Табыс әкелмей құр тұрған зауыттан зекет беріле ме?
Табыс әкелмей құр тұрған зауыттан зекет беріле ме?
7 жыл бұрын 4757

Әссәләмуғалейкум! Дұға тілектер қабыл болсын. Зекетке қатысты бір сұрақ болып тұр. Мысалы, біреудің зауыды болса. Ол табыс әкелмесе де зекетін жылда беріп тұра ма? Былайша айтқанда, иелігінде құнды дүниесі болады. Сол дүниесінің табыс әкелуі, не әкелмеуі зекетке қаншалықты әсері бар? Мынандай пікір айтылды: Исламда оны істету керек. Әйтпесе, сату керек деп. Құдайберді.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

1965 жылы «Мұсылман ғұламалар кеңесі» қабыл еткен қаулы бойынша, жалға берілетін ғимараттар мен зауыт-фабрикалардың, кеме мен ұшақтардың (т.б. осы сияқты табыс салаларының) өздерінен емес, олардан түскен «таза табыстан» зекет беру парыз. Әрине егер нисаб шарттары табылып[1], арадан бір жыл өткен болса... Берілетін зекет мөлшері – жыл соңында таза табыстың қырықта бірі (2,5%)[2].  

Бүкіл әлемдік фиқһ ұйымының қабылдаған қаулысында да осы айтылған[3].

Осыған орай, еш табыс әкелмей тоқтап тұрған зауыттың құр өзінен зекет берілмейді. Сондай-ақ, зауыт жұмыс істеп тұрған күннің өзінде түскен пайдасы шығыннан артылмай жатса да зекет беру міндет емес.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] Яғни, ең кемі 85 грамм алтыңға тең келі, негізгі қажеттілігінен артылған болу, шығындары шегерілу т.б.
[2] Проф.Доктор У.Зухайли: әл-Фиһқуль Исләми уә әдилләтуһу. 2/865 бет.
[3]  Ислам фиқһ ұйымының 1985 жылғы 2-ші кезекті отырысы. Жидда.

Абдусамат Қасым