Дінде сыйға тартқан затын қайтарып алуына бола ма?
|

Біреуге сыйға тартқан затын қайтарып алу - мәкруһ болып есептеледі, яғни, дінімізде құпталмайтын, адамгершілікке теріс іс. Өйткені, пайғамбарымыз «сыйға тартқан затын қайта алу, ол - құсып, құсығын қайта жеген ит секілді» дей келе, берген затын қайта даулаудың мәкруһ екендігін білдіреді. (Өзге мәзхабтарда сыйға тартқан заты алушының меншігіне өткеннен соң, қайта талап етуі - харам).
Шариғатта біреуге бір затты сыйға тартуды «әл-Һибә» дейді. Сыйлық, садақа, һибә сөздері - мағыналас сөздер:
- Біреуге бір затты құрмет тұтқаннан немесе ұнатқаннан берсе, ол - сыйлық.
- Егер Алла ризалығы үшін, сауап үшін берсе, ол - садақа.
- Бұл екеуі де болмаса, ол - һибә.
Демек, бір затты әлдекімге тегін, еш өтеусіз тарту етуді «әл-Һибә» дейді екенбіз. Ислам экономикасында «әл-Һиба келісімі» деген атаумен белгілі болған бұл келісім түрінің өзіндік шарттары мен талаптары бар.
Сыйға тартқан затын қайтарып алу
Тарту еткен затын қайта алудың үкіміне келсек: Ханафи мәзхабында өз еркімен біреуге берген затын қайта талап етуді «мәкруһ» деп есептелгенімен, егер берген адамы келіссе, қайта «сыйға тарту келісімін» бұзуына құқылы (сот арқылы немесе өзара келісіммен бұза алады).
Бұл дегеніміз, егер алған адам келіссе, берген затын кері сұрауына құқы бар деген сөз (алған адамы келіспесе, сот арқылы алуға тырысуына болады). Бірақ келесі жағдайларда берген затын қайта талап ету құқығы жойылады:
- Сыйға тартқан заты сатылса, не, басқа біреуге берілсе, яки, жойылса.
- Заттың өзінде өзгерістер пайда болса (мысалы, үйге ремонт жасауы т.б.)
- Сыйға тартқан адамы қайтыс болып кетсе.
- Сыйға тартқан затының өтемін алған болса1.
1Уһбәту Зухәйли (рахимаһуллаһ): «әл-Фиқһуль Исләми уә әдилләтуһу», 5\5 бет.