Доңыз етінен жасалған шұжықты кескен пышақты қайта қолдануға бола ма?
Доңыз етінен жасалған шұжықты кескен пышақты қайта қолдануға бола ма?
11 ай бұрын 2202

Ассалаумағалейкум! Мендегі сұрақ, үйдегілер құрамында шошқа бар шұжық алған екен, енді сол шұжықты кескен тақтай, пышақ, қойған ыдыстарды жуғаннан кейін де пайдалануға бола ма? Шошқа еті тиген жерді ұстаса, сүрткеннен кейін таза болады ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Доңыз етін немесе доңыз етінен жасалған шұжықты кескен пышақты және тақтайды, еті салынған ыдыстарды арнайы ыдыс жуғыш сабындармен жуып, тазалап, қолдана беруге болады. Оның ағаттығы жоқ. Сахаба Саъләбә әл-Хұшәни (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.а.у.): «Біз Әһли кітаптармен көрші тұрамыз. Олар қазандарына доңыз етін қайнатып, ыдыстарына шарап құйып ішеді» - деп айтады. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) оған: «Егер басқа ыдыс тапсаңар сонымен ішіп, жеңдер. Ал басқа ыдыс таппасаңдар, олардың қолданған ыдысын жуып, сосын сонымен жеп-ішіңдер» - деп жауап береді1. (Әһли китап - кітап иелері, Християн мен Йудаизм).

Осы хадистен ұққанымыздай, доңыз еті қосылған шұжықты кескен пышақты және сол үшін қолданған өзге де ыдыстарды жуып, артынан қолдана беруге болады.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1Әбу Дәуід: «Сүнән», №3839.

Абдусамат Қасым