Қарызға берілген ақшамнан зекет беріле ме?
Қарызға берілген ақшамнан зекет беріле ме?
6 жыл бұрын 4988

Ассаламу алейкум! Қазіргі таңда зекетке беретін ақшам қарызда жүр. Қалай берсем болады?  Нұрлыбек.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи мәзхабында зекет тұрғысынан берешектер – қуатты берешек, орташа берешек және әлсіз берешек болып бөлінеді.

Қарыз берілген ақша мен сауда тауарларының берешегі Ханафи мәзхабы бойынша «қуатты берешек» категориясына жатады. Бұндай берешектер -  қарыз алушы тарапынан «алдым» деп расталса, немесе алғаны турасында айғақ болса, түгелдей қайтарғаннан кейін сол жылдың зекеті және қарызда жатқанына бірнеше жыл өткен жағдайда өткен жылдардың да зекеті есептеліп беріледі. Мысалы, 2 000 000 тенге алашағы бар кісі, онысын 2 жылдан кейін қайтарса, сол екі жылдың зекеті есептеліп берілуі керек.

Кейде борышкер алған қарызын бөліп-бөліп беруі мүмкін. Мұндайда берілген сома ең аз нисаб мөлшерінің бестен бір  бөлігіне (1/5) тең болуы керек, олай болған жағдайда алған ақшасының 2,5 пайызы (1/40) зекет ретінде беріледі. Мұны көне кітаптарда: «Егер, (қуатты) қарыз - нисаб мөлшеріне жетіп тұрса, әрі бір жылға толған болса, зекетін беру парыз, бірақ бірден (тез арада) емес. Онысынан 40 дирхам қайтарып алған сайын, бір дирхам зекеті беріліп отырады» деп түсіндіреді. Одан аз алған жағдайда зекеті бірден берілмейді, бірақ зекеті берілу керек өзге дүниелері бар болса, соларға қосып есептейді[1].

Сондықтан, сіздің жағдайда қарызға берген ақшаңыз нисаб мөлшеріне жетіп тұрса, оны қайтарып алмайынша зекетін беру шарт емес. Қашан қайтарып алсаңыз, жалпы сомадан 2,5 пайызын зекет ретінде бересіз. Осы орайда, қарызды қайтарам дегенше арадан бірнеше жыл өткен болса, өткен жылдарға да зекеті есептеліп берілу керек. (Имам Мәлик бойынша, өткен жылдарға зекет берілмейді). 

Бұл айтқанымыз нисаб мөлшеріне жетіп тұрған қарызға байланысты, ал нисаб мөлшеріне жетпеген қарыздан зекет берілмейді. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтар. 5/568 бет.

Абдусамат Қасым