Үй аламын деп жинаған ақшадан зекет берем бе?
Үй аламын деп жинаған ақшадан зекет берем бе?
10 жыл бұрын 7159

Үй алу секілді тұрмыстық қажеттілікке қол жеткізу үшін жинаған ақша «нисаб мөлшеріне» жетіп, арадан бір жыл өтсе, сол ақшадан зекет беріле ме, жоқ па деген сұраққа Ханафи ғалымдары екі түрлі тұжырым білдірген:  

  • Бірінші тұжырым бойынша, өзінің тұрмысына керекті асли қажеттілік, яғни, негізгі қажеттілігіне жұмсаймын деп ұстап отырған ақшасынан зекет берілмейді. Өйткені, асли қажеттілігіне жұмсалатын ақша жоққа есеп (لأن المشغول بها كالمعدوم).
  • Екінші тұжырым бойынша, мейлі сауда үшін, мейлі қандай да бір қажеттілік үшін жиған ақша нисаб мөлшеріне жеткен болса және оған бір жыл уақыт толса, одан зекет беріледі.

Екі тұжырымды ұштастыра келе айтарымыз, үйі жоқ адам үй аламын деген ниетпен жинаған ақшасынан зекет берілмейді десек, қателеспеспіз. Себебі, зекет берудің парыз болу шарттарының бірі «негізгі қажеттілігінен артылған» болуы керек. Кейбір Ханафи ғалымдары: «Негізгі қажеттіліктеріне жұмсаймын деген ниетпен күміс дирһам ақшалары болып, арадан бір жыл өтсе, одан зекет беру уәжіп емес», - деген[1]. Баспана да негізгі қажеттіліктен саналатындықтан, оған жинаған ақша зекетке тән емес. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Ибн Ғабидин: «Раддуль Мұхтар»  – 3 том. 178 бет. 

Абдусамат Қасым