жазбамызда сөз етсек дейміз. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

 

 

0 пікір