Арақтың бөтелкесін жинап сатсам, табысым адал бола ма?
Арақтың бөтелкесін жинап сатсам, табысым адал бола ма?
1 жыл бұрын 2369

Ассалаумағалейкум! Мен шыны бөтілкелер, банкілер қабылдап, бізнес жасайын деген едім, оған көбіне арақтың және сыраның бөтілкелерін әкелетіні белгілі, осы кәсібімнің үкімі қандай болады?

Әлхамдулилләһ. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ескілікті Ханафи фиқһ кітаптарында жүзімді шарап жасаушыға сатуға болады деген тоқтам жасалған. Себебі, жүзімнің өзімен тікелей күнә іс істелмейді, оны сығып, ашытып, шарап істегеннен кейін харам іске айналады. Сондықтан да, Әбу Ханифа және одан кейінгі Ханафи ғалымдары жүзімнің өзін шарап жасаушыға сатуға болады деген болатын1. Бірақ көпшілік ғалымдар, соның ішінде Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед те бар, шарап жасайтынын біле тұра оған жүзім сатуға болмайды харам дейді. Өйткені бұл да күнәға қол ұшын бергенмен тең, алайда, алушы кісінің шарап істейтінін нақты білмесе, ондайда сатуға болады деген еді2.

Ендеше, көпшілік ғалымдарынша арақтың бөтелкесін ішімдік шығаратын жерге өткізуге болмайды, ал Әбу Ханифаның ережесіне сүйенсек ішімдіктің бос бөтелкелерін жинап өткізудің күнәсі жоқ, себебі бөтелкенің өзімен күнә іс істелмейді. Күнә - бөтелкенің ішіне құйылған ішімдік. Сондықтан да, ішімдіктің бос бөтелкесін жинап сатқан жағдайда күнә сатушыға емес, сол бөтелкеге шарап құйып сатқанға болмақ. Оның үстіне сіздің жағдайда тек арақ бөтелкесі емес, өзгеде шишаларды жинап өткізесіз. Сондықтан да, сіз өткізетін жерде бөтелкелерді ерітіп, басқа нәрсеге қолдану ықтималдығы да жоқ емес. Сол себепті, әртүрлі шишаларды (бөтелке, банкі т.б.) қабылдаған жер дәл ішімдік құю үшін қолданбауы да мүмкін, яғни, нақтылық жоқ, күмәнді. Бұлай болған жағдайда, көпшілік ғалымдардың пікірінше де сатудың күнәсі болмас деген пікірдеміз. Аллаһу аъләм. Ең дұрысы Аллаға мәлім! 


1Бәһруддин ал-Айни: «әл-Бинәя шәрхуль Һидая». әл-Бәйъ. Әл-Ъинаб.
2әл-Мәусуъатуль Фиқһиятуль Кувайтия. Бәйъуль ъасыйр.

Абдусамат Қасым