Пітір садақаны ақшалай беруге болады дегенге дәлел бар ма?
Пітір садақаны ақшалай беруге болады дегенге дәлел бар ма?
3 жыл бұрын 3998

Ассаламу алейкум! Пітір садақасын ақшалай беруге дәлелдер бар ма екен? Ерлан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Имам Әбу Юсуфтың (рахимаһуллаһ) мынадай сөзі бар:

«Ұн - бидайдан артық. Дирхам - ұннан артық»[1]. Яғни, пітірге ұн бергеннен гөрі, ақшалай берген абзалырақ деген сөз. Өйткені, көбінесе ақшалай құнын беру – дәнді-дақылдардың өзін беруден қарағанда мұқтаж жанның қажеттілігін қамтамасыз ету тұрғысынан әлдеқайда оңтайлы болып келеді. 

Пітір садақаның ақшалай құнын беруге болады дейтіндер: Халифа Омар ибн Абдульазиз, Хасаналь Басри, Имам Суфянус Сәури, Имам Ағзам Әбу Ханифа, Имам Бұхари (рахматуллаһи алейһим әжмәъин)[2].

Оған дәлел ең әуелі Алла Тағаланың мына бір қасиетті аяты:

«Олардың мал-дүниесінен садақа ал. Ол арқылы оларды тазартып, берекелендіресің...»[3].  

Мал-дүниеден алынған затты да «мал-дүние» десек, ақша да мал дүние саналады. Осыдан да пітірді ақшалай берудің күнәсі жоқ екендігін ұғынуға болады.

Екінші дәлел – «Сахих Бұхарида» келтіріледі. Ондағы риуаятта айтылғанға қарағанда, сахаба Мұъаз ибн Жәбәл Йемен жеріндегі халықтан зекет (немесе пітір) алатын кезде тары мен бидайдың орнына мата мен киім-кешек алатын болған. Өйткені, ол дәуірде Йемен халқы тоқыма мен тігін ісінде әйгілі еді. Садақаны мата мен киім-кешек түрінде алу Йемен халқы үшін жеңіл түсетін. Оның үстіне, Медине халқының мата мен киімге деген қажеттіліктері дәнді-дақылдарға қарағанда көбірек болған. Сол себепті, дәнді-дақылдардың орнына олардың құнына шақтап киім алуының себебі сол. Бұның өзі, пітірде болсын, зекетте болсын, ақшалай құнын есептеп берудің рұқсат екендігін көрсетеді[4].

Оның үстіне, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пітір садақаны беру жайында айтқан хадисінде:

«Осындай күнде оларды (пақырларды) қайыр тілеуге мұқтаж етпеңдер» - деген сөзі бар.

Біреуді мұқтажсыз ету –  оған азық-түлік берумен болатыны сияқты, ақшалай құнын беру арқылы да мұқтажсыз етуге болады. Тіпті, ақшалай беру – пақыр үшін қажеттілігін қамтамасыз ету жөнінен қарағанда әлдеқайта оңтайлы.

Міне, осындай риуаяттарға қарай отырып, Әбу Ханифа және Ханафи ғалымдары пітірді ақшалай беруге болады деген тұжырымға келген. Қазіргі таңда, көп дін ғалымдары бұл мәселеде Ханафи мәзхабының пәтуасын дұрыс көреді. Бұған байланысты Шейх Юсуф әл-Қардауи еңбегінде былай деген:

«Егер, кедейлерге немесе зекет берушілерге залалы болмаса, қажеттілік пен маслахат, біздің заманда, зекеттің (пітірдің) құнын беруді керек еттіреді»[5]. 


[1] Имам Мәрғинани: «әл-Һидая», Бәдруддин әл-Айни: «әл*Биная» - 3/499 бет.
[2] Доктор Юсуф әл-Қардауи: «Фиқһуз-Зәкәт». 1/814.
[3] Құран Кәрім: «Тәубе» сүресі, 103 аят.
[4] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» - Китабуз Зәкәт. (тәълиқан).
[5] Доктор Юсуф әл-Қардауи: «Фиқһуз-Зәкәт». 1/819.

Абдусамат Қасым