FOREX саудасымен айналысуға бола ма?
FOREX саудасымен айналысуға бола ма?
8 жыл бұрын 9871

Салеметсіздер ме? Форекс саудасы, яғни валюталық сауда, трейдерлердің жұмысы, олардың табысы халал табысқа жата ма? Балхия.

Сәлеметсіз бе, Балхия!

FOREX нарығы бұл — халықаралық валюта нарығы. Әлемдік валюта бағамдарын сату (еуро, доллар, жапон иені, швейцар франкі т.б). Басқаша айтқанда, форекс нарығы – келешекте қымбаттауы мүмкін деген болжаммен бір валютаны сатып алып, уақыты келгенде қайта сату болып табылады. Шариғатта осыған ұқсас «сарф» деген атпен белгілі валюта айырбастау саудасы бар. Бірақ, форекс нарығының сарфқа келіңкіремейтін тұсы көп. Үкімін айтпастан бұрын, әуелі қысқа әрі қарапайым түрде форекс нарық түрінің қалай өрбитініне тоқтала кетелік.

Форекс нарығында трейдерлер, яғни осы саудамен айналысатын кісілер әуелі брокерлер (арадағы делдал) арқылы есепшот ашып, оған белгілі соммада ақша салады. Бұл ақша – трейдердің саудасы сәтсіз болған жағдайда брокердің келісім бойынша алуы керек үлесін жоғалтпаудың кепілі. Өйткені, әлемнің алпауыт валюталық нарығына қатыса алу үшін аталмыш брокер трейдерге «бонус» ретінде көп мөлшерде электрондық несие береді (кредитное плечо). Осы кредиттің көмегімен трейдер қомақты соммадағы валюта айырбасын жасай алады. Бұл дегеніміз, қаншалықты үлкен соммада келісім жасалған болса, бонус беруші брокердің де трейдерден алатын үлесі соншалықты көбеймек. Ал трейдердің болжамы қате шықса, брокер оның есепшотындағы ақшадан бәрібір белгіленген пайызын алады.  

Енді шариғаттың шеңберіне салатын болсақ:

Біріншіден, бұл нарықта трейдердің болжамы дұрыс келсе олжаға кенеледі, қия басса, шығынға ұшырайды. Яғни, болжамның арты бұлыңғыр. Мұны шариғатта «ғарар» (нәтижесі белгісіз) дейді. Ал ғарарға шариғат тыйым салған[1].

Екіншіден, брокер берген несиесі үшін (бонус) түскен пайдадан белгілі мөлшерде трейдерден үлесін алады. Ал, дінімізде «Қарыз беруші берген қарызынан пайда көретін болса, бұл – өсім» делінген.

Үшіншіден,  шариғат бойынша екі түрлі валютаны айырбас жасарда ескеретін ең басты мәселе - «қолма-қолдық» принципі. Дәлірек айтқанда, айырбас араға уақыт салмай, қолма-қол жасалуы керек. Ал форекс нарығында бұл принцип ескерілмеген. Осы мәселелерді назарға ала отырып айтарымыз, шариғат қолдамайтын бұл сауда түрімен айналыспаған дұрыс.

Және айта кету керек, Халықаралық Ислам фиқһ ұйымының 2006 жылғы, сәуір айының 8-12 аралығында Мекке қаласында өткізген кезекті он сегізінші отырысында,  FOREX сауда түрі шариғатқа сай емес деп танылған.

[1] Дәрими сүнәні, Китабуль Буюғ – 2554 хадис.
Бұл мәлімет - 2013 жылы muslim.kz сайтында жарық көрген жазбамның аз-маз толықтырылып, қайта жария етілген түрі.

Абдусамат Қасым