Қайырымдылық мақсатында лоторея ойнатуға немесе оған қатысуға бола ма?
Қайырымдылық мақсатында лоторея ойнатуға немесе оған қатысуға бола ма?
4 жыл бұрын 5095

Ассәләмуғалейкум уа рахматуллахи уа баракатух! Қайырымдылық үшін ұтыс билетін сатып алып, қатысса бола ма? Аллам жар болсын!

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ислам жүйесі экономика мен этиканы байланыстыруды көздейді. Ислам экономикасы ол – этикаға негізделген экономика болып табылады. Сол себепті, сахих бір хадисте былай делінген:

"إن الله طيِّب لا يقبل إلا طيبًا"

«Шынында Алла Тағала жақсы. Ол тек жақсы нәрсені ғана қабыл етеді»[1].

Сондықтан, қайырымдылық шарасын жүзеге асыру мақсатында арақ-шарап сату, құмар ойынын ойнату, өсім жеу деген сияқты нақты харам саналатын жолдарға жүгіну жарамайды. Лоторея ойнату да «құмардың» бір түрі. Оған (лотореяға) жеңіл қарап, «қайырымдылық шарасы» деген атпен немесе «гуманитарлық мақсатта» деген желеумен рұқсат беруге жол жоқ.

Осы орайда, қайырымдылық мақсатында ұтыс ойындарына жүгінетіндердің уәждері бойынша, қазіргі қоғамда қайыр сүйерлік, мейірімділік, ізгілікке құштарлық деген құндылықтар өлген, сондықтан да, қайырымдылыққа ақша жинау ісі, тек құмар ойындарын ұйымдастыру арқылы немесе харам көңіл-көтеру кештерін ұйымдастыру арқылы ғана жүзеге аспақ дейді.

Алайда, Ислам діні қоғамды бұндай жолдар арқылы қайыр іс істеуге шақырмайды. Ислам адамның табиғатындағы қайыр сүйерлік түйсігіне сенім артып, әлдебір қайырымдылық іс үшін, ұтыс ойындарын ұйымдастыру жолына емес, адамдарды жақсылыққа үгіттеу, адами құндылықтарды ояту, Аллаға деген, ақіретке деген иманын ояту деген сияқты таза жолдарға жүгінеді.  

Қорытындылай айтқанда, қайырымдылық мақсатында болса да лоторея билеттерін ойнату және ондай ұтыс ойындарға қатысу күнә, харам іс.


[1] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».

 

Абдусамат Қасым