Ассәләму'алейкум! Сұрағым: Шариғатмызға сай ер адам массаж жасауға бола ма? Массаж жасаудан табылған табыс халал ма? Тек, ер адамға жасасам және әурет жеріне қарамасам бола ма? Жандос.
|
Массаж жасаушы болып жұмыс істеуге бола ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Қадірменді сауал жолдаушы, массаж жасаушы болып жұмыс істеудің діни тұрғыда әбестігі жоқ. Бірақ, оның да өзіндік кейбір діни талаптары барын ескерген жөн. Атап айтсақ:
- Ер адам ер адамға ғана массаж жасауы тиіс. Ер адамның жұбайынан өзге бөтен әйелдерге массаж жасауына болмайды.
- Әйел адам, тек әйел адамға ғана массаж жасауы тиіс. Өз күйеуінен (не баласынан) өзге бөтен еркектерге массаж жасауы күнә.
- Массаж жасатушының ғаурат жерлері жабық болуы тиіс. Еркектің ғаурат жерлері – кіндік пен тізе арасы. Әйелдің әйел адамының алдындағы ғаурат жерлері – кіндік пен тізе арасы. Ғаурат жерлерге қарауға да, зәру жағдай болмаса, қол тигізуге де болмайды.
- Мұсылман әйелдерге массажды мұсылман әйел жасауы тиіс. Сондықтан да, мұсылман әйелдер массаж жасатарда мүмкіндігінше, массаж жасаушы мұсылман әйелді таңдағандары дұрыс.
- Әйел кісілер мүмкін болса, массаж салондарына бармай, мүмкіндігінше массажды өз үйлерінде жасатқандары абзал. Өйткені, дінімізде әйел баласының өз үйінен өзге жерлерде шешінулері құп көрілмеген (мәжбүр жағдайларда болады)[1].
Ең дұрысы - Аллаға мәлім!
[1] Әбу Дәуід: Сүнән. №4010 хадис.: «Қайсы-бір әйел үйінен басқа жерде шешінетін болса, онысы – Алла мен өзінің арасындағыны жыртқаны». Хадис.