Саудам жақсы жүруі үшін қандай дұға оқысам екен?
Саудам жақсы жүруі үшін қандай дұға оқысам екен?
10 жыл бұрын 608186

Әссәләмуғалейкум! Бір кісінің сұрауы бойынша хат жолдап отырмын. Сауданың жақсы жүруіне қатысты қандай дұғаларды оқыса болады? Бір газеттен «қорқай дұғасын» 4 параққа жазып, дүкеннің 4 бұрышына адам көрместей етіп, жасырып қою керек дегенді оқыдым. Және оны жаттап, дүкенге кіргенде айту керек екен. Осы іс қаншалықты дұрыс? Және басқа да қандай дұғалар бар? Рахмет. Алия

Уағалейкум ассалам, Алия! Сіз сұрап отырған дұға жайында қандайда бір дерек кездестірмедік. Дегенмен, Пайғамбарымыз (с.а.у) Мәдине халқының сауда-саттығына береке тілеп, төмендегідей дұға еткені сахих хадистерде келтіріледі:

اللَّهُمَّ بَارِكْ لَهُمْ فِي مِكْيَالِهِمْ ، وَبَارِكْ لَهُمْ فِي صَاعِهِمْ ، وَمُدِّهِمْ يَعْنِي أَهْلَ الْمَدِينَةِ

«Аллаһуммә, бәрик ләһум фи Микялиһим. Уә бәрик ләһум фи Саъиһим уә мүддиһим»[1]

Мағынасы: «Уа, Аллаһым! Олардың тартқан таразысына, ондағы өлшеп сатқан заттарына береке бер».

Әлдебіреулердің саудаларының берекесі үшін, аталмыш дұғаны оқитын кісі: «Аллаһуммә, бәрик ләһум фи Микялиһим. Уә бәрик ләһум фи Саъиһим уә мүддиһим», - деп оқиды.

Ал өзінің жеке саудасы үшін оқитын болса, онда: «Аллаһуммә, бәрик ли фи Микялии. Уә бәрик ли фи Саъии уә мүддии», - дейді. Мұндағы өзгеріс арап тілінің грамматикалық еркешелігіне байланысты.

Және айта кететін маңызды жәйт, хадистен байқағанымыздай  береке дұғасы ауызша айтылады. Дүкеннің төрт бұрышына жасырудың қажеті жоқ.

Бұған қоса, саудаға береке кірсін десеңіз мына төмендегі мәселелерді де ұмытпаған жөн:

  1. Тақуалық. Басқаша айтқанда, намаз, ораза, зекет сияқты дін бұйрықтарына берік болу;
  2. Шыңшылдық. Саудада бастысы – сенімділік. Сенімді болсаңыз алушыларыңыз көп болады, саудаңызға береке кіреді;
  3. Ертемен бастауды әдетке айналдыру керек. «Аллаһым, үмметіме ертеңгісін береке бер» деп Алла елшісі дұға еткен[2]. Әр істі кешеулетпеген дұрыс.
  4. Шүкіршілік, қанағат. Әр бір нығметті Алланың бізге берген сыйы ретінде көріп, оған шүкіршілік ету керек. «Шүкір етсеңдер, арттырамын»[3] дейді Жаратушы Иеміз.
  5. Садақа беру. Шама-шарқыңызша мұқтаж жандарға садақа беріп тұрыңыз. Садақа берекені арттырады.  Жаратушы Иеміз Құран Кәрімде: «Алла өсімді жояды, (берген) садақалардың берекесін арттырады», - деген[4].

[1] Сахих Бухари, Китабуль бүйюъ
[2] Ахмед ибн Хәнбәл.
[3] Ибраһим сүресі, 7-аят.
[4] Бақара – 275 аят.

Абдусамат Қасым