Депозиттің шариғаттағы үкімі қандай?
Депозиттің шариғаттағы үкімі қандай?
8 жыл бұрын 49628

Сұрақ№1: Сәлеметсіздер ме! Осы депозиттің үкімі дінімізде қандай? Депозитке ақша салса бола ма? Азхар

Сұрақ№2: Әссәләмуғалейкум! Қояйын деген сұрағым: депозитке салынған ақшаның үстіндегі пайыздық үлесі халал ма? Озатбек

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Жалпы мәлімет:

Депозит (deposit) ағылшыншадан аударғанда– сақтауға берілген зат дегенді білдіреді[1].

Депозит дегеніміз банкке не басқа да кредиттік мекемеге пайда алу үшін берілетің ақша сомасы. Пайда мөлшері депозиттің пайызымен аңықталады. Мысалы депозиттің жылдық мөлшері 10% болса, онда депозитке салынған әрбір 1000 тенгеден жылына 100 тенге пайда түсіріледі.

Депозит банктердің негізгі пайда құралы боп табылады. Банктер халықтан белгілі бір пайызбен депозит арқылы ақша жинайды да, кейін өзгелерге жоғарырақ пайызбен бұл қаржыны таратады[2].

Депозиттер мынадай түрлерге бөлінеді:

  1. Талап етiлмелi депозиттер (ағымдағы шот/текущий счет);
  2. Мерзімді депозиттер (срочный вклад);
  3. Жинақ салымдары;

Біріншісінде, клиент банкте өзіне жеке шот ашып, сол шотта белгілі соманы пайызсыз сақтайды. Мұнда банк тарапынан ешқандай пайыз қосылмайды. Шот иесі салған ақшасын кез келген уақытта, кез келген сомада шешіп алуына құқылы.

Екіншісінде, (мерзімді депозит) банктерде белгілі бір мерзімге және пайыз төлеу шартымен салынған уақытша бос ақша қаражаттары. Салымның бұл түрінде әуел баста салынған соманың мөлшері сақталып, уақыты келгенде, салымшыға үстеме пайызымен қайтарылады. Мерзімді депозитте салымшының салған ақшасына қосымша салым салуына немесе салған ақшасынан жырмалап уақытынан бұрын алуына жол берілмеді.

Бұл депозит түрі алдын ала хабарлаудан кейін немесе мерзім бойынша алынуы мүмкін. Егер мерзімге дейін бұл салымды алатын болса, онда шот иесі айып-пұл төлеуге міндетті.

Үшіншісі, жинақ салымдарының тұрақты мерзімі болмайды. Бұл салымда мерзімді депозиттерге қарағанда төменгі мөлшерде пайыз төленеді. Жинақ салымдары жинақ кітапшалары негізінде толтырылады. Отандық банктік тәжірибеде жинақ шоттар тек жеке тұлғаларға ғана ашылады[3].

Шариғаттағы үкімі:

«Аталмыш депозит салымдары негізінен алып қарағанда, салымшы тарапынан банк иесіне берілген қарыз ақша болып табылады» - дейді белгілі фиқһ білгірі, мархум Уаһбату Зухайли. – «Өйткені, өсіммен жұмыс істейтін банктер салынған ақшаны тек өзінде сақтауды ғана көздемейді. Оны өзгелерге қарызға беріп, үстеме пайызбен қайтарып алу үшін қолданады. Және, салымшыға үстеме пайызбен қайтарып отырады... Мұндай мәміле, Ислам шариғатында  харам болып саналатын - өсім жеу түсінігіне кіреді...»[4]

Демек, депозитке ақша салған мұсылманның бұл мәмілесі «пайызға қарыз» берумен пара-пар екен. Бұл Құранда харам етілген «несие пайызына» жатады.

Қысқасы, жоғарыда айтылған депозит түрлері – өсім жеу болып табылады. Өсім жеудің үкімі – харам. Тек, оның ағымдағы шот түрі (текущий счет) үстеме пайызсыз болғандықтан, Ислами банк қызметі жоқ аймақтағы мұсылмандарға ақшаларын сақтау үшін, аталмыш қызмет түрін қолдануларына рұқсат деген ғалымдар.

«Әйтсе де, мүмкін болып жатса, банктерге тиесілі «сейфтік сақтау» ақылы қызметін пайдаланған абзалырақ. Мұнда сейфтің кілті иесінің қолына беріледі. Осылайша ақшасы өзгелердің ақшасымен араласпаған болады» - дейді проф.доктор У.Зухайли (1932-2015 ж.)[5].


[1] Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Экономика және қаржы.
[2] http://economica.kz/
[3] http://malimetter.kz/
[4] Проф.Доктор У.Зухайли: «әл-Муғамаләтуль Мәлияутуль Муъасыра». 458 бет.
[5] «Фәтәуә Муъасыра», 132 бет.

Абдусамат Қасым