Шариғатымыз «лизинг» мәселесіне қалай қарайды?
Шариғатымыз «лизинг» мәселесіне қалай қарайды?
8 жыл бұрын 9118

Ассаламу'алейкум! Шариғатымыз лизинг мәселесіне қалай қарайды? Азамат. 

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Лизинг дегеніміз құнды мүлікті белгілі мерзімге жалға беру және лизинг алушыға осы мүлікті аталған мерзім өткеннен кейін сатып алуға мүмкіндік беру. Лизинг негізінен кәсіп орындарға арнайы техника мен автокөліктерді алуда қолданылады[1].

Лизинг алушының тапсырысы бойынша, Лизинг беруші (лизингтік компания) белгілі сатушыдан (лизинг алушының көрсеткен сатушыдан) керекті құрал-жабдықтарды сатып алып, оны лизинг алушыға жалға береді.

Лизингтің үш түрі бар:

  1. Шұғыл лизинг (оперативный лизинг). Әдетте мұнда қолда бар жабдықтар жалға беріледі. Әрі жалға беру уақыты әдеттегіден тым қысқа болып келеді. Сондай-ақ, лизингтің бұл түрінде жалға берілген жабдық уақыты бітісімен лизинг берушіге қайтарылады немесе жалға алу уақытын создырады.
  2. Қаржылық лизинг (финансовый лизинг). Қаржылық лизингте келісілген мерзім аяқталысымен жалға берілген зат лизинг алушының меншігіне өту құқы қарастырылған. Осы орайда, ұзақ жалға алу мерзімі барысында жабдықтың құны толықтай төленіп қойылса, ешқандай қосымша төлемсіз лизинг алушының иелігіне өтеді. 
  3. Қайтарымды лизинг (обратный лизинг). Лизингтің бұл түрінде лизингтік компанияға әлдебір кісі өзінің меншігіндегі жабдықты сатып, артынша сол жабдықты лизингтік компаниядан жалға алады[2].

Шариғи тұрғыда лизинг:

Ислам экономикасында лизинг «әл-Ижаратуль-Мүнтәһияту бит-Тәмлик» деген атаумен белгілі. Мұны бір сөзбен «Ислами лизинг» деп алатын болсақ, оның өзіндік талап-шарттары бар. Бұл талап-шарттардың дені бүгінгі дәстүрлі европалық лизинг жүйесінде табыла бермейтіндіктен, дағдылы лизинг түріне жүгінбеген дұрыс.

Дәлірек айтқанда, Ислами лизингте "жалға беру" келісімі мен "сатып алу" келісімі бір лизингтік келісім шартта орын алмауы тиіс. Екеуі екі бөлек келісіммен жүзеге асуы шарт. Өйткені, «Пайғамбарымыз (с.а.у.) екі келісімнің бір келісімшартта орын алуынан тыйған»[3]. 

Ал, дәстүрлі лизинг түрінде екі келісім бір келісімшартта көрсетіледі. Мұның Исламдағы лизинг түсінігіне теріс келетін тұстарының бірі осы дейді ғалымдар.

Сондықтан да, Ислами лизингте қажетті жабдық лизинг беруші тарапынан сатып алынғаннан соң, екі жақ әуелі:

- Жалға беру келісімшартына отырады. 

- Сонан соң келісімшартта белгіленген мерзімі өтісімен, о баста уағдаласқандай, алушының меншігіне өтуі үшін екінші келісімшарт жасасады. Бұл келісімшарт азын-аулақ ақшаға сатып алу (купля-продажа) келісімшарты болуы мүмкін, немесе сыйға беру туралы келісім шарт болуы мүмкін[4].

Ендеше, дінде лизинг әуелгі этапта жалға беру болып есептеледі. Сол себепті, белгіленген уақыт аяқталып, жаңа келісімшарт жасасу арқылы алушының меншігіне өткенше жалға беру үкімдері негізге алынады. Осыған орай, жалға берілген жабдықтың негізгі күтімі лизинг берушінің мойнында. Сондай-ақ, жалға берілген затта туындаған (қолданушының шеттен тыс селқостығынан немесе шамадан тыс қолданысынан туындағаннан басқа) ақаулықтар лизинг беруші тарапынан қалпына келтірілуі тиіс. Және жабдықты сақтандыру - лизинг беруші тарапынан жүзеге асырылады[5].

Бұнымен қатар, жоғарыда тілге тиек етілген лизингтің «Қайтарымды лизинг» түрі – көпшілік мәзхаб ғұламалар тарапынан харам деп танылған «әл-Ъина (الْعِينَة)» сауда түрінің баламасы болып табылатындықтан аталмыш лизинг түрі де тыйым салынады.  

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] http://economica.kz/leasing/
[2] http://infobank.by;ru.wikipedia.org/  
[3] Ахмад ибн Ханбәл, муснад.
[4] Проф. Доктор У.Зухайли: «әл-Муъамәләтуль Мәлиятуль Муъасира». 393-413 бет.
[5] Мәжмағуль Фиқһиль Исләми әд-Дуәли – Бүкіл әлемдік Фиқһ ұйымы. 2000 жыл,  Рияд қаласы. Он екінші отырыс. Қаулы: 110 (4/12).     

Абдусамат Қасым