Пітір садақаны кімдер үшін берем?
Пітір садақаны кімдер үшін берем?
11 жыл бұрын 5632

Сәлеметсіз бе? Менің сауалым пітір садақасына қатысты. Жылда садақаны анам беретін. Биыл алғаш рет ораза ұстаған соң өзім бергім келеді. Алайда, кім үшін, яғни, тек өзім үшін бе әлде, әке-шешем мен бауырларыма да берген дұрыс па сонысын білейін дегем. Өлілерге де пітір садақасы беріледі дегенді естуім бар еді, анығын айтып берсеңіздер екен. Алдын-ала рахмет. Гүлнәфиз.

Сәлеметсіз бе, Гүлнәфиз! Пітір садақасын беру әрбір дәулетті мұсылман ер мен әйелге – уәжіп. Сахаба Абдулла ибн Омардан жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.а.у) әрбір ер және әйел мұсылманға пітір садақасын беруді немесе рамазан оразасын ұстауды міндет етті...»[1], – делінген. Әбу Һурайрадан риуаят етілген тағы бір хадисте: «(Пітір) Садақаны беру дәулетті адамдарға міндеттеледі», – деген.[2] Дәулетті ер кісіге өзімен қоса кәмелетке толмаған балалары үшін де пітір беруге міндетті. Бірақ әке-шешесіне, үлкейіп кеткен балалары үшін, бауырлары үшін пітір садақа беру міндет емес, алайда олардың орнына да сауап үшін беруіне болады[3].

Сол секілді әйел кісі тек өзі үшін беріп, басқа жан үшін, олардың атынан пітір садақа беруге міндеттелмейді. Дегенмен, сауап үшін беріп жатса ол басқа. Ендеше, сіз өзіңізбен қоса сауап үшін ата-анаңыздың да орнына, яки бауырларыңыз үшін де беруіңізге болады, бірақ міндетті емессіз. Өлген кісілер үшін пітір садақа беру де міндет емес.

[1] Бухари, Китабуз закат - 1440 хадис.
[2] Фатхуль Бари, Китабуз Закат – 1432 хадис түсіндірмесі.
[3] Марғинани, Хидая: Садақатуль Фитр – 1/290-293.; Бадруддин Айни, Биная – 3/489 бет.; Әл-Касани, Бадаиғ – 2/535 бет.

Абдусамат Қасым