Қарызға берген ақшамды алмай, оны зекет ретінде есептесем бола ма?
Қарызға берген ақшамды алмай, оны зекет ретінде есептесем бола ма?
9 жыл бұрын 8166

Ассалаумағалейкум! Сұрағым мынадай: 
1. Зекет мөлшеріндегі ақшаға мешіт кілемін ауыстырып берсем, зекет мойыннан түсе ма, жоқ әлде жай садақа болып қала ма?
2. Екіншіден, басқа бір кісіден ала алмай жүрген ақшамды да зекет есебінен кешірсем, яғни "қайтармай-ақ қой, қарыздың осынша мөлшерін зекетім есебінен кешірдім" десем бола ма? Себебі ол кісі менен басқа адамдарға да қатты қарызданып қалған. Ұлан.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті Ұлан, зекеттегі басты мақсат – тәмлик (меншік иесі ету). Бұл - зекетке бөлінген дүниесін, өзінің меншігінен шығарып, мұқтаждардың иелігіне түбегейлі беруді білдіреді. Зекеттен түскен ақшаны мешіт, медресе т.б. қоғамға қажетті ғимараттарды тұрғызуға жұмсамайды. Себебі, мұнда белгілі бір мұқтаж жанның иелігіне тапсыру деген нәрсе жоқ[1].

Сондықтан да, зекеттің ақшасына мешіт кілемін ауыстырып берсеңіз оныңыз зекет ретінде есептелмейді, садақаға жатады. Зекет берілетін орындар Құран Кәрім, Тәубе сүресі 60-аятта бекітілген. Олар мыналар: Па­қыр­лар[2]; Міс­кін­дер[3]; Зе­кет жи­науға та­ғайын­дал­ған ар­найы адам­дар; Муәл­ла­фа­тул-қу­лууб[4]; Құлдар; Қарызға батқандар; Алла жолындағылар; Қар­жы­ла­ры бі­тіп, жол­да қал­ған­дар[5].

Екінші сұрағыңызға келер болсақ, Ханафи мәзхабының және өзге мазхаб ғұламаларының тоқтамы бойынша, өзгедегі алашағын кешіріп, оны зекет ретінде есептеу – зекет бергенге жатпайды. Бұны Ханафи ғалымдары: «Қарыз дегеніміз зат емес, ол – қарыз берген кісінің қақысы. Қақылар зекет ретінде берілмейді»[6], - деп түсіндірген. 

Ендігі жерде, ол кісіге берген қарызыңыздан мүлдем бас тартып, кешіре аласыз немесе жағдайы түзелгенге дейін мәулет беруіңізге болады, оның өзі сауап. Бұл жайында Құран Кәрімде Жаратушымыз былай деген:

«Егер қарыздар адамның қолы қысқа болса, жағдайы түзелгенше тоса тұрыңдар. Біле-білсеңдер, қарыздарыңды әлгі бейшараға садақа етіп, кешіріп жіберсеңдер, одан да жақсы»[7].

 Ал, зекетіңізді болса, бөлек беруіңіз тиіс.


[1] Марғинани, әл-Хидая – 1/286 бет.
[2] Па­қыр деп – ни­сап мөл­ше­рі­не же­те­тін байлы­ғы жоқ адам­дар­ға айтылады.
[3] Міс­кін деп – тү­гі жоқ адам­дар­ға айты­ла­ды.
[4] Мұ­сыл­ман бо­лу ба­қы­ты­на әлі ке­нел­ме­ген кей­бір адам­дар­дың жа­ман­шы­лы­ғы­нан сақ­та­ну үшін жә­не Ис­лам ді­нін жа­ңа­дан қа­был­да­ған има­ны әл­сіз адам­дар­дың, тіп­ті әлі Ис­лам­ды қа­был­да­ма­ған кей­бір адам­дар­дың кө­ңі­лін жі­бі­ту үшін Пай­ғам­ба­ры­мыз (с.а.у.) ке­дей бол­сын, ау­қат­ты бол­сын, олар­ға зе­кет­тен бел­гі­лі есе бе­ріп отыр­ған.
[5] М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы. Ислам ғылымхалы.
[6] Әбу Бәкір Ахмәд ибн Али ар-Рази әл-Жәссас: Ахкамул Құран - Бақара сүресі, 280-аят.
[7] Бақара сүресі, 280-аят.

Абдусамат Қасым