Ассалаумагалейкум! Сауда мақсатында жазда арзан кезінде бидай сатып алып, кейін қыс кезінде бағасы өскенде сатсам бола ма? Саят
Бидайды қымбаттағанша сатпай сақтап қойсам күнә мә?
|
Уағалейкумсалам, Саят! «Бағасы қымбаттағанда сатамын» деген мақсатта мал мен адам азығын сақтап қоюды шариғатта «Ихтикәр» дейді. Бұл әрекет сол жергілікті тұрғындарға зиянын тигізер болса тыйым салынады[1]. Атап айтсақ: әлгі заттың жоқтығы себепті адамдар қиындыққа, тарлыққа тап болып жатса; базарда өте аз болғаны себепті бағасы шарықтап кетіп жатса т.б. зияндар. Мұндай жағдайда халыққа қажетті затты саудаға салмай, сақтап қою (қымбаттасын деп) күнә болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) олай істегеннің лағынетке ұшырайтынын айтқан[2].
Ихтикәр тек азыққа ғана емес, адамдарға қажетті өзге тауарларға да қатысы бар.
Қазіргі таңда жаз кездері бидайды әлгіндей сақтап қою адамдарға аса қиын жағдайға түсіреді деп ойламаймыз. Өйткені Аллаға шүкір, бидай өнімі елімізде баршылық. Сол себепті сіздің әлгі әрекетіңіз күнә болмас деген пікірдеміз. Ең дұрысы – Аллаға мәлім.
[1] Биная шархул Хидая – 12/209 бет.
[2] Ибн Мәжә, Тижәрат – 2153.