«Рассрочканы кейбір ұстаздар болады дейді, кейбір ұстаздар болмайды дейді. Қайсысы дұрыс?»
«Рассрочканы кейбір ұстаздар болады дейді, кейбір ұстаздар болмайды дейді. Қайсысы дұрыс?»
11 ай бұрын 2969

«Рассрочканы» кейбір ұстаздар мүмкін, кейбіреуі мүмкін емес дейді. Басым жағын айтып өтсеңіздер! Ереке. 

Құрметті сауал жолдаушы! Алдымен мына нәрсені нақты біліп алуымыз керек: Ислам дінінде бөліп төлеу, яғни, «рассрочка» - адал. Мұнда Ислам ғұламалары арасында талас жоқ. Ондай сауда түрін Исламда «тәқсит» деп атайды1. Алайда, біздің елдегі қолданылып жүрген «рассрочка» түрінің Исламға томпақтау келер тұсы бары рас. Сол себепті, кейбір ұстаздарыңыздың «болмайды» дейтіні сондықтан. Қай жері томпақ?

Қазіргі сауда нарығындағы қолданылып жүрген «бөліп төлеу» түрінде - уақтысында төлей алмаған клиенттерге «пеня» төлеу шарты қарастырылған, ал бұл - Исламда дұрыс көрілмейді. Сол себепті де, Ислам ғалымдарының басым көпшілігінің ұстанымы бойынша, пеня төлеу шарты бар рассрочка түрі Исламға қайшы.

Бірақ, мұның да шешімі бар. Қандай шешім?

Ханбали мәзхабының ереже-қағидаттарында мынадай принцип кездеседі: «Сауда келісімшартының мазмұнына сай келмейтін шарттар өздігінен заңдылығын жоғалтып, жоқ есебінде болады, бірақ келісімшарт «сахих», яғни, заңды болып қала береді»2.

Енді Ханбали мәзхабының аталмыш принципіне сүйеніп айтқанда:

«Рассрочканы кешіктірмей, яғни, «пеняға» жеткізбей уақытында төлеп тұратын болса, алуға болады. Ал, уақытында төлей алмайтын болса, алуға болмайды».

Ханбали мәзхабының бұл принципі - бүгінде аса қажетті заттарын нақты ақшаға алуға жағдайы көтермейтін мұсылмандар үшін жеңілдік болары сөзсіз.

Тоқ етерін айтқанда: қазіргі таңдағы кешіктіргені үшін пеня төлететін рассрочка түрін - көпшілік Ислам ғалымдарының қағидаты бойынша, алуға болмайды. Алайда, Ханбали мәзхабы бойынша, пеня төлететін рассрочка түрін пайдалануға болады, бастысы - пеняға жеткізбей, қарызын айма-ай уақтылы төлеп тұруы шарт.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1Тақсит саудасы жайында толығырақ: «Исламдағы бөліп төлеу саудасының негіздері (рассрочка)» атты мақаламызды оқысаңыздар болады.
2Проф. Доктор Уаһбату Мұстафа әз-Зухайли: «Битоқатуль И’тимән». Дамаск-Сирия.

Абдусамат Қасым