Зекетке байланысты бірнеше сұрақ
Зекетке байланысты бірнеше сұрақ
3 жыл бұрын 4498

Ассаламуғалейкум! Зекетке қатысты сұрағым бар еді. Бүгінде ақшаның мөлшері 1,3 миллион болса, нисабқа жететіндіктен, зекет парыз болады,  ол жағын білемін. Енді сол ақшаға бір жыл толды ма, жоқ па, білмей тұрмын... Бір жылға толды делік, жыл бойы ол ақшаға ақша қосылып, бір жылдан кейін менде 6.5 миллион болса, сонда мен қайсысынан беремін, бастапқы 1,3 миллионнан ба, әлде 6.5 миллионнан ба? Осыны есептеп бере аласыз ба?  

- Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Нисаб мөлшеріне жеткен ақшадан зекет парыз болуы үшін бір жыл толған болуы керек, яғни, қамари жыл. Және де жыл бойы нисабқа қанша ақша қосылған болса, зекет берерде соншасынан зекет беріледі. Мысалы, сіздің жыл басында нисаб мөлшеріне жеткен 1,3 миллион артық теңгеңіз болған болса, бір жылдан кейін ол - 6,5 миллион теңгеге артқан жағдайда, зекетті 6,5 миллионнан бересіз.

Ақшалай зекетті қалай есептеуге болады. Мысалы, 6,5 миллион теңгесі бар адам қанша теңге зекет беруі керек? 

- Қажеттілігінен артылып жиналған 6,5 миллион теңгесі бар адам, ол соманың қырықта бірін зекетке береді, яғни, 2,5 пайызы. Ол шамамен 162 500 теңгеге тура келеді.  

Зекетті жағдайы төмен туысқа беруге бола ма, әлде мешітке беру керек пе?

- Зекет ақшасын жағдайы төмен туысқа беру – екі есе сауаптырақ. Оның екі есе сауабы болатындығын Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде айтып кеткен. Жалпы алғанда, зекет ақшасын Құранда айтылған зекет берілетін орындардың қай-қайсысына берсеңіз де, зекет парызын өтеген болып саналасыз. Бір зекет ақшасын – бірнеше мұқтаж жанға бөліп берсеңіз де болады.

Зекетті ата-анаға бергені есептеле ме?  

- Ата-анасына, ата-әжесіне, нағашы ата-әжесіне, өзінің туған балаларына, немерелеріне, шөберелеріне т.б. араларында ұрпақтық байланыс барларға зекет ақшасын бере алмайды, сондай-ақ, күйеуі әйеліне, әйелі күйеуіне зекетін бере алмайды, берген жағдайда зекет болып есептелмейді, садақамен тең боп, зекетін қайта беруі тиіс. Бірақ, тұрмысы нашар аға-інісіне, әпке-қарындастарына, күйеубаласына, келініне зекетін берсе болады.

 

Абдусамат Қасым