Саудагерлер салық төлемесе күнә бола ма?
Саудагерлер салық төлемесе күнә бола ма?
11 ай бұрын 1397

Саудагерлер салық төлемесе күнә бола ма?

Бисмилләһир рахманир рахим

Салықтар қоғам игілігі үшін жұмсалатындықтан, салық төлеу әрбір азаматтың заң алдындағы борышы. Әзіреті Омар заманында елге сауда-саттық мақсатында кіруші саудагерлерден салық алу жүйесі қолданысқа енген болатын. Оның есесіне, өкімет саудагерлердің жан мен мал амандығын қамтамасыз етуші еді.

Ислами тұрғыда салықты екі түрге бөліп қарауға болады :

  • Қоғамның игілігі мен қажеттілігіне жұмсалатын салық түрі. 
  • Ешқандай қарымтасы жоқ, қоғам игілігіне жұмсалмайтын жөнсіз алынатын салық түрлері.

Салықтың бірінші түрі қоғам үшін «қажеттілік» болғандықтан, Ислам шариғатында "қажетті міндеттемелер" қатарынан саналады.

Екінші салық түрі болса, шариғатта «мәкс» («مكس») салығы деп аталып, хадисте харам етілген. «Мәкс» салығы деген, адамдардан орынсыз және жөнсіз алынатын әділетсіз салық түрлері. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Адамдардан жөнсіз салық алушы (мәкс иесі) - пейішке кірмейді» - деген1. Ислам келмей тұрып араб қоғамында уәкілетті адамдар жұрттан орынсыз салық жинап, ол салықтар жөнсіз жұмсалушы еді. Мұндай салық түрлерін Ислам келіп тыйды. Алайда, орынды салық түрлері және қоғам мен мемлекет игілігі үшін қолданылатын салық түрлері Исламға қайшы емес, қайта қажеттілік болғандықтан, кейінгі Ислам ғалымдары мұндай салық түрлеріне оңды қараған.

Мәселен, Ханафи шариғат кітаптарында «Нәуәиб» деп аталатын салық түрі жайында айтылады. «Нәуәиб» салығының - "орынды" (бихаққ) және "орынсыз" түрі болғанын түсінуге болады (биғойри хаққ, бизулмин). Ал, орынды салық түрінің адал екендігін және ондай салық түрін қалталы мұсылманның өтеуі керектігін ғалымдарымыз айтып өткен. Оған қатысты ескілікті кітаптарда мынадай мәліметті кездестіруге болады:

«Егер, «Нәуәиб» салығы делінген кезде, сақшылардың ақысы, адамдарға ортақ қолданылатын өзенді жалға алу ақысы, әскерді әзірлеу үшін бөлінген дүние, мұсылман тұтқындардың құнын төлеу сияқты орынды мақсатта жиналса, ол жағдайда «кәфильдік» дұрыс болады. Өйткені, мұсылмандардың игілігі үшін басшының бұйрығын орындау бақуатты мұсылманға міндет (уәжіп) болмақ...2. 

«Әбу Жағфар әл-Бәлхи айтқан: «құзырындағы халықтың пайдасы үшін оларға зиян әкелер (салық түрі) - олардың мойнында өтелуі міндетті болған қарыз үкімінде әрі хараж салығы секілді алынуға лайықты" деген еді. Осыған қарай, машаихтарымыз да былай деген болатын: "Мәселен, жолдарды, көшелерді ұры-қарыдан қорғайдын сақшылардың айлығы сияқты халықтың игілігіне қарыштау үшін патшаның міндеттеген өтеулер (салық түрлері) жайында да жауап осы болмақ...»3.

Демек, заңды түрде міндеттелеген салық түрлері қоғам игілігі үшін жұмсалатындықтан, оны өтеп тұру әрбір азаматтың міндеті, ал одан жалтару күнә. Осы тұрғыда өкімет те өз кезегінде, халыққа барынша жеңілдік жасап, салық көлемін кәсіп иелеріне ауыр келмейтіндей мөлшерде бекіткені абзал. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


Әбу Дәуід: «Сүнән».
Ибн Ғабидин: «Раддуль Мұхтәр»; Ибн Нүжәйм: «әл-Бәхрур Роиқ» т.б.
Ибн Ғабидин: «Раддуль Мұхтәр» - Зәкәтуль Ъушр (үшір зекеті тарауы).

Абдусамат Қасым